ДҮНГЕН МӘДЕНИЕТІ

Дүнгендер (қытайша атауы — лаохуэй, хуэйминь, хуэйцзу — қытай тілінен аударғанда «мұсылмандар» деген ұғымды білдіреді) — негізінен Қытайдың Нинся — Хуэй автономиялы ауданын қоныстанған халық. Түркі халықтары оларды дүнген, дунған деп атайды. Дүнгендер Қазақстан (36,9 мың адам, 1999 жылғы санақ бойынша) мен Қырғызстанда (Шу өзенінің аңғарында), Өзбекстанда (70 мың адам) да тұрады. Қытайдағы саны 8 млн. (1999 ж.). Антропологиялық кескін–келбеті жағынан дүнгендер моңғол нәсілінің қиыр шығыстық түріне жатады. Мұсылман дінінің сүннит тармағын ұстанады. Қытай тіліне жақын әр алуан диалектіде сөйлейді. Жетісудағы дүнгендер —Цин өкіметі билігіне қарсы ұлт–азаттық күресте жеңіліске ұшырап (1862–1877), Шэньси, Ганьсу, Шыңжаң провинцияларынан пана іздеп келгендердің ұрпақтары. Жаңа мекенде дүнгендер бұрынғы жерлестік ретін сақтап, жинақы қоныстанды. Қазақстандағы Қарақоңыз, Шартөбе жерлеріне — шэньсиліктер, Қырғызстанның Ырдық ауылына — ганьсулықтар, Александровка елді мекеніне шыңжаңдықтар орналасты. Қытайдағы дүнгендер солтүстік, оңтүстік–батыс (юньнань — сычуан) және оңтүстік–шығыс (гуандун) аталатын үш этнографиялық топқа бөлінеді. Негізгі кәсіптері — суармалы егіншілік. Күріш, арпа, бидай, жүгері, бау–бақша егеді, сиыр, жылқы, құс өсіреді. Кірпіш пен каркастан қалап, сабан қосылған балшықпен сыланған үйлерде тұрады. Бөлмені жылытатын жатаған кең пеш (кан) салады, аласа үстелде тамақтанады. Ерлер мен әйелдердің ұлттық киімдерінің үлгісі ұқсас келеді. Желбегей киетін кеудеше, кең балақ шалбар, матамен қапталған аяқ киім киеді. Әйелдер киімі кестемен әшекейленеді. Ұлттық тағамдары: ет араластырып майға қуырған ұн, көкөністер. Сүйікті тағамдары — дүнген кеспесі мен палау. Алдымен шай ішіп, соңынан сұйық тамақ ішеді. Тағамдарын таяқшамен жейді және бұрыш, сарымсақ, сірке қышқылын көп пайдаланады. Туыстық қатынасқа ерекше көңіл бөледі. Дүнгендер фольклоры өте бай. Қазақстанда дүнген ұлттық мәдениеті орталығы жұмыс істейді. Ұлттық музыка ансамбльдері, т.б. өнер ұжымдары бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *