Еркіндік

адамның сыртқы жағдайлар мен құбылыстарға тікелей тәуелділік ауқымында қалып қоймай өз мақсат–мүдделерінің қисынына сәйкес белсенді іс–әрекеттерге қабілеттілігін танытуы. Адам белсенді іс–әрекетінің нәтижесінде алдына қойған мақсатына жетеді. Тұлғаның ішкі Е.–дігінің нақты іске асуы объективті мүмкіндік арқасында жүзеге асады. Қоғамдық ой тарихында Е. мәселесі адамның ерік бостандығына қатысты қарастырылды. Адам мақсаты мен ниеттерінің шығу көзіне тәуелсіз түрде еркіндікке ие. Адам өз мүдденсіне объективті сәйкес келетін таңдау және қалаудың нақты мүмкіндігін сақтайды. Өйткені, сыртқы жағдай адамға өз мүддесімен қажеттілігіне қарсы әрекет жасауға мәжбүрлемейді. Объективті шарттар және нақты  жағдайға тәуелді түрде адам Е–ке ие болуы немесе Е–ке ие болмауы да мүмкін. Адамдар іс–әрекетінің бір саласында еркін, ал басқа салада еркін болмауы мүмкін. Абстрактілі еркіндік болмайды. Е. әрқашан нақты және салыстырмалы. Адам өз мақсатына жету құралын таңдауда белгілі бір шамада еркіндікке ие. Адам іс–қимылдың белгілі жоспарын таңдау жолымен өз мақсатын нақты өмірде іске асырады. Іс–әрекеттің түрлі салаларында таңдау Е–не ие адам қоғамдық дамудың белсенді субъектісі болып табылады. Таңдау еркіндігіне ие болғандықтан адам өз іс–әрекетінде жеке тәжірибесімен қатар, материалды және рухани мәдениет жетістіктерін қолданып, мәдени мұраны ізбасар ұрпаққа бере алады. Әрбір нақты тарихи дәуірде еркіндікке ие адамдар мөлшері өндіргіш күштердің даму деңгейімен, табиғат пен қоғамдағы объективті процесстерді адамдардың танып–білу дәрежесімен, нақты қоғамның әлеуметтік және саяси құрылысымен айқындалады. Тұлғаның еркіндігі нақты қоғамдағы еркіндіктің бір бөлшегі. Адамзат тарихының бүкіл өн бойында адам еркіндігі қоғамдық ілгерілеудің қуатты қозғаушы күші болды. Е. ұғымы өркениетті елдерде нақты құқықтар мен демократиялық бостандық ұғымымен етене байланысты қарастырылады. Е. – жеке адамның, ұлттың, ұлыстың, қоғамның өз мүдделері мен мақсаттарына сай іс–әрекет жасап, өз қалауы мен таңдауын іске асыруы. Саясатта Е. мәселесі ұлттың тәуелсіз, құқықтық мемлекет құру идеясымен байланысты қарастырылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *