ӘУЛИЕ

(араб.  жекеше түрі уәли–дос, желеп жебеуші) – Аллаға жан–тәнімен беріле табынған сәуегейлік, жаратушы иеге тәуекелмен өмір сүретін, халық сеніміне ие болған қасиетті абыз.  Тәңірге сенген ежелгі түркілер Ұмай ананы, Қызыр Атаны, ата–баба аруағын желеп жебеуші санап, оларға үнемі сиынып отырған, олардың көріпкелді сәуегейлігін қастерлеп бас иген. Күнге, Айға, Отқа табыну, ел иесі көкбөріні қасиет тұту, су иесі Сүлейменге жалбарыну, тіршілігінің негізі төрт түлік малдың иелері – Қамбар атадан, Шопан атадан, Ойсыл қарадан, Шекшек атадан жәрдем күткен. Қазақтың көне дүниетанымында Әулие рухани әлем орнықтыруға талпынған. Мұнда, біржағы, тәңірлік түсініктердің  ежелгі наным–сенім элементтері сақталған, біржағы, ислам діні мен мұсылмандық дәстүрде жаңарған жаңа дүниетанымдық ұстанымдармен бірге араласып, әулие бейнесі мен рухының  мағынасы толыға түседі.   Ислам дінінде әулие құдай жолын қуып, дін уағыздаушы адам, айтқаны келетін сәуегей адам. Мұхаммед пайғамбардың серіктерін, туыстарын, үрім–бұтақтарын, кейінгі діни рухани қайраткерлерді әулие пір тұту, оларға құрмет дәстүрі барлық мұсылман елдерінде бар. Қазақ даласына ислам дінінің сопылық ілім түрінде енуі Ә–ні қасиетті деп тануға үлкен әсер етті. Сопылар ұстанымындағы дәруіштік, пәктікке ұмтылу, зікір салу, т.б. қазақтардың ежелгі нанымдарына ұқсас еді. Баба түкті Шашты әзиз, Арыстан баб, Баб ата, Қожа Ахмет Иассауи, Бекет ата, Сопы Әзиз, Оқыш ата, т.б. әулиелер білімпаз діндарлығымен де, қарапайым ізгілігімен де халық жадында мәңгілік сақталған. Ә. наным–сенімнің, үміт–арманның, мінез тұтастығының бірлігін оятты. Қазақ халқы ел қорғаған батырларды, ұлт бірлігін сақтаған билерді, ақыл–парасатымен тұтас аймаққа үлгі болған аналарды әулиелер қатарына қосып, олардың аруақтарын құрметтеді.  Ә–лер туралы түсінік барлық діндерде кездеседі.Христиан дінінде де “ұлы қасірет шегуші”, “апостол”, “монах”, “блаженный” (дәруші) т.б. бар. Шіркеу күн түзбесінде оларды құрметтеу күндері көрсетілген. Шіркеу қасиетті Ә–лерге арнап ғибадатхана салады, діни мейрам тағайындайды, соған шоқынуды, сый тартуды уағыздайды. Христиан дінінде 3–4 ғ–ларда патшалардың, князьдердің, епископтардың, патриархтардың, Рим папаларының есебінен Ә–лердің саны көбейді. Рим папасы Пий жылма–жыл орта есеппен 5 адамды “қасиетті”, 4 адамды “блаженный” деп жариялап отырды.

Қазақ халқының ислам дінін қабылдауы барысында тәңірлік дүниетанымның кейбір элементтері жаңа дүниетанымдық ұстанымдармен бірге араласып, әулие ұғымының мағынасы толыға түсті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *