Төл сөз бен төлеу сөз

Төл сөз бен төлеу сөз

Сөйлеуші тек қана өзі сөйлей бермей, өз сөзінің ішінде басқа біреудің де айтқанын, сөйлегенін келтіреді.
Мысалы: Балаларға онша нанбай, қарттың сұрағыштай бергенін байқап, артта Сәтенмен әңгімелесіп келе жатқан Байсал:
— Жақа, біздің балалар қолға аласа, іс осылай тез бітеді. — деді ол. (М.И.)
«Ғылым таппай мақтанба», — дейді Абай. Алғашқы мысалда сөйлеуші өз сөзінің ішінде Байсалдың Жақаңа айтқан сөзін келтірсе (Жақа, біздің балалар қолға алса, іс осылай тез бітеді), соңғы мысалда Абайдың айтқан ақыл сөзін (Fылым таппай мақтанба) келтірген.
Біреудің сөзі екі жолмен беріледі: а)ешбір өзгеріссіз, дәл сол айтылтан күйіндегідей жеткізу; біреудің сөзінің мұндай жолмен берілуін төл сөз дейді. Жоғарыда келтірілген екі мысалда да біреудің сөзі төл сөз түрінде беріліп тұр; ә) сөйлеуші тарапынан өзгеріске ұшырап, біреудің сөзінің тек мазмұнын ғана сақтап жеткізу. Мысалы, жоғарыда Байсал айтқан сөзді мына түрде де жеткізуге болады… Байсал Жақаңа өздерінің балалары қолға алса, істің осылай тез бітетіндігін айтты. Абайдың ақыл сөзін былайша жеткізуге болады: Абай ғылым таппай, мақтанбауды айтты. Біреудің сөзінің мұндай жолмен берілуін төлеу сөз дейді.
Төл сөзді болсын, төлеу сөзді болсын жеткізуде оларға жанама түсінік беретін сөйлеушінің өз сөзін автор сөзі дейді. Жоғарыда келтірілген мысалдардағы балаларға онша нанбай, қарттың сұрағыштай бергенін байқап, артта Сәтенмен әңгімелесіп келе жатқан Байсал: …- деді ол; дейді Абай дегендер — автор сөздері.
Ауызекі сөйлегенде төл сөз автор сөзінен дауыс ырғағы арқылы бөлініп тұрса, жазуда олардың арасы тыныс белгісі арқылы ажыратылады. Ал төлеу сөз ауызекі сөйлегенде болсын, жазуда болсын автор сөзінен ажыратылмай, біртұтас сөйлем құрамына енеді.Мысалы:
Төл сөз. Төлеу сөз
— Бұл бала — менің қарындасым, — деді Кенжетай, Асқардың сұрағысы келгенін біліп.
— Бұл үйдің жаны нешеу? — деді Итбай, сөз бастау үшін (С.М.). енжетай Асқардың сұрағысы келгенін біліп, бұл бала өзінің қарындасы екенін айтты. Итбай сөз бастау үшін, бұл үйдің жанының нешеу екендігін сұрады. Осы мысалдағы төл сөздер: Бұл бала-менің қарындасым, бұл үйдің жаны нешеу? Төлеу сөздер: бұл бала(ның) өзінің қарындасы екендігін; бұл үйдің жанының нешеу екендігі. Төл сөздегі автор сөздері: -деді Кенжетай, Асқардың сұрағысы келгенін біліп … айтты; Итбай сөз бастау үшін … сұрады. Алғашқы мысалда төл сөз бен автор сөзі үтір және сызықша арқылы бөлінсе, екінші мысалда сұрау белгісі мен сызықша арқылы бөлініп тұр. Төлеу сөз бен автор сөзінің арасында ешқандайда тыныс белгілері жоқ, демек, олар өзара тыныс белгілерімен ажыратылмайды.
Сөйлеушінің өз сөзінің ішінде біреудің айтқан сөзін өзгеріссіз, айтылған түрінде беруін төл сөз дейді.
Мысалы: Дина бір сөзінде Асанға: «Талабың бар екен, бірақ талап — әлі өнер емес», — деген болатын. (С.Бақб.) Осы мысалдағы: Талабың бар екен, бірақ талап — әлі өнер емес деген сөз — Динаның өз аузынан шыққан төл сөзі; мұны сөйлеуші сол айтылған күйінде жеткізіп отыр. Төл сөзбен байланысты айтылған сөйлеушінің өз сөзін автор сөзі дейді. Жоғарыда айтылған мысалдағы Дина бір сөзінде Асанға … деген болатын деген сөз -автор сөзі: мұнда сөйлеуші төл сөзді кім айтқаны (Дина) және кімге қаратып айтқаны (Асанға) жайында түсінік береді.
Төл сөз бен автор сөзі де көмекші етістігі арқылы байланысады, ол үнемі автор сөзінің құрамында болады және деді, дейді, деп, деген, деген екен (болатын), дей жаздады, дегендей. т.б. тұлғада тұрып қолданылады. Мысалы:
1. — Алғың келген костюміңнің бағысы қанша екен? — деп сұрады әкем, ақырын сөйлеп. 2. — Мен дәрігер болмаймын, әке, ұшқыш боламын, — дедім зордың күшімен айтып. 3. М.Жұмабаев: «Сылдыр-сылдыр сылдырлап, Бірінің сырын бірі ұрлап,
Толқынды толқын қуады», — деп, толқынға жан бітіреді. (Ж.Аймауы-тов)
Төз сөздің мазмұны автор сөзінің ыңғайына қарай біреудің айтқан сөзі ғана емес, оның ойлаған ойы, айтуға оқталған сөзі де болып келеді. Мысалы: «Бұл жақта күн қандай салқын! Алматы қазір күйіп тұрған болар», — деп ойлады, мектеп директорын күткен Жақыпбек терезеден тысқа көз жібере отырып. (М.И.) Бұл мысалда Жақыпбектің айтқан сөзі емес, ойлаған ойы төл сөз түрінде берілген. «Еркем, не қып тұрсың?» — деп қала жаздаған Айбала аузына келіп қалған сөзді ернімен бөгей қойды. (С.М.) Мұнда Айбаланың айтпаған, бірақ айтуға оқталған сөзі берілген, солай бола тұрса да, бұл да төл сөз.
Төл сөздің тыныс белгілері.
Жазуда төл сөз автор сөзінен арнаулы тыныс белгілері арқылы бөлінеді. Төл сөздің тыныс белгілері автор сөзі мен төл сөздің орын тэртібіне және төл сөзді сөйлемнің хабарлы, сұраулы және лепті болуына қарай әр түрлі қойылады.
1. Төл сөз автор сөзінен бұрын орналасса, төл сөз тырнақшаға алынады, не оның алдына сызықша қойылады да, төл сөз бас әріптен басталып жазылады, төл сөздің соңына, егер ол хабарлы сөйлем болса, үтір, сұраулы сөйлем болса, сұрау белгісі, лепті сөйлем болса, леп белгісі қойылады да, одан кейін автор сөзінің алдынан сызықша қойылады. Мысалы: 1) «Білмегенді біле бер», — деді Шәкәрім Қүдайбердіұлы. 2) — Сүтті көп алудың шарасы туралы сөз сауыншы Соқатаеваға беріледі, — деп, Сағила әдейі ресми қалыпқа көшіп, асыға жариялады. (М.И.) 3) — Осы apaға тоқтайсың ба? — деді Шауыпкел. (C.M.) 4) — Бақытыңнан айналдым, балаша қуанған ақ ботам! — деп, Дәмет бәйбіше өз қуанышын көз жасымен білдірді. (Ғ.Мұст.)
2. Төл сөз автор сөзінен кейін тұрса, автор сөзінен кейін қос нүкте қойылады, одан кейінгі төл сөз тырнақшаға алынады, не алдынан сызықша қойылады. Мысалы:
1) Шәкәрім Құдайбердіұлы былай деді: «Білмегенді біле бер». 2) Міржақып Дулатұлы былай деді: — Білмеске сөзің қор болып кетер деген. (М. Дулатұлы).
3. Төл сөз автор сөзінің арасына орналасса, бірінші және екінші пункттерде көрсетілген тыныс белгілері түгел қатысады. Мысалы: 1) Мағжан Жүмабайұлы казақ тілі туралы: «Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім», — деді. 2)Қарашоқыны бөктерлеп, ай маңдай аттың жол жорғасымен жүріп отырып, Абай: — Шыңғыстың бөктері тегіс көктепті-ау! — деп айналаға көз жіберіп келе жатты.
4. Автор сөзі төл сөздің арасына келіп орналасса, автор сөзінің алды-артынан тыныс белгілері былай қойылады: а) автор сөзінің алдынан да, соңынан да үтір және сызықша қойылады, мұндайда төл сөздің екінші бөлігі кіші әріппен басталып жазылады. Мысалы: «Ғылымды пайдаланып отырса да,-деді Ахмет Байтұрсынұлы, — сезбейтін сол пайдасын надандар бар ».
— Апа, — деді Асқар, — саған не болған? Кенжетайды үйге апарайық. (С.М.); ә) төл сөздің соңғы бөлігі дербес сөйлем болып, бас әріптен басталып жазылса, автор сөзінің алдынан үтір мен сызықша (сұрау не леп белгісі мен сызықша) қойылып, автор сөзінен кейін нүкте мен сызықша қойылады. Мысалы: — Маған салсаңыздар, мен Сәтпаев жолдасты қолдап, көмектесуге әзірмін, -деді Деев. – Сәтпаев мәселені кең ойлап, жыраққа көз тастап отыр. (М.Қар.)
5. Төл сөздің көп құрамды түріне жоғарыда көрсетілген түрлерінің тыныс белгілері, әсіресе автор сөзі — төл сөз — автор сөзі және төл сөз — автор сөзі – төл сөз орын тәртіптеріне байланысты тыныс белгілері қойылады; төл сөз ортасындағы автор сөзі тиянақсыз болып, одан кейін төл сөз дербес айтылатын сөйлем болғанда, автор сөзінен кейін қос нүкте қойылады. Мысалы: — Бұл вальс қой өзі? — деп, Әбіш тағы біраз ойланды да: -Атына қарағанда, бір сезікті орыннан естілген күй сияқты ғой, — деп, Мұқанның жүзіне күле қарады. — Қайдан үйренгенсің? (М.Ә.) Бұл мысалда деп, Әбіш тағы біраз ойланды да деген автор сөзінен кейін қос нүкте қойылған, өйткені бұл автор сөзі тиянақсыз және одан кейінгі төл сөз бас әріптен басталып тұр.
6. Бір төл сөздің ішінде екінші төл сөз айтылса, алғашқысының алдынан сызықша қойылады да, соңғысы тырнақшаға алынады. Мысалы: Кейде әжем маған:
-«Ақыл арымайды, алтын шірімейді» деген, ақылды бол, балам, — дейді (CO.). Мұнда алғашқы сызықша төл сөздің бәріне қатысты болса, тырнақша тек мақалға ғана қатысты.
7. Біреудің айтқан сөзі мен ойлаған ойы немесе айтқан сөзі мен айтылмақшы сөзі қатар келсе, айтқан төл сөзінің алдына сызықша қойылады да, ойлаған ойы не айтылмақшы болған төл сөзі тырнақшаға алынады. Мысалы: -«Мынау менің өзімді де танып тұрган қу ғой! Барлық ауылдың атын білгенде, мені де талай көрген шығар?» — деп ойлады да, Әбдірахман күліп: — Қария, отырыңыз. Мен Сүгірбай ауылынікімін, — деді. (Х.Есен.)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *