ДҮНИЕГЕ КӨЗҚАРАС

дүниетаным – тұтас дүние және ондағы адамның алатын орны туралы жалпылама түсініктердің жүйесі. Д.к–ның басты түйіні дүние мен адамның қарым–қатынасы мәселесінде жатыр. Дүние бар, сол дүние дамуының ең жоғарғы нәтижесі болып есептелетін саналы адам бар, ал бұлардың арақатынасы қандай? Ең алдымен дүние дегеніміз не? Адам дегеніміз кім? Дүние шекті ме, шексіз бе, мәңгі ме, өткінші ме? Адам қалай және қашан пайда болған? Оның өмірінің мәнісі неде? Адам дүниені танып–біле ала ма? Адамның бұл дүниедегі орны қандай? Адам нені қалайды, нені таңдайды, неге ұмтылады, нені армандайды? Ізгілік пен зұлымдық, махаббат пен жауыздық, қайырымдылық пен қайырымсыздық, бақыт пен бақытсыздық, өмір мен өлім, ақылдылық пен ақымақтық және т.б. осындай сауалдар адам баласын мазалайды, толғандырады, күйзелтеді, ойлантады, сана–сезімін сансыратады. Міне, осындай дүние мен адам қарым–қатынасы төңірегіндегі бітпес сұрақтар тізбегі Д.к. құрамына еніп, жауап күтеді. Сондықтан ол адам санасының қажетті құрамдас бөлігі болып табылады. Адам баласы пайда болғалы бұл мәселелер заманына сай әр елде, әртүрлі дәрежеде шешіліп отырады. Әр дәуірдің өзіне сай жиынтықты Д.к., дүниетанымы бар деуге әбден болады. Сонымен бірге бұл дүниетанымның жекелеген адамдар санасында қалыптасып, индивидуалды көрініс табатынын ескерген жөн. Д.к. құрылымында әртүрлі білімдер (өмірлік–практикалық, ғылыми, кәсіби және т.б.) мен құндылықтар жүйесі, іс–әрекет бағдарламалары өзара байланыста орын теуіп, адамдардың дүниені және өзін–өзі мүмкіндігінше тұтас түсінуіне жағдай туғызады. Д.к.–тың жалпы адамзатқа тән тарихи формаларына әпсана (миф), дін және философия жатады. Философия Д.к.–тың өзегін құрайды. Белгілі  бір философиялық жүйеде құрылған Д.к. сол философиялық ілімнің принциптеріне негізделеді, сондықтан ол теориялық түрде ой елегінен өткізілген, барлық бөліктерінде өзара жымдастырылған, сындарлы түрге еніп, сол көзқарасты ұстанған адамның барлық іс–қимылын, ойлау желісін, құндылықтық бағдарын, эмоциялық реакцияларын, өмірлік ұстындарын анықтайтын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *