(араб. – сенім, наным, илану, әл–Исламның балама аты) Алланың (немесе бір және бірнеше Құдайдың, Жаратушының) барлығына сену негізіне сәйкес өзін–өзі ұстауы, адам ақыл–ойы, сезім мүшелері қабылдай алмайтын болмыс түріне сену және мойындау; Ислам философиясының түсіндіруінше, Д. дегеніміміз – әлемді байланыстыратын күш.– Алланың барлығына сенім. Бүкіл әлемді және адамды жаратушы ие – Жалғыз Алла адам баласының жүрегін өзіне ұштастыра жаратады, яғни Жаратушының барына сеніп, оның ажырамас бөлшегі екенін адам өз жүрегі арқылы сезеді. Д–нің басты мақсаты – адамның рухани жетілуі және оның Жаратушы Құдаймен байланысын орнату болса, ислам тұжырымдамасы бойынша, рухани жетілу сатысының бірінші деңгейінде тұрған адамның алғашқы махаббаты, таза құлшылығы, қорқынышы Аллаға арналады. Шынайы діндар – Алланың ғана бұйрығын орындаушы болып өседі. Барлық тіршілік құбылыстары Алла Тағаланың қолында екеніне және күнәлі істері үшін оның қарғысына ұшырайтынына мұсылман кәміл сенеді. Осы сенім – оны жаман істерден тежеуші және дұрыстықтан, имандылықтан шықпауына себепші. Иманын жоғалту адамның Д–ін жоғалтуына алып келеді. Діни тұрғыдан Д. – бүкіл болмыстың түпкі себебі барын, дүние болмыстың жаратылу мақсатын, оның сыр–сипатын түсіндіріп, танып–білуге және адамның рухани жетілуіне мүмкіндік жасайтын әдіс–әрекеттер мен бүкіл дүниетанымды, болмысты толық қамтитын өте кең, ауқымды ұғым.
Д–нің шығуы қазіргі ғылымның зерттеулері бойынша 40 – 50 мың жыл бұрынғыпалеолит (тас дәуірі), яғни алғашқы қауымдық қоғамның салыстырмалы түрде жоғары деңгейдегі даму кезеңіне жатқызылып отыр. Аталмыш кезеңнің мәдениет ескерткіштері жан–жануарлар культі мен аңшылыққа қоданылған сиқыршылық белгілерін сақтаған. Сондай–ақ, діни наным–сенімдердің болғандығын сол ежелгі дәуірлердегі өлген адамды еңбек құралдары және әшекей бұйымдармен бірге жерлеу дәстүрінің белгілері де дәлелдейді. Д–нің шығуы адам ақыл–ойында теориялық ойлау және ойдың шынайы өмірден ажырау мүмкіндігінің пайда болу деңгейімен де (Д–нің гносеологиялық негізі) байланысты. Яғни жалпылама ұғым өзі белгілейтін нәрседен бөлініп, өзінше дербес өмір сүре бастайды, сондықтан нақтылы бар нәрселердің адам санасында бейнеленуінің негізінде абстрактілі түсінік пайда болады. Бұл мүмкіндіктер адамның тек қана нақтылы іс–әрекеттерінің тұтас жиынтығымен, қоғамдық қатынастарымен (Д–нің әлеуметік негізі) байланыста ғана іске асады. Адамзат тарихының өн бойында Д. адам сенімінің сипатына және халықты қамтуына байланысты сан түрлі күйде болды. Бірінші жағдайға қатысты оның тотемизм, анимизм, натуризм, шаманизм, фетешизм, политеизм (көптәңірлі), монотеизм (бір тәңірлі), деизм (әлемді жаратқан соң, одан әрі дамуына араласпайтын, белгілі бір тұлға кейпіндегі емес әлдебір бастапқы себепті мойындайтын ілім), т.б. түрлері пайда болды. Соның ішіндегі тарихи тұрғыдан Д–нің неғұрлым ертедегі, ең алғашқы көріністері – сиқыршылық, тотемизм, ғұрыптық жерлеу культі және шамандық болып табылады. Құдайды тұлғалық Бастау ретінде мойындау барлық діндерге тән емес. Ол қазіргі діндерден, мәселен, Ислам, христиан, иуда Д–деріне тән, ал будда, даосизм діндеріне тән емес. Халықты қамтуы жөнінен Д–нің тайпалық–халықтық (мыс., иудаизм) және ұлтаралық немесе әлемдік (буддизм, христиан, ислам) түрлері белгілі. Әлемдік Д–дердің әрқайсысы түрлі ағымдар мен конфессияларға бөлінеді. Мысалы, ислам Д–інің сүнниттік, шииттік ағымдары, христиан дінінің католиктік, провославие және протестанттық конфессиялары, т.б. Д–нің екі сипаты бар. Төменгісі – сыртқы, ғибадат ету, ал жоғарғысы имандылық. Имандылық барлық дерлік Д–дерге ортақ, діннің ішкі мәнін білдіреді, сондай–ақ, ғибадаттыда қамтиды, адамның сыртқы және ішкі болмысын тәрбиелейді. Д–нің имандылық сипатын қабылдайтындар бүкіл болмыстың себебінің, заңдылықтарының бар екенін толық түсініп, оларды танып–біліп, бойына сіңіріп және бұлжытпай орындауға ұмтылады. Барлық Д–дердің ұқсастығы және негізгі мақсаты – бір жаратушыға деген сүйіспеншілікке жету және оның мейірімі мен кешіріміне ие болу, рухани тазарып, жетілу. Олардың ішкі мәнінде ғана емес, салт–рәсімдерінде де көптеген ұқсастықтар бар. Мысалы, тасбих тартып, Құдайдың қасиетті есімдерін қайталау; ән айтып, билеп, зікір салып Құдайды мадақтау, ғибадат ету, дұға оқу, т.б. Дүние жүзі халқының дені, негізінен, әлемдік үш Д–ді (будда, христиан, ислам) ұстанады.
Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтардың діни сеніміне еркіндік берілген. 1991 ж. «Д. бостандығы және Д–и бірлестіктер туралы» арнайы Заң қабылданды. Қазақстанда республика халқының басым көпшілігі ұстанатын басты Д–дер – ислам және христиан Д–дері болып табылады. Бұл негізгі Д–дердің қызметтері жолға қойылып, мешіт, шіркеулер және Д–ни оқу орындары, т.б. Д–и бірлестіктер жұмыс істеуде.