КҮНӘ

(парсы. – қылмыс, айып) – діни ұғымда шариғат заңдарына, діни қағидаларға қарсы іс–әрекетті, мінез–құлықты білдіретін этик. категория. Ислам дінінде ең үлкен күнә – Алла Тағаланы жоққа шығару немесе оған тең келетін құдірет иесі бар деп сену. Ислам дінінде үлкен К–лар қатары туралы әртүрлі көзқарастар бар: ата–ана қарғысына ұшырау, сиқырмен айналысу, кісі өлтіру, жалған куәгерлік жасау, ұрлық, парақорлық, құмарпаздық, арам етілген нәрсені пайдалану, екіжүзділікке салыну сияқты мінездер. Кейбір исламдық ғалымдар үлкен К–лар санын 300–ге дейін жеткізеді. Ал кіші К–лар саны шексіз болып есептеледі. Құранда: “К. істеуге және шектен шығуда көмектеспеңдер. Алладан сақтаныңдар, Алланың жазасы қатты болады” – деп келтіріледі. Сондықтан ислам діні “…Алла сендердің К–дан аулақ болғандарыңды, мүлде пәк болғандарыңды қалайды” (Ағзаб сүресі, 33–аят) тазалықты баса дәріптейді. Әбу Ханифа К. жасаған адамның иман шеңберінен мүлдем шығып кетпейтіндігі туралы көзқарасты көрсетеді. Ол: “Иманы бола тұра кейбір парыздарды орындамаған адам К–һар мумин болып табылады” – деп айтады. Исламда К–ні адам нәпсіге жеңіліп жасайтыны баса айтылады. Осыған орай Әбу Ханифа: “Ол Алланы жақсы көрмегендігінен емес, нәпсісінен жеңіліп қалғандықтан Аллаға қарсы келеді” – деп жауап береді. К. муминге зиян келтіріп, тозаққа кіруіне себеп болады деп есептеледі. Аллаға және пайғамбарға иман етуде К–лі болған адаммен, оларға сеніп, иман еткен адамдардың К–сі бірдей емес. Әл–Ашари бойынша, кейбір үлкен К. жасаған муминдер пайғамбардың шапағатымен тозақтан құтыла алады. Соңғы шешім тек Алладан болады, Алла қаласа жазалайды, қаласа кешіреді. Хадис бойынша, “К–нің жуылуы – шын жүректен өкіну” болып табылады. Ислам дінінде К. істегені үшін шын жүректен өкініп тәубесіне келген адам Алланың ықыласына бөленетін болады. Тағы бір хадисте: “…Дін жолындағы күресте қиыншылыққа сабырлы болып, Алла тағаланың сауабымен үміт етсең, артқа шегінбей, тек алға қарай ұмтылып жан тапсыратын болсаң К–ларың кешіріледі” делінген. Ислам дінінде ата–ананы қадірлемеу – ауыр К. болып есептеледі. Осыдан ата–анаға не істесең, алдыңа сол келеді, әкесін сыйламағанды, баласы сыйламайды деген бар қазақ әдебінде. Ата–анаға қатігездік жасаған адам дүниедегі ең К–сі көп, адамдық ардан безген жан болып саналады. Сонымен бірге, мұсылмандық қағида бойынша, патша адамды К–лі іске бұйырса, оны орындамауға болады және оның әміріне көнбеуге болады. Ф.Ницше “К–нің әлемге енуін” тек ақылдың адасуымен байланыстырады.

К. ұғымы халық санасында ислам діні арқылы кең жайылған. Бұл Алланың қаһарына ұшыраған адамның басынан жиі кездеседі.  К–ға жалпы адамгершілікке жатпайтын көптеген теріс қылықтар (нәпсіқұмарлық, арамдық, азғындық, опасыздық, екіжүзділік, жауыздық, т.б.) жатады. Өз К–сін кешіру үшін адам қателігін мойындап, ізгілік бағытында аянбай қызмет етуі тиіс. К–һарлық кешірілуі екі талай, сойқан мінездің көрінісі болса, кінә күнделікті өмірде жиі кездесетін құбылыс. Кінәні әдетте ықылас қойып түзеуге, жуып–шаюға болады. Кей жағдайда дұрыс секілді көрінген іс–әрекеттердің өзі де адамдарды кінәлі етіп қоюы мүмкін. Мәселен, аңдамай сөйлеу, қателесіп кету, осындай қылыққа жатады. Кінә мен К. ұғымдары қазақ ақын–жазушылары мен даналарының қашанда жиі талқыланған мәселесі болып келген. Оларды қазақ өмірінің айнасы деп қарастыруға болады. Мысалы, Шәкәрім өз заманындағы теріс қылықтармен күрес жүргізе отырып, ол замана мәселелерін, адамның өміріндегі адал еңбек пен маңдай тер төгіп, жасаған кәсіптің орны мен маңызын, адамзат қоғамының дамуы барысындағы өнер мен ғылымның, мәдениеттің пайдасын шабыттана айтып, мынадай тұжырым жасайды: «Өзінің қадір–қасиетін жақсы білетін адам өзгелерді де қорламайды. Ол ісінде де, сөзінде де ешқашан пасықтыққа бармайды, ол әрқашанда сабырлы, ұстамды болады. Өзін құрметтейтін адам өзі барда өзгелердің де өзін лайықсыз ұстауына, бейпіл сөздер айтуына немесе дауыс көтеруіне жол бермейді. Ол өзі орындай алмайтын жеңілтек уәделер бермейді. Ол берген сөзінде тұру қажет екенін біледі. Өзінің қадір–қасиетін сезінетін адам сенімді бағалай біледі».

К. ұғымы әр мәдени–өркениеттік жүйеде, әр түрлі мазмұнға ие болуы мүмкін. Мысалы, христианды мәдениетте басты К–ларға жататындары: өзін жоғары санау («грех гордыни»), пайдакүнемдік («грех корысти») және нәпсіқұмарлық («грех сладострастия») болып есептелсе, онда мұсылмандық өркениетке бұлардың қатарына шарап ішу, бес парызды орындамау, несиеге берген ақшадан пайда табу т.т. қосылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *