көне түркі тілінде «халық» сөзінің синонимі ретінде қолданылған атау. Е. – қоғамды басқаратын және оның экономикалық және әлеуметтік құрылымын күзететін таптық қоғамның саяси жүйесінің негізгі институты. Е. – белгілі бір территорияда, бүкіл қоғамның атынан ішкі және сыртқы саясатты жүргізеді, өз аумағында барлығына міндетті заңдар мен ережелер шығаруға және салық жинауға құқылы. Е–дің негізігі белгілері: 1) белгілі бір аумағының болуы, 2) мемлекеттік билік қызметін іске асыратын органдары мен мекемелерінің ерекше жүйесінің болуы, 3) мемлекет тарапынан бекітілген белгілі бір нормалар жүйесін бекітетін құқықтың болуы. Елдіктің рәміздері: елтаңба, байрақ, ән–ұран. Ежелгі түркілердің өзіндік елдік институттары болған. Дәстүрлі қоғамдағы көшпелі шаруашылық қарым–қатынастарының дамыған кезеңдерінде Е. атауы қауымдық–туыстық құрылымының (патриархалды отбасы, ру, тайпа, мемлекеттік бірлестік) жоғары деңгейін білдіретін мағынаға ие болды. Мәслен, Көк түркілердің алғашқы мемлекеттік құрылымдары (Батыс Түрік қағанаты, Шығыс Түрік қағанаты), сондай–ақ, ірі тайпалық бірлестіктер құру негізінде дамыған ежелгі қазақ руларының одағы «Ел» деп аталған. Әрбір Елдің өз территориясы және өзіндік шекарасы, таңбалары болған және олар өз қарамағындағы жер аумағының шегін өзге тайпалық одақтардан қорғап отырған.