ғылыми танымның негізгі ұғымдары, принциптері мен заңдарын синтездеу арқылы құрылатын дүниенің жалпылама қасиеттері мен заңдылықтары туралы түсініктердің тұтас жүйесі. Д.ғ.с. замана ағымына сай әрқашан өзгеріп, дамып отырады, яғни оған тарихилық тән. оның мазмұнын әр кезеңдегі ғылыми білімдердің қосындысына ғана сайып қоюға болмайды, ол сол заман мәдениетінің айшықты сипаттарын өз бойына дарытып, дүниетанымының көкжиегін білдіретін философиялық–методологиялық негізде құрылады. Д. ғ.с. үш деңгейі бар: жалпы ғылыми пәні бойынша өзара сыбайлас ғылым салаларына сай құрылатын (жаратылыстанулық, қоғамдық–гуманитарлық және ғылыми–техникалық) және жекелеген ғылымдар базасында пайда болатын. Бұлардың арасында терең байланыс бар, өйткені дүниенің жалпы ғылыми суреттемесі жекелеген ғылымдар жетістігіне сүйеніп құрылады және, керісінше, жалпы ғылыми суреттеме өз ретінде жекелеген ғылымдардың дамуына өз оң әсерін тигізіп, бағыт–бағдар беріп отырады, сөйтіп олар өзара корреляциялық байланыста дамиды. Жекелеген ғылым беретін суреттеме сол ғылымның зерттеу пәнін бейнелеп, дүниенің жалпы ғылыми суреттемесінің әлдебір бір фрагменті, аспектісі ретінде күй кешеді. Бұлардың арасындағы орталық буынды жараталыстанулық, әлеуметтік–гуманитарлық және ғылыми–техникалық суреттемелер құрайды. Д.ғ.с. ғылым дамуының басты негіздемелерінің біріне жатады.