ӘЛЕУМЕТТЕНУ

адамның әлеуметтік ортаға енуін, орнығып дағдылануын, қоғамдық өмірге, ұжым, мекеме өміріне араласуын, ондағы мінез нормалары мен ұстанымдарды қабылдап, дағдылану, өзін сол ортада орнықтыру және белгілі бір әлеуметтік рөлді атқару үдерісін белгілейтің жалпығылыми, әлеуметтік философиялық, социологиялық термин. “Әлеуметтену” ұғымы мағынасы жағынан “тәрбие” ұғымына жақын келеді, бірақ тәрбие, ең алдымен, мақсатты бағытталған іс–әрекетті білдіреді, ол арқылы адамға белгілі бір қалаулы түрде ұсынылатын ерекшеліктер мен қасиеттер орнықтырылады, ал Ә. үдерісінде тәрбиемен, оқытумен қатар күтпеген, аяқасты болатын жағдайлар да оның сол ортаға дағдылануына ықпал жасап отырады әрі сол арқылы ұжымның, мекеменің, қоғамның мәдениетіне араласады және тең құқылы, толық мүшесі бола алады. Ә. ұғымының  мәні мен мазмұны тарихи тұрғыда өзгеріп отырды. ХІХ ғ. әлеуметтік философия адамзаты табиғатына агрессиялық және өзімшіл сипат беріп, Ә. құбылысы жоғарғыларды қайта түрлендіру, олардан арылту процесі ретінде және әлеуметтік бағдар беру әрекеттері ретінде түсіндірілді. Кейінірек, әсіресе, К.Маркстен кейін, адам әуел бастан қоғамдық–әлеуметтік жаратылыс болатыны мойындалған кезде Ә. біршама нақтылы сипат ала бастады. ХХ ғ. социолог–функционолистері (Т.Парсонс, Р.Мертон) бұл ұғым табиғатынан индивид пен қоғам арасындағы қандайда бір күрестен көрі индивидтің әлеуметтік жүйе талаптарын ондағы қабылданған ережелерді, құндылықтарды және рөлдерді игеру арқылы өз бойына біртіндеп сіңіру, қабылдау процесін көреді. Алайда, индивид бұл ретте әлеуметтік үдеріс субъектісінен көрі оның объекті сияқты көрінеді. Символикалық интеракционизм (Д.Г.Мид, И.Гофман) тұлғааралық өзара ықпалды орталық мәселе ретінде қояды, себебі мұнда индивид басқаның қалауын немесе ол үшін басқа болып есептелетін нақты әлеуметтік ортаның, қоғамның қалауын тек қабылдап қана қоймайды, сонымен бірге, соған қарай өзінің ішкі субъективтік интенциясын жинақтайды, әрі бағыттайды. Бүгінгі Ә. үдерісі үшін қауіпті нәрсе интернет болуы мүмкін, бірақ Ә. мазмұнының күрделенуі табиғи процесс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *