ДАНАЛЫҚ

адамзаттың сан ғасырлық таным процесі мен өмір тәжірибесі нәтижесінде жинақталған рухани ілім–білімді игеріп, оны ұрпақтан ұрпаққа ұлағатты ой пікір, өнегелі түсінік, ізгілікті іс–әрекет түрінде жеткізе білетін адам қасиеті. Д.– ауқымы кең, күрделі құбылыс, оған бір жақты, кесімді анықтама беру мүмкін емес. Ол әдетте, надандыққа қарсы мәнде қолданылады. Д. мән–жайын алғаш зерттеп, ашып беруге философия талпынған. Өйткені, «философия» деген сөздің өзі грекше «даналықты сүю» мағынасын білдіреді. Басқа ғылым түрлері тәрізді философиялық ілімдер де д–тан бастау алады. Сократтың «Менің білетінім – өзімнің ештеңе білмейтіндігім, өзгелер оны да білмейді» деуінде үлкен мән бар. Білмейтінін біліп, түсінуге, әлем ақиқатын танып, ой түюге ұмтылу – адамды рухани кемелдікке, данышпандыққа бастайтын жол. Қазақ ойшылы Абай да «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» деп толғайды; ештеңені біліп–тануға ұмтылмайтын, қарны тойып, құлқыны тоят тапқанына мәз хас надандықты, тоңмойын тоғышарлықты мансұқ етеді. Қазақ халқында «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген сөз қарғыстың ең жаманы саналады. Дүниенің, өмірдің және өз табиғатының сырын танып, білу үшін адам баласы оқу білімге ұмтылады, ғылымға ден қойып, логикаға, методологияға сүйенеді. Д–тың, көбінесе, білімділікпен, оқымыстылықпен шендестіріле қаралатыны сондықтан. Бірақ Д. білім аясында шектеліп қалмайды; оның негізгі өлшемі – түсінік. Әр нәрсені білу бір басқа да, түсіну – басқа: яғни білім оқумен келсе, түсінік оқығанды көкейге тоқумен, өз еркімен жақсылыққа ұмтылып, ой қорытумен, игілікті қам–қарекетпен қалыптасады. Білім – өткінші, уақытша, салыстырмалы, даналық яки түсінік жүйесі – мәңгілік нәрсе. Білімділер қай заманда да көп болған, қазіргі кезде де жетіп артылады, а дана кісілер, данышпандар бұрын да, қазір де аз. Гераклит «Көп білгеннен дана болмайсың» деп осы шындықты меңзеген. Ұлы Абай да «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» дейді. Д–тың тарихи бастауы – мифтік аңыздар мен діни әпсаналардың желілерінде, өнер туындылары мен әдеби, философиялық шығармаларда жатыр. Қорқыт ата, Асан қайғы, Толағай, сондай–ақ Прометей, Сизиф, т.б. мифтік тұлғалардың ой–толғам, іс–әрекеттерінде өмірдің өкіншілігіне қарсы күрес, мәңгілік өріне – даналық тәліміне талпыныс бар. «Дүние, қудым сені жалықпай–ақ, Ұстатпайсың судағы балықтай–ақ, Көрсетіп бірде алдыңды, бірде артыңды, Қойдың ғой дидарыңды танытпай–ақ» деген қазақтың қара өлеңінде халықтық пәлсапаның – өзін қоршаған әлемді, өмірді, дүниедегі өзінің орнын тануға құштарлықтың, экзистенциалдық түсініктің сарыны жатыр. Жалпы, дәстүрлі қазақы дүниетанымның өзі –.Д, Ғ.Қараш айтқандай, «өмір пәлсапасына», ізгі түсінікке, рухани кемелдік аңсарына негізделген.

Д. танудың тәсілдері – ақыл, логикалық ойлау, рухани білім, медитация, рухани тәжірибе әрқалай және өзара сабақтас. Д–тың ерекшелігі – оның танымдық, моральдық–этикалық, гуманистік сипатында, қоғамдық мұратында, ұлттық менталитеттің бастауында. Д–тың түрлері: құдайлық, теологиялық, метафизикалық (Ф. Аквинский),  адамды өзінен жоғары көрсету, дүниеге көзқарастың өткірлігі мен өміршеңдігін үйлестіру. Даналықтың өлшемі – ақыл–парасаттан туындаған талпыныс пен сенім, қарапайым сананың ерекше көрінісі мен қызметі, ар–намыс пен ұят тұғыры.

Даналық білім арқылы қалыптасатын, оралатын рухани күш, адамның ізін және дүниені танытқызатын рухани күш–қуат;  «адам–әлем» жүйесінде өмір сүру философиясы, тұтастық пен туралық идеясына қызмет ету, дүниетанымның рухани негізі мен тұғыры. Даналықты тану негізінде тұтастық тұрғысынан жүзеге асады. Ол әр нәрсенің шегін, межесін білуге үйретеді. Д–тың сипаты, жамандықтан, тексіздіктен, алауыздықтан, зұлымдықтан, озбырлықтан, қанағатсыздықтан сақтану, қауіптің көзін дер кезінде пайымдай білу, қауіп–қатерден құтылудың жөн–жосығын ұсыну; жалтақтық пен жағымпаздыққа, көрсеқызарлыққа тосқауыл қою.

Д–тың бір көрінісі, өзінің ұлттық дәстүріңді құрметтеу, содан нәр алу; жеке және ұлттық сананың арқауы мен бастауларын халықтың ментальдық ерекшеліктерімен ұштастыра білу; Адамгершілікті, оның атрибуттарын – имандылықты, парасаттылықты, кісілікті қадірлеп–қастерлеуге тәрбиелеу; ұрпақтың рухани жолын ар–намыс, қайрат–жігер, сүйіспеншілік өлшемімен және өрісімен   толықтыру, өрбіту.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *