Гимн — еліміздегі азаматтарды этномәдени біртұтастыққа үндейтін және әлеуметтік–саяси бірігуге жетелейтін, өз ұлтыңа деген тиесіліктен туындайтын туған еліңе деген отаншылдық сезімді оятатын сазды дыбыстық рәміз. «Гимн» терминінің өзі гректің «gimneo» сөзінен алғанда «салтанатты ән» дегенді білдіреді.
Кез–келген халықтың өзіне тән этномузыкалық шығармалары бар, ал тарихтың белгілі бір уақытында әр халықтың гимні болған. Осындай ән қазақ халқында да бар. Ол Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақ халқының тартқан ауыр тауқыметін көрсетуге арналған «Елім–ай» әні, халық әніне айналып кеткен оны ХVІІІ ғасырдың атақты батыры, ақын–сазгер Қожаберген жырау Толыбайұлы жазған. Қазақстан Ресей империясының құрамында болған кезде қазақтардың бірыңғай Ә. болмады. Қазақтарды отаршылдарға қарсы ұлт–азаттық күресе рухтандыратын ақындар мен жыраулардың жекелеген әндері ғана болды. Ал Кеңестер Одағының құрамында болған кезде, оны құраған он бес республиканың ішінде Қазақстанның да өз Ә. болды. Оның алғашқы ноталары КСРО Ә–ның бастапқы ноталарымен бірдей болып келетін.
Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақтардың бірнеше ұрпақтарының көпғасырлық арманы — азаттық пен егеменділікті бейнелейтін жаңа әнұранын әзірлеу қажеттігі туындады.Соған байланысты 1992 жылы Республика Ә.–ның мәтіні мен әніне конкурс жарияланды. Комиссия іріктеуіне барлығы 750 жоба келіп түсті. Конкурста төрт атақты ақын: Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және ақын Жадыра Дәрібаевалар жеңіске жетті. Қазақстан әнұранының әнін алғаш жазған авторлар Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди.
2006 жылы жаңа Мемлекеттік Ә. қабылданды. Жаңа Ә–ның негізін өткен ғасырдың екінші жартысының елуінші жылдарындағы бақытты өмірді жырлаған, халыққа танымал патриоттық ән — «Менің Қазақстаным» құрады. Бұл ән — жалынды жастықтың әнұраны, халық жанының нағыз поэмасы болып танылған. 2006 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Мемлекеттік нышандар туралы» Жарлыққа түзетулер енгізілді. Еліміздің жаңа Ә. болып атақты ән — «Менің Қазақстаным» («Мой Казахстан») бекітілді. Әуенін Шәмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған ондаған жылдар халық арасында кеңінен таралған бұл әннің – ендігі Қазақстан әнұранының сөзін уақыт өлшемімен үндестірген бірлескен автор — еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Парламент палаталарының депутаттары бірауыздан осы идеяны қолдады. Бұдан кейін жаңа Ә. 2006 жылғы 7 қаңтардағы «Конституциялық заң күшіне ие «Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» Елбасы қол қойған № 112–ІІІ ҚРЗ Қазақстан Республикасының конституциялық заңмен бекітілді. 2006 жылдың 10 қаңтары — ресми жариялау күні — тарихқа еліміздің жаңа Ә. туған күні ретінде жазылып отыр. Бұл музыкалық–поэзиялық шығарманың алғашқы ресми орындалуы Астанада «Ақ Орда» Президент сарайында еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ресми инаугурациясы кезінде болды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Ә. авторлары туралы мәлімет.Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев — экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі. 1991 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақстан Республикасының Президенті.Көптеген ғылыми және әдеби еңбектердің авторы: «Қазақстан экономикасы ақиқат және қалыптастыру мүмкіндіктері», «Әділеттің ақ жолы», «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Еуразия жүрегінде» және тағы басқа кітаптар. Халық арасында танымал «Менің елім», «Үш қоңыр», «Жерім менің» патриоттық әндердің сөзінің авторы. Еңбектері мен шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.
Шәмші Қалдаяқұлы Қалдаяқов — сазгер, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Жастар одағы сыйлығының лауреаты. 1930 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Қапланбек зооветеринарлық техникумында, Ташкенттегі Хамза Ниязы атындағы музыкалық училищеде, Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияда оқыған. Оның шығармашылық қызметі 1950–жылдардан басталады. Халық арасында «Қазақ вальсінің королі» ретінде танымал композитор 300–ге жуық ән жазған. Солардың ішінде халық арасында танымал «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу», «Қайықта», «Ана туралы жыр», «Ақ ерке — ақ Жайық», «Әнім сен едің», «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең», «Қайдасың», «Цыған серенадасы» сияқты белгілі музыкалық шығармалар бар. Композитордың шығармалары «Әндер», «Бақыт құшағында», «Шәмшінің әндері», «Шәмші» атты жәке әндер жинақтарында шығарылған.
Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов — белгілі ақын, Жастар сыйлығының лауреаты. 1935 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданының Қошалақ ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияны халық аспаптары класы бойынша, Мәскеуде М. Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғарғы әдебиет курсын бітірген. «Жазушы» баспасында, «Лениншіл жас» газетінде, Қазақстан Жазушылары одағында, Баспа қызметі жөніндегі мемлекеттік комитетте және «Мектеп» баспасында жұмыс істеген.Ж.Нәжімеденовтің «Балауса», «Сыбызғы сыры», «Өз көзіммен», «Жоқ, ұмытуға болмайды», «Жарық пен жылу» барлығы он өлеңдер жинағы мен «Ақ шағылдар» (1973ж), «Кішкентай» (1975 ж), «Атақ пен дақпырт» (1978ж) атты үш романы басылды.