(лат. Intellektus – түсінік, таным) – мәселелерді тануға, ұғынуға және шешуге жалпы қабілеттілік. И. ұғымы тұлғаның сезіну, қабылдау, есте сақтау, ұғыну, ойлау, қиялдау сияқты барлық танымдық қабілеттерін біріктіреді. Академик Н.Н. Моисеевтің айтуынша, И. ең алдымен, мақсат қою және сол мақсатқа жететін ресурстар мен стратегияларды жоспарлау. И–тің бастапқы нышандары жануарларда да болады және осы деңгейде де И. мақсат қою және мақсатқа жету арқылы жануарлардың дамуына ықпал еткен және ықпал етеді. И. ықпалы бір адам өмірімен шектелмейді. homo sapiens түрінің И–ті дамығаны сонша ол оны жануарлар әлемінен бөліп, әлеуметтік және өркениеттік дамуға көшірді. В. Прайдтың айтуынша, И. адамзат дамуының қазіргі және келешектегі динамикасын анықтайды.
И. қабілет ретінде басқа қабілеттер арқылы жүзеге асады. Олар тану, үйрену, қисынды ойлау қабілеттері, зерделеу арқылы ақпаратты жүйелеу, оның пайдалылығын анықтау, онан байланыстар, заңдылықтар және айырмашылықтар табу, ұқсас нәрселерді бір–бірімен салыстыру. Адам ақылының мәнді қасиеттері ретінде ақылдың сыншылдығы мен тереңдігін, елгезектігі мен икемділігін, қисындылығы мен уәжділігін атауға болады. Ақылдың кейбір қасиеттерінің дамуы бір жағынан генотипіне тәуелді болса, екінші жағынан өмірлік тәжірибесіне байланысты. Тоталитарлы әлеуметтерде тар ойлау шеңбері пайда болады, ол өз–өзіне тек мансапқор, пенделік мақсаттар қою, ол зерде балаңдығына әкеледі. Тұлға тек топтық, тобырлық стереотиптермен тірлік етеді. И. мазмұнында деформация пайда болады. Ондайда ой ригидтік нәрсеге айналады, өзгеріске көнбейді, бәріне тек шаблонмен қарайды. Бұл И–ің басты қасиеттерін жоғалтумен бірдей.