КҮЛКІ

адамның шындықты арнайы, ашық–жарқын бағалайтын импулсивті, төкпелі реакцияның мәдени–психологиялық феномены; іштегі сезім мен көтеріңкі көңіл–күйді сыртқа шығарудың түрі; сөз ұғарлық сұхбаттасудың шынайы да ширақ тәсілі; сыр мен сымбатты әсерлі де бастырмалата жеткізетін жарасымды сәт. Күлмегеннің көңілі де, күні де қараң. К. ашық көңілдің тынысы, жадыралы жан дүниенің айнасы, ақжарқын әдеп–мінездің айғағы, ойын–сауықтың, әзіл–қалжыңның жаңғырығы. К. органикалық эволюция барысында қалыптасатын табиғаттың тартуы, дені сау адамның өсімтал көңіл–күйінің қуанышы, адамның ішкі дүниесінен қайнап шыққан құндылыққа деген ыстық та ықыласты ынтызарлық. Адам ойының тапқырлығы мен өткірлігінен, сөзінің шешендігі мен шапшаңдығынан түрлі күлкі–мысалдар туындаған. Сұхбаттасар алдында адамның күлімсіреп қарауы оның ықыласын, шын ниетін аңғартады. К–ң түрлері мен қызметі жалқы да, жалаң да, жалпы да емес. Әр адамның және ұлттың күлетін нәрсесі, күлуге байланысты ұғым–түсініктері әрқилы болуы ықтимал. Олар оқиға мен әрекеттерге бірыңғай дәл үйлесе бермейтін эмоционалды реакция, психологиялық шиеленісті басатын, көңілді тепе–теңдікке жайғастыратын, ғұмырлық салмақты жеңілдететін бойдағы күш–қуат. Болмыстағы қуаныш үйді білдіретін, ерекше физиологиялық шаттығуды, эмоционалды  сергектікті  көтеріңкі ашық дауыспен бағалайтын субъективті рефлекс. Жақындықты білдіретін, татулықты аңғартатын рефлекс  адамға дейінгі тірі организмге тән психологиялық қасиет. Адамда К–ң түрлері көп. Біреу қарқылдап, біреу сықылықтап, біреу шиқылдап, біреу жымиып, дегендей күледі. Әншейінде күлкі тудырмайтын нәрсеге шымшыма сезімдерді оятып, қалжың–сықақ тұрғысынан келемеждеп күліп жатамыз. Әйтседе, «әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы К. өзі де – қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рақаттаным күлсең, оның жақсылықты, жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл» (Абай). К. шындықтың ұнайтын, жағымды және ұнамайтын, тітіркендіретін теріс жақтарын білдіреді. Одан сезім мен көңілдің жоғары күйінен төменгісін, салтанаттан көншікті нәрсені аңғарамыз. К. тек жағымды, қуанышты сезім ғана емес, онда бұлыңғыр, әлсіз үміттен үмітсіздік күйдің, қалжыңға лайықты жеңілтек мінез–құлықтың орнығуы да ықтимал. Көкіректен келмейтін бояма К–де теріс жайлар тасып жатады. Олар дүниені тікелей өзгертуге мәжбүрлемейді, адамды психикалық тұрғыдан күткен айлалы жайға дайындайды, астарлап жөн сілтейді. К. – адамдық қарым–қатынастың құралы, адамдарды жақындатудың ыңғайы, өктем қысымды сейілтудің амалы, бостандық тынысының кеңеюі.

Қазақ болмысында К. мен күлу мәдениетіне үлкен мән берілген. Қазақ бөтенді көргенде емес, таныс адамдармен жүздескенде жымияды, әзілдесіп күледі. Болмысын шынайы, жарқын сезім билегенде, адам жасанды келемежге, зәлім күлкіге ұрына бермей, көз тартатындай әсерлі жымиған, әдемі күлген. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» қағидасы бойынша жастардың үлкендер алдында сыпайы, ұстамды, әдепті болуын қаласа, үлкендер де көптің алдында одағай–оғаш күлкішілдіктен сақтанған. Халқымыз: а) сыңғырлаған сыпайы қыз К–ісіне масаттан сүйсініп, керісінше, оның қарқылдаған қатты К–сін қаламаған; ә) өнерлі жандардың көңіл көтеретін қалжың–әзілдерін дұрыс қабылдап, мұндай қылықтарды  әрдайым жоғары бағалаған. Ауыз әдебиетіндегі Алдар көсе, Қожанасыр тілімен жеткізілген хикаялар, әзіл–қалжыңдар ойын–күлкінің сәні мен мәнін келтіріп, көңілді сергітіп жатса, бұл К–ң қазақ әлеуметіндегі орны мен салмағын көрсетеді. Бірақ қазақ қалжыңбастық пен қылжақбастықты жат дүние деп, ондай мағынасыздыққа ұрынуды жөн көрмеген. Мастықтан, жеңіл мінезден туындайтын күлкішілдік бас ауыртады, ол «не шаруадан, не істен, не ақылдан, не ұяттан құр қалдырады, ғафиздік көп өткізеді» (Абай). Орынсыз К. абыройсыздыққа ұшыратады. Арзан К–ге әуес болу, арсыздыққа жол беру. Соны ескерткен Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) хадисінде: «Аз күліңдер» деген. Ешкімге еліктемей, әркім өзінше ширақ, рахаттана күлгенге, сол шынайылықты сақтай білгенге не жетсін.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *