“К.” – адам деген ұғымның мәнді бір атауы. Халық атауда К.атауын кез келген адамға бермейді. Мәселен, тілі шықпаған баланы, жан–дүниесі күйзеліске ұшыраған кем ақылдыны, өзіндік бағыт–бағдары жоқ адамдарды да “К.” деп айтпайды. Өзіндік іс–әрекеті, мінез–құлқы орнықты, өзге адамдармен қалыпты қатынас жасайтын адам. “К.” ұғымы жақсы адамды бейнелеуге де қолданылады. Қазақтың ”К. болар баланың К–лерде ісі бар, К. болмас баланың К–лерде несі бар” деген мақалын еске алайық. Немесе халық: ”Жақсылыққа жақсылық – әр К–нің ісі, жамандыққа жақсылық – ер К–нің ісі” дейді. Семантикалық жағынан алғанда “адам” мен “К.” синонимдер іспеттес және қазақ дүниетанымына тән синкретизмнің көрінісі (Тәңірі, Құдай, Алла сияқты). “Адам” – мұсылмандық мәдениеттен келсе, “К.” – түркілік атау. Абай бойынша, жақсы К–де үш қасиет: ыстық қайрат, нұрлы ақыл және жылы жүрек болу керек делінеді. Адамгершілік құндылықтары қашанда кісілік қасиеттерде көрініс табады. “Кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі”, – деген Махмұт Қашқари.
Кісілігі бар адамның мінезінде ұнамды қасиеттер аз болмайды. Ол ақыл тоқтатып, жұртқа өнегелі сөз айтып, өзгені де тыңдай білетін адам. Кісілігі бар адам бір істі бастаса, оны аяғына дейін жеткізіп, тындыруы тиіс. Оның әрбір қимыл–қозғалысы, әрекеті діттеген мақсатына бағытталып отырады. Жүсіп Баласағұн “К.–адам” мен “К.–киікті” ажыратқан. Бұл қисын бойынша, тек әдепті К. ғана адам бола алады.
К–ні көрсең, есікке,
Жүгіре шық кешікпе.
Қарсы алмасаң мейманды,
Кесір болар нәсіпке,” – депті Үмбетай жырау.
“Адам”, “тұлға” тәрізді ұғымдармен салыстырғанда “К.” қазақ мәдениетінде экзистенциалдық мазмұны айқын түсінікке жатады. К–нің басты қасиеті оның басқалармен қарым–қатынастың субъектісі деңгейіне көтерілуімен көрініс табады, көпшіліктің назарын өзіне қарата алады. Оның қасиеті “жарқын жүзді, шуақ көңілді, ыждаһатшыл, жылы жүзді, игі мақсатты, иманды” болуы қажет. Керісінше, К–лігі жоқ адам келбеті “қара бет, көк бет, қалың бет, т.т.” болып сипатталады.К–лік қасиеттер әл–Фарабидің “Қайырымды қала” ілімінде арнаулы қарастырылады. Оның пікірінше, К–лік белгілер, әсіресе, елбасыға тән болуы қажет. Осындай К–ге қойылатын талаптар: “Біріншіден, бұл қаланың мүшелері мүлдем мінсіз болуға тиіс: жаратылысынан өзіне айтылғаның бәрін жете түсінетін және істің жай–жағдайына сәйкес ұғып алатын болуы керек, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуы шарт; өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан–анық айтып бере алатын ділмар болуы шарт; өнер–білімге құштар болуы, оқып–үйренуден шаршап–шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болуы керек; тағамға, ішімдік ішуге, сұхбат құруға келгенде қанағатшыл болуы керек; шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік–жалған мен суайттарды жек көруі керек; жаны асқақ және ар–намысын ардақтайтын болуы шарт; оның жаны жаратылысынан пысық істердің бәрінен жоғары болып, игі істерге ынтазар болуға тиіс; дирхем, динар атаулыға, жалған дүниенің басқа да атрибуттарына жирене қарауы керек; жаратылыстан әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп, әділетсіздік пен озбырлықты жек көру керек; қыңыр болмау керек; өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болуы керек”, – дейді. Сонымен, “К.” шығыстық мәдениетте инабатты адам мағынасына жақын қолданылатын адамдық келбет болып табылады.
Қазақтың дәстүрі мәдениетінде “К.” ұғымы өзіндік Менін және сөз өнерін жете меңгеру арқылы үлгі боларлық адамды да білдіреді. Бұл, әсіресе, ақын–жыраулардың перформативтік дискурсына тән . Бұл дискурста кісілік алдыңғы қатарға шығады.
Әрине, дәстүрлі қазақ мәдениетіндегі ”кісілік” ұғымы тек эпикалық дәстүрден ғана емес, сонымен бірге мұсылмандық әлеммен қатысты ортағасырлық жазба мәдениетінен де бастау алады. Ұлттық қазақ философиясында “жетілген адам” мәселесі жалпы шығыс философиясы шеңберінде қарастырылып, адамды этика, адамгершілік тұрғысынан қарай отырып, сонымен қатар оны білімділікке, парасаттылыққа шақыруға ерекше көңіл бөлінеді. Жүсіп Баласағұн Конфуций сияқты адам мен адам, адам мен мемлекет арақатынасы, әсіресе мемлекетті басқару мәселесін айшықтағанына байланысты жетілген адам мәселесін осы тұрғыдан қарастырады. Ал әл–Фараби бұл мәселені “Мұрат қоғамды” ұйымдастырумен байланыстырады. Әл–Фараби бақыт мәселесіне, ең алдымен адамның осы дүниеде бақытты өмір сүруінің жолдарын іздестіруге өзінің философиясын бағыттады. Сонымен қатар, әрбір жеке адамның жетілуіне ақыл–ойдың, парасаттылық пен білімнің рөлін ерекше жоғары бағалады.
Азаматтың өз ортасында, елінде ісі жүріп, абыройы биіктеп кетуі үшін бар жағдай отбасынан басталып, көңілі тыныш, көкірегі жүйрік болуы керек. Бұлай болмаған жағдайда, яғни, отбасында түсінетін, ақыл бөлісетін кісі табылмаса бейне “арқаңа тұз артқандай” еңсең езіліп, ілгері басқан аяғың кері кетіп, күнкөрістің қамымен кеткені. Ақылгөй даналарды тыңдаған жас қауым іштей жаманнан жиреніп, жақсыға ұмтыла жүреді, өзін ар таразысының алдында әрқашан салмақты, таза ұстауға тырысып бағады. Жыраулар өмірдің өткіншілігін, дүниенің опасыздығын айтып, пәлсапалық түйіндеулер жасайды. Пенделік көзі мен көңілі тойымсыз, ашқарақ көңілі ішсем, жесем, байысам, қуансам, құшсам, сүйсінсем деп, еш басылмайтынК. Дүниені жиған үстіне жинай берсем, жұрт менің байлығыма қызықса, тіпті кезі келгенде аяғыма жығылса деп армандайды. Тоқтамы, шүкіршілігі кем сол арманының соңына шам алып түсемін деп жүріп жарық тіршіліктің баянсыз боларын, бәрінің де бүгін бар, ертең жоқ екеніне ой жібермейді.