КИЕЛІ

ырыс–құттың нышанын, берекенің бастауын білдіретін ұғым. К. түсінігін кейбір зерттеушілер христиан халықтарындағы “сакральды”, “қасиетті” (священный) сөздеріне теліп және аталған ұғымды тек діни мағынада түсіндіреді. Шоқан Уәлиханов қазақтар екі тылсым күшті: “киелі” мен “кесірді” мойындайды деген. Дәстүрлі мәдениеттегі ырымшыл қазақ үшін К. нәрселер мнемоникалық рәміздер қызметін атқарды. Батыстық бағыттағы зерттеушілер үшін К. діни әдет–ғұрыптармен ғана байланысты болса, номадалық тіршілік тынысын терең зерделеген ғалымдар К. деген деңгейден табиғи тылсым оқиғалар, құбылыстар мен нәрселерден көрінетіндігін атап өтеді. Мысалы, аспан шырақтары, жапан даладағы жалғыз ағаш, бұлақ, қолдан жасалған балбалдар, пұттар, қорғандар табиғи құбылыс және т.б. К. қасиетке өзімен өзі емес, керісінше, адамға тигізетін оң ықпалы арқылы ие болады.

Қазақ даласын жете білген поляк саяхатшысы Бронислав Залесскийдің “Қазақтардың К. ағашы” деген суреттемесінен осы мәселе жөнінде түбегейлі ақпарат алуға болады. Саяхатшының әрі суретшінің бейнелеуі бойынша, К. ағаштың жанынан өткен кезде «қазақтар түйелерін шөгеріп, аттың жабуын немесе кілемшені жайып қояды да тізелерін бүгіп, немесе малдас құрып отырып дұға оқиды. Сонан соң өздері де ағаш бұтақтарына киімінен жыртып алған шүберек немесе қой терісінің қиындысын, тіпті болмаса ат құйрығынан кесіп алған қылды ақтық ретінде байлап кетеді. Олар К. ағашқа ақтық байлау бақыт әкеліп, ауру–сырқаудан қорғап–қоршайды, өмір жастарын ұзартады деп ойлайды. Сондықтан, тек биік ағаш қана емес, шөлдегі жол бойында кездесетін аласа бұталарда да ақтық байлаулы тұрады. Мұндай ағашты кесу қазақтар үшін күнәнің ең ауыры болып саналады, сондықтан оның тіпті қураған бір бұтағын сындырар бір жан болмайды. Сонымен, “К.” және “кесірлі” түсініктерін не христиандық “священный” және “не угодный богу”, не мұсылмандық “қасиетті” және “мәкрұх” ұғымдарынақарағанда ерекшелігі бар. Қазақы дүниетанымда бұл ұғымдар көшпелілік өмір салтынан туындаған және адам мен дүниенің арақатынасын айқындай түседі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *