(лат. traditio – тапсыру, жүктеу) – әлеуметтік–мәдени құндылықтарынсақтап қалу, орнықтыру және сабақтастығын үзбей жеткізу үрдісі. Д. қазіргі нақты қызмет жүйесінде бұрынғы заманның уақыт сынынан өткен рухани нұсқаларды қайта түлетуді қамтамасыз етеді, яғни, ол осы шақпен болар шақты өткен шақ арқылы байланыстырып, құндылықтарымен негіздейді. Тар мағынада Д. дегеніміз мемлекет нұсқауынсыз өзінен өзі тірлік ететін құндылықтар жүйесі. Дәстүрлі таным өзіне ешбір мақсат, немесе, бағыт–бағдар қоймайды, себебі оның мақсаты өз ішінде өзімен бірге қызмет етеді. Ешкім Д.–дің себебін іздемейді, өйткені ол бұрында бар болған, ал оның өнімділігі үйреншікті нұсқаға дәлдігімен анықталады.
Д. бүкіл құрамы символикалық мағынаға толы, белгілі мәдениетте бекіген мағына мен архетиптерге сілтеме жасайды. Шынайы Д. ритуалдық нұсқасы түпкі мағынасын жоғалтқанда әдет–ғұрыпқа айналады. Өте ерте замандардың өзінде, Ежелгі Шығыс, немесе антикалық қоғамдарда Д. өзгеріске түсіп, ақылға көнуге икемделіп, мамандар жасайтын мәдениеттің қолына түседі. Мұнда ол әріптік–таңбалық нұсқаға ауысып, белгілі мәтіндерде сақталады. Осындай өңдеуден өтіп, Д. қайтадан нақты рәсімге айналады да, осы шақтағы тірі субъектердің ұстамы ретінде қызмет етеді. Сөйтсе де, ол дәстүртанушы тұлғаның мұқтажына байланысты түрлі сипатқа ие болады. Оны тұтынушы, немесе, жаратушы тұлғалар пайдалануы мүмкін. Соңғы жағдайда авторлық Д. пайда болып, жаңаша тәжірибе қалыптастырады. Міне, осындай жағдайларда шынайы және бастапқы емес, екінші дәрежедегі Д–ді. сөз етуге болады. Бастапқы және екінші дәрежедегі Д. қосындысы кең мағынадағы Д. ұғымын құрайды. Д. бұл екі түрін біріктіретін нәрсе, олардың сыртқы күштің қатысуынсыз өз бетінше тірлік етуіне, ал айырмасы екінші дәрежедегі авторлық Д. жекетұлғалық ой елегінен (рефлексия) өтуіне байланысты. Дәстүрлі қоғам деп өзгеріске түсуге құлықсыз, тек Д. шеңберінде тірлік ететін қоғамды атайды.
Д– әрбір тарихи кезеңде, қоғамдық өмірде әлеуметтік тәжірибенің қалаулы элементтерін орнықтырудың, нығайтудың, сақтаудың қалыптасқан жалпылама түрі; өмірлік құндылықтардың әлеуметтік–мәдени кеңістіктегі тарихи–этникалық сабақтастығын тұрақты қамтамасыз ететін тәсілдердің қалыптасқан жиынтығы; адамзаттың өмір сүруіне қажетті ақпарат көлемін – қор, мұра, құндылықтар мен ұстанымды жеткізетін арнайы институт, оған әлеуметтік мән–мағына енгізетін тәртіптің интегралды бөлімі. Д. – адамзат тарихындағы көне әрі көп қырлы құбылыс, ұрпақ болмысындағы елеулі дәурен. Оны рәсім–салт, фольклор, аңыз–әңгіме ұғымдарымен бірге қолдану барысында, көне Д–ден сабақталып келе жатқан соқыр сенім, бедел, білім қазіргі күнделікті өмірде жалғасын табуда. Д–лік көріністер, оның әлеуметтік–мәдени дүниенің бір жағы, жалғасы екендігін аңғартады. Д.– өткенді түсіндіретін адам болмысының қыры, адам қызметінің арнайы деңгейі. Іс–әрекеттегі адам өмір сүрудің осы қызметімен, тәсілімен және кеңістігімен тікелей араласады, сондықтан өмірлік маңызы зор, жағымды, тұрақты құндылықтарды ұрпақтан–ұрпаққа жеткізеді. Д. ұрпақ ішіндегі, ұрпақ арасындағы қарым–қатынастың іріктелген мұралық түрлерін өңдейді, өрбітеді, оларға жинақталған ортақ түсініктерді таратады. Ол бір ұрпақтың мұрасын басқаларға бірде ауызша береді, бірде нақты тілмен, қимыл–әрекетпен тасымалдайды. Осылайша ұрпақтың бүгіні мен болашағын өткенімен өңдеп, оның әлеуметтік–мәдени белсенділігін жалғастыруға жағдай тудырады. Д. әлеуметтік–мәдени тәжірибені ұйымдастыруға икемді демеулік етеді, өмірлік құндылықтарды талқыдан өткізеді, өмірлік жолды нақты жағдай мен тәжірибеге орай айқындайды.
Д. – адамның өткен шағы ғана емес, бүгінмен өткеннің жанды байланысы, болашаққа көпір. Олай дейтініміз нақты, тар мағынада Д. адам қызметі мен әлеуметтік тәжірибені қашанда болмасын өздігінше ұйымдастыратын, өзінше реттейтін қарым–қатынастың қалыптасқан тұрмыстық түрі. Д–ге деген тұрмыстық бейімделушілік ежелден етек жайған, шығыста қауымдық тіршілік ұрпақ болмысының құрамдас жүйесін құрды. Ал қоғамдық қызығушылық Батыс Еуропада ХҮІІІ–ХІХ ғғ. кең таралып, түрлі кезеңнен өтті, алуан реакция тудырды. Ағартушы ойшылдар Д–ді ескілікпен, соқыр сеніммен, керағарлықпен біржақты теңестіріп, оны түбегейлі жоюдың мүмкіндіктерін ашық іздестірді. Олар аңыз–әңгімелер мен дінде де білімнің нышандары бар екенін мойындамады, білімнің жаңа, жасампаз идеясына біржақты жүгінді, жаңашылдықты шабыттана қолдады. Бұл Д–ден босану, құтылу жолдарын іздестірумен бірдей. Мұндайда Д. рухани өмір сүрудің тиянақты түрі екені; адамның ойлану әрекетін қолдайтын, өзара қарым–қатынасты сабақтайтын, адамгершілікке жетектейтін ықпалдастық екені толық және дұрыс ескерілмеді.
Д–ді қолдаудың және қолданудың жолдары жалқы емес: билікпен араласқан қоғамдық–саяси институттардың рәсім–салтты ұйымдастырып реттейтін қызметі артты, әлеуметтік–мәдени тәжірибенің қажетті түрлерін бір–бірімен ұштастыру іс–шараларына арнайы араласуы күшейді; мәдениеттануда – рәсім–салт және рухани мұра аясында белгілер мен мағыналар жүйесін таратудың нақышы мен жолдары кең таралды; әлеуметтануда – бұрыннан қызмет атқарып келе жатқан әлеуметтік институттардың құрылымын жаңғырту, әлеуметтік философияда – тарихи ағымға қарсы тұра алатын тұтас әлеуметтік нормаларды қабылдаушылық, гуманистік салада – адамдардың тіл табысуы мен өзара түсіністігін нығайтатын ағартушылық үлгілері мен жаңарту рухы орын алды. Гуманистік бағыт олқылықтардың орнын толтыруға, адам беделін қалыптастыруға күш салды. Д–лі құбылыста, М. Хайдеггер ескерткендей, болмысқа араласқан адамдар қатынасы мен әлеуметтік коммуникацияның түрлері айқындала түсті. Қоғамға, ұрпаққа іштей тән Д. алғашқы аңыз–әңгіме мен әдет–ғұрыпқа негізделген, рефлексивті санаға сүйене бермейді. Аңыз–әңгіме мен әдет–ғұрыпқа негізделген түсініктерде Д–дің не себептен өзгеретініне, жеке бас пен әлеуметтік өмірдің жаңа талабы мен қажеті қандай болмақ деген сауалдарға арнайы талдау жасалмады. Д. тілінде айтылған, ұққан, қабылдаған жәйттер, өңделіп кейінгі ұрпаққа жеткен қағидалар молшылық. Тілдегі Д–де білмегендік пен белгісіздіктің ауқымын тарылтатын әрекет, бөтендікті жақындататын ізденіс, үйлес сана–сезім қалыптастырмақ талғам үдемелі үрдіске айналады. Тіл д.–і деп отырғанымыз мәтінді талдау, мұраны түсіндіріп сезімдік деңгейде жеткізу ғана емес, ол адамның дүниеге деген көзқарасын шындыққа жетелейтін, адам беделі мен мәдени қоғамдастықты қорғайтын әлеуметтік–мәдени тәжірибе мен байланыстың төл діңгегі.
ХХ ғ. адам мен қоғам өміріне, мәдени Д–ге қауіп–қатерді күшейтті. Бүгінгі әлеуметтік топтардың өмірлік салты мен рухани қажетін ескермеушілік, халық рәсім–салтындағы ырым, наным, әдет–ғұрып сияқты архетиптерге біржақты, өзгеріссіз сілтеме жасай салушылық әдетке айналды. Қысым да, үстірт қараушылық та Д.–дің сабақтастығын, әлеуметтік бағдарын үзді, мәдениеттің жаңа мән–мағынасын жеткізбеді, өркениетті дамудың қарқынын үйлестірмеді. Берекесі кеткен ортада Д. ұрпақтар, тіпті адамзат мәдениетінің мән–мазмұнын тасымалдаушы тетік екенін ұмытушылық, еске алмаушылық белең алды. Д. инновацияға қарсы қойылды. Инновация еркіндікке үйрететін, өмір құндылықтарын бір–бірімен жарастыратын, ақырында ұрпақты мәдениеттпен үйлестіретін Д–н сабақтасуы немесе оны жаңғыртуы керек. Онсыз Д. жағымсыз, инновацияның заттық және әлеуметтік маңызы қалыптаспайды.
Қазаққа салтпен Д–ді ұлықтау өзін жоғалтпау үшін жасалған ұлы түйсік, өзінің ерекше келбетін сақтау үшін арналған шаралы іс. Кісіні де, кішіні де жатырқамайтын қасиет. Д–ге айналған, ұқыптылық, тәртіптілік – жарастылық пен жағымдылыққа ұйтқы, үлгі. Ата Д–нен бастау алған жүрекке жылы қасиеттер кең пейілмен астасып жатады. Ақиқаттан аттамау, тура жолдан қайтпауға баулиды.