ӘДІЛДІК

Қазақтың дәстүрлі әдебіндегі биліктің басты сипаттамасы. Әділ билік ақын–жырауларда әрі мәдени, әрі әдептік, әрі құқықтық феномен ретінде суреттеледі. Қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі әдептік және құқықтық бастаулардың синкретизмі тек күнделікті қолданыста емес, сонымен бірге ғылыми әдебиетте оларды ажыратпай пайдалануға әкеледі. Бір мысал келтірейік. Әдеп және құқықтық реттеу тетіктерінің мызғымас бірлігі қазақтар арасында мәдени синкретизмге де негіз болады. Ол тек рулық–тайпалық қатынастармен шектелмей, сонымен бірге қоғамдық тұтастықтың элементтері болып табылатын әртүрлі әлеуметтік топтар мен жіктерді, қауым мен отбасыны, меншіктік, мұрагерлік қатынастарды, әлеуметтік бірлестіктердегі неше түрлі демографиялық топтарды (қариялар, балалар, әйелдер) қамтиды. Бұл жерде әлеуметтік бедел мәселесі, әлеуметтік қатынастардың не сұрықсыздығы, тұрлаусыздығы, не шиеленістілігі, жанжалдылығы, не келісімділігі, ынтымақтастығы жыраулар үшін алдыңғы қатарға шығады. Мысалы, Бұқар жырау шығармаларындағы өзекті мәселелердің бірі – елдің бірлігі. Ол “бірлік болмай тірлік болмас”– деген қағиданы ұстанады, халықты бірауыздылыққа, ынтымаққа, елді қорғауға насихаттайды. Ру–руға бөлініп өзара қырқысу елді жақсылыққа алып келмейтіндігін, бір–бірімен тату тұруды, ру аралық қақтығыс халықты елдігінен айырып, ел тағдырын мүшкіл қалге алып келуі мүмкін деп елді бірлікке шақырып, елдің қорғанысын күшейту қажет деп, Абылай хандығын нығайту саясатын жүргізді.

Мынадай әлеуметтік ынтымақтастық құндылығы хандық дәуірінде қандай құқық–әдептік тетіктердің қуатымен жүзеге асты Бұл мәселенің өз астары бар. Өйткені қазаққа көршілес мұсылман елдерінде тұлғааралық қарым–қатынас шариғат заңдарымен реттеліп келеді. Қазақ хандығында көшпелі мәдениетке негізделген әдет құқығы өз күшін жоймады. “Қасым ханның қасқа жолының” негізі орта ғасырларда қыпшақ, шағатай ұлыстары қолданған “яргу” заңынан алынған, қазақша жарғы (хақихат) деген ұғымды білдіреді. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудармай, дәл, әділ шешуден шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық бұқарасы ардақтап “қара қылды қақ жарған” деп мадақтаған. Өзінің мазмұны бойынша бұл заңның түбегейлі идеясы ежелгі әскери–демократия арнасына барып тіреледі.

Ә–тің нысаны – елдегі тыныштық. Бұл жөніде ақын–жыраулар шығармашылығында талай тиянақты ойлар айтылған. Қазақ  арасында рулық қақтығыстар, ағайын арасындағы жанжал, екі адамның  ұрыс–керісі бола қалған күнде қазақтың ағайындық береке деген ескі жосығы болған. Мұндайда қалыс ағайындар қарап тұрмайды, оларды берекеге шақырып, араға арашашы, дәнекер болады. Бірер шәугім шайын беріп немесе бірер малын сойып, оларды бір дастарханнан дәм татуға шақырады. Дәмнен үлкен нәрсе жоқ деп білетін халқымыз мұндайда салт бойынша дәмге үйірілуі, ағайын берекесінен аспауы шарт етіледі.

Қазақта тәртіп адам еркіндігін шектеуге бағытталмаған. Қоғамдық тәртіп жайлы халықтың көзқарасының негізінде бейбіт өмірге деген құлшыныс, тыныш өмірді аңсау жатыр. Бір ғажабы, қоғамдық тәртіп заңмен, құқықтық нормалармен тікелей байланыстырылмайды. Тіптен, қоғамдық тәртіп туралы ойдың өзі әлі жеке–дара боп шықпаған еді. Ол ел ішінің тыныштығы, ағайын татулығы, ел жарастығы тәріздес ой–ағымдардың бір қабаты, ажырамас бөлігі түрінде өмір сүрді. Халықтың бірлігі, ынтымақтастығы, тату–тәттілігі – оның өз азаттығынан, еркіндігінен айырылып қалмауы үшін қойылар ең бірінші талап. Алауыздықтан бойын аулақ сала білген ел ғана еркін өмірге лайық, әйтпесе құлдық пен күңдікке душар болу қауіпі әрқашан дайын.

Сонымен, хандық дәуірінде кісілік ынтымақтастықтың ерекше тәртібі болғандығы күмән келтірмейді. Әрине, оны Ф. Хайек тұжырымдаған батыстық өркениетке тән “адамдық ынтымақтастықтың кеңейтілген тәртібі” деп теңестіру дұрыс болмас. Әр этномәдениетке өзіне тән адам мен әлеумет арасындағы үйлесімділікті нығайту тетіктері болған. Бұл жерде белгілі социолог Э. Дюркгеймнің “органикалық ынтымақтастық” ілімін еске алуға болады. Осындай ынтымақтастыққа әр кісі жеке–дара әрекеттеніп (клетка сияқты) өз мүдделерін көздегенімен, жалпы осы әрекеттердің түпкі бағыты тұтастықты жетілдіруге, икемді етуге және сақтап қалуға арналған. Әрине, көшпелілік органикалық тұтастықта сегментарлық, рулық, кландық мүдделер үстемдік етеді. Хандық дәуіріндегі осындай ынтымақтастық тәртібін зерттеушілер “әскери демократия” деп атайды. Бұл еркіндік рухының қазіргі тәуелсіздікке енді ғана қолы жеткен Қазақстан үшін де ғибараты мол. Еңбекке, жаугершілікке деген ұмтылыс көшпенді қазақтар арасында батырлықтың дүниетанымдық, аксиологиялық, эстетикалық ұғымын сараптап шығарды. Құба далада, шетсіз–шексіз жерінде, табиғат аясында күнелтіп, өзінің батырлығына сүйенген, өзін аман сақтап қалатын әскери әдісіне көшпелінің дүниетанымының тарихи қызметі де осында. Сондай тарихи кезең мен тарихи тұлғалар халқымыздың қазіргідей жері, территориясы, егеменді мемлекетініңнегізін салды. Көшпелілер айыптыны тар қапаста ұстамаған, түрме болмаған.

Олар көптеген қылмыс жазасын қатігездік емес, керісінше, ру аясындағы мәмлеге келумен шешілген.Қылмыстар, айыпты мен жәбірленушіні татуластырып табыстыру, достастыру, құдандалар ету,бір–бірінен бала асырап алу секілді ізгі шешім табатын. Кішігірім өкпе–араз, жанжал–ұрыс аяққа жығылу, ат мінгізіп шапан жабу, бас иіп тағзым ету, иіліп ас ұсыну секілді әдетке баулу, бірлікке, достыққа келтіру, кеңдік пен біліктілік таныту арқылу шешімін тауып, қоғамда Ә. орныққан.

Қазақы дүниетанымда әдептік, құқықтық және діни құндылықтардың синкретизмі қырынан қарағанда мынадай тұжырымға келуге болады: дәстүрлі қазақ қоғамында Әділеттілік пен еркіндік имандылық талаптары аясында тоғысқан.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *