ӘЗІЛ

адамның өзінің айналасындағы адамдары күлкіге шақыру арқылы ұялтуға сөзге тоқтатуға, астарлы, ұрымтал ой айтуға бағытталған әрекеті. Кең мағынада Ә. – екінші адамның күлкілі эмоциясын шақыруға қабілетті кез–келген өмірлік құбылыстар, жағдайлар, сондай–ақ, кез–келген ойлар, фантазиялар, идеялар және т.б. Сонымен бірге, Ә.–ді бір қыры адамның екінші адамды ұялту, сынау, сыр тарту, сөзге тоқтату үшін айтылатын ұрымтал да астарлы көңілді де күлкілі пікірінбілдіреді. Яғни болмысқа, құбылысқа, нақты оқиғаға қатысты көзқарасты білдірудің, баға берудің бір түрі. Алайда, Ә.–де адамның кейбір қасиеттерін сынап–мінеу, іліп–шалу, тәлкек ету пиғылы жатса, артында зілі болады. Жүрекке ауыр тимейтін етіліп, қалжыңға сүйеп айтылған шеберлікпен қажет етеді. Сондықтан мұны “әзіл–оспақ”, “әзіл–қалжың” деп қосарлап айтады. М., Қайқаус: “Әзіл–сықақ айту айып емес, оны аңлап айтқаның абзал. Әзіл айту керек, бірақ әзілің зілді болмасын” (Қабуснама) деп ескертеді. Демек әзіл адамның намысына тимегені дұрыс, олай болмаған жағдайда ол жамандықтың бастамасы болуы мүмкін. Сондықтан Ә. алды – әдепті сөз болуы шарт. Мазақ, бұралқы сөзбен кісіге әзіл айтудан аулақ болу керек. Ащы Ә.–дерде сатираның уыты, ал көңілге қаяу түсірмейтін Ә.–дерде юмордың белгілері болады. Олай болса, Ә. – тапқырлықтың, юморлық сезімнің жемісі бола алады. Алайда әзіл–оспақ, әзіл–қалжыңды сатира, юморға жатқызуға болмайды, себебі, біріншіден, сатира, юмор өмірлік болмыс құбылыстарын ұзақ уақыт байқап–көрудің, зерттеп–білудің, ақыл–ой, дүниетаным елегінен өткізудің нәтижесінде туады. Екіншіден, сатира, юмор белгілі бір дүниетанымның, саяси–әлеуметтік көзқарастың көрінісі ретінде ресми шығарма түрінде жалпы жұртқа жария етілу үшін жазылады. Ал әзіл–қалжың түріндегі шымшыма сөз кез келген жерде – отбасы, ошақ қасында, той–томалақ, әртүрлі отырыстарда айтылады. Онда ресми сипат, кең танымалдық болмайды. Қазақ даласында осындай әзіл–қалжың көп айтылған. Мыс., Абай Қоңыркөкше болысы болып тұрған кезде, оның үйіне Байкөкше ақын келеді. Ол есіктен ене бергенде Абай оны: “Тақыр жерге қауылдап шөп бітеді, Қай адамға мал мен бақ көп бітеді” деп іледі. Сонда Байкөкше: “Кей жігітті пысық деп болыс қойсаң, Қашан түсіп қалғанша жеп бітеді” деп әзілге әзілмен жауап қайтарады. Ә.–қалжың сатира, юмор сияқты ескінің әлеуметтік қалдықтарына, қоғамның ілгері дамуына кедергі болатын зиянды пиғылдырға қарсы бағытталмайды, айтысып, қағысып отырған жеке адамдарға ғана тиістіріліп, тек соны сөзден тосу ниетімен айтылады. Сатира, юмор қоғам мүшесінің барлығына бірдей бағыттала береді, ал әзіл–оспақ дәстүрлі сөз қағыстыру реті бар адамдар арасында ғана, яғни құрбы мен құрдас, жезде мен балдыз, жеңге мен қайын, құда мен құдаша арасында айтылады. Халқымыз “Әзілің жарасса атаңмен ойна” деп Ә.–ді кек тұтпай, қолдап отырған. Бірақ Ә. сөздің басты шарты – құрмет, кішіпейілділік, кіршіксіз ақкөңілділік болып есептелген. Әдептен атталып айтылған Ә. сөз қадірсіз болады да ол өзіңе қайтып оралады, зор ұятқа қалдырады деген ұстанымға сүйенген.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *