адамның онтогенездік мәнін, болмыстық бітімін, рухани мазмұндық сипатын, психологиялық қалпын, құқықтық қатынасын, әлеуметтік мәртебесін, моральдық сапасын белгілейтін философиялық категория. Ж. адам өмірінің маңызды сапалық жақтарының бір қырын анықтайтын экзистенциялық білім мазмұны. Ж. адамды белсенді субъект тұрғысында анықтайды. Ж. – тұлғаның субментальды тектұғыры. Ж. – адамның өз іс–әрекеттерінің нәтижесін көре білу, сезіне білу қабілеті, оның әлеуметке пайда, зиянын анықтай білу мүмкіндігі. Ж. жеке адамның немесе оның топтарының қоршаған ортаға қатыстылығын анықтайды, адамның қоршаған орта алдындағы парыз міндетін атқару қызметін сипаттайды. Ж. адамның оң моральдық құндылықтар радиусында айналып, адами болмыс шеңберінде болуын бақылаушы күш, қадағалаушы қуат феномені. Ж. ұғымы туралы түсініктер көне дәуірлерден бастап қалыптасқан. Философиялық категория ретіндегі теориялық негіздері ХVІІ–ХVІІІ ғасырлардан бері қалыптасты. Жәбриттік бағытты ұстанушылардың айтуынша, адамдардың басқа Ж–тері мен қатар этикалық Ж–терін де қабылдауымыз қажет. Ислам діні бойынша, адам Ж. – иесі болып табылады. Ж. – адамның жауап беру мүмкіндігі мен қабілеті. Ж. адамның өзіне деген Ж.–тен басталып, отбасы, жақындарына, отаны, наным–сенімі, жаратушы, бүкіл адамзат, әлем алдындағы Ж.–пен аяқталады. Құранда дербес Ж.: “Сен өзіңнен ғана жауаптысың” (Ниса сүресі, 84–аят), қоғамдық Ж.: “Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар” (Сонда, 85–аят), жаратушы алдындағы Ж.: “Көктегі және жердегі нәрселер Алланікі. Іштегілеріңді жарияласаңдар да, жасырсаңдар да Алла сендерден оның есебін алады” (Бақара сүресі, 284–аят) – деп айтқан. Мұхаммед пайғамбар Ж– туралы: “Бәрің жауаптысыңдар Мемлекет басшысы, қол астындағы халық үшін жауапты. Жанұя қожайыны жанұясына жауапты…” – дегенді айтады. Дінде Ж. о дүниеде де іске асатын мүмкіндік. Құранда: “Ол күні олар, Әттең Аллаға мойын ұсыну керек еді!” – деп көрсетіледі. Мұхаммед пайғамбар хадисінде: “Мұсылмандар, бірін–бірі сүюде, бір–біріне жаны ашуда және бірін–бірі қорғау тұрғысында бір мүшесі ауырғанда басқа мүшелері де мазасызданатын бір бүтін дене сияқты” (Бұхари, Әдеп, 26) –дегенді келтіреді. Құран Кәрім бойынша, Алла ақыл берген пенделерінің бәрін жауапкершілікке тартады. Мұхаммед пайғамбар хадисінде мынандай үш адам Ж.–тен босатылған: 1) оянғанға дейін ұйықтап жатқан адам; 2) дұрысталғанға дейін есі ауысқан адам, яғни жынды адам; 3) үлкейгенге дейінгі бала (Бұхари, Худуд, 22). Ұйықтап жатқан адамның жауапты болмауының себебі, дінде ұйқы ақыл мен сананың уақытша тоқтауы болып саналады. Ұйқы өлімнің бір түрі болып есептеледі. Қорқыт тек өмірді сүйген адам ғана халықтың тағдыры мен болашағы алдындағы өзінің жауапкершілігін түсінеді және іс–әрекеттегі ұқыптылық адамдардың үлкен Өмірдің алдындағы Ж–гі деп санайды. Мутазилиттік бағыт бойынша, адам өз іс–әрекетін өзі істейді және өзі оған жауапты болады. Сунниттік бағыт адам істеуге ұмтылғаны үшін және берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, сол істі істегені үшін жауапты деп есептейді. Құранда: “Алла адамға шамасы жететіндей ғана (жауапкершілік) жүктейді” (Бахара сүресі, 267–аят) –делінген. Спиноза адамның Ж.–ін оның Құдай туралы не ойлайтындығыңмен байланысты деп есептеді. Ж. – өнегелі құбылыс деп анықтайды. И.Кант адам өз әрекет максимасына жауапты деп есептейді. ХХ ғ. философы Б.Констан Ж–ті екі тұрғыда қарастырады: 1) Ж. – әлдебір әрекетті жүзеге асырудағы міндет; 2) ол – өз әрекетіне жауаптылықтағы қажеттілік. Мұнда Ж. ар–ұжданнан кең ұғым болып, ол парыз ұғымымен теңестіріледі. Қорыта айтқанда Ж. ұғымы антикалық дәуірде эстетикалық, ортағасырда – діни , қайта өрлеу дәуірінде – саяси, жаңа дәуірде – жекелік, ХХ ғасырда – әмбебаптық тұрғыда қарастырылады. Ж. әртүрлі негіздер бойынша: парыз күші, субъектісіне, адамның қатынасқа түсуіне, шығу тегіне, ауқымына байланысты жіктеледі. Ж. субъектісіне қатысты сыртқы (объективті), ішкі (субъективті) болып бөлінеді. Сыртқы Ж. адамның қоғамдық қатынастар жүйесінде қандай орын алатынына байланысты. Сыртқы жағдайлар индивид арқылы игеріледі, оның ішкі заңы болып қолданылады. Ішкі Ж. жеке тұлғаның позициясы. Абай адамның әлеуметтік және моральдық жауапкершілігін сөз етіп, олардың ішкі және сыртқы қырларын қарастырады. Ж.–тің реттеуші, басқарушы, бақылаушы, дифференциялаушы қызметтері бар. Ж. құрылымы объектілер, субъектілер, санкциялар арқылы анықталады. Ж. субъекті – қандайда бір нәрсе үшін жауапты адам, объекті – субъект Ж–нде болатын нәрсе. Жер бетіндегі жауапты жаратылыс – адам, себебі өз тіршілігін өзі ұйымдастырады. Ж. категориясы адамды басы бостықтан құтқарып, өз сезімдері мен құмарлықтарына иелік еткізетін құндылықтардың бірі. Адам тек Ж. түсінігімен ғана қарапайым табиғаттан бөлектеніп, моральдық болмыс дәрежесіне көтеріледі.