эстрадалық вокальді аспаптар ансамблі. 1967 жылы Қазақ политехнологиялық иниститутының (қазіргі Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) жанынан құрылды. Ансамбль аты оны ұйымдастырушылар (Д.Сүлеев, М.Құсайынов, Қ.Санбаев, А.Литвинов) есімдерінің (Досым, Мұрат, Қамит, Саня) алғашқы буындарынан құралған. Ансамбльдің аталған алғашқы құрамына кейіннен М.Молдабеков, Қ.Әжібаева, Ш.Омаров, Б.Жұмаділов, Н.Құсайыновтар қосылды. Репертуарынан электронды музыкалық аспаптар сүйемелімен орындалатын қазақтың халық әндері («Назқоңыр», «Ахау, бикем», «Он алты қыз», «Сұлу қыз», «Құдаша», «Аулың сенің іргелі» және т.б.) халық композиторларының (Естай, Ақан сері, Мәриям Жагорқызы және т.б.) әндері және қазіргі қазақ композиторларының әндері («Сағындым сені» – Е.Хасанғалиев, «Алатау», «Куә бол» – Н.Тілендиев, «Жыр жазамын жүрегімнен» – Ұ.Жұбанов, «Шофер келді қырманға» – С. Мұхамеджанов және т.б.) сондай–ақ, ансамбльдің өз мүшелерінің шығармалары («Той жыры», «Күт мені» – Сүлеев, «Қайдасың» – Молдабеков, «Қуанышым менің», – М.Құсайынов) орын алды. Д. дәстүрлі фольклорлық–музыкалық туындыларды өз кезеңіндегі эстрадалық музыка мәнеріне сай өңдеп, жаңа сипат беріп, құлпырта орындады. Бұл сипат, әсіресе, «Жерұйық» рок–операсы (1980), «дала және ғарыш» (1985) сияқты күрделі шығармалардан айқын аңғарылды. Д. халыққа кеңінен танылды, жастарға үлгі таратты. Д. — бүкілодақтық «Халықтар достығы» фестивалінің (Ташкент, 1971), кәсіби орындаушылар байқауының (Минск, 1973), сонымен қатар 1973 жылы Берлинде, 1985 жылы Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің халықаралық фестивальдерінің, Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты (1974). Ансамбльдің көркемдік жетекшісі — 1972 жылдан бері композитор М. Құсайынов. Ансамбль құрамы екі рет (1975, 1985) жаңарды. 1997 жылы Д–ның құрылғанына 30 жыл толуына байланысты «Әуен» музыка студиясынан «Той жыры» деген атпен ансамбльдің 1967 — 75 жылдары орындаған ең таңдаулы әндерінің «үнтаспа–альбомы» шығарылды.