Талғаулы салалас

Талғаулы салалас

Құрамындағы жай сөйлемдерінің тек біреуіндегі іс оқиғаның жүзеге асатындығына болжал жасауды білдіретін салаластың түрін талғаулы салалас дейміз.
Мысалы: Бұл істің шындығын не көзімен көрген айтар, немесе құлағымен естіген айтар. (Ә. Ә.) Бұл жерде я сен тұрарсың, я мен тұрармын. (X. Ее.)
Талғаулы салалас не, немесе, я, яки, болмаса, әйтпесе, не болмаса, я болмаса, әлде деген шылаулардың қатысуы арқылы жасалады. Бұл шылаулар (болмаса, әйтпесе, не болмаса, я болмаса дегендерінен басқалары) жай сөйлемдердің әрқайсысымен қайталанып, не қайталанбай араларында бір рет келіп, тұра береді.
Кейде талғаулы салаластың құрамында үш жай сөйлем болады: олардың алғашқы екеуі ма, ме сұраулы шылаулы болып, өзара талғаулы шылау арқылы байланысады да, соңғысы сол болжал, тұспал жасалған істің қорытындысын, түйінін білдіреді. Мысалы:
«Басқа түссе, баспақшыл» ма, әлде бұған дейін дағдыланғандары бар ма, – балташылар да, арашылар да, сүргішілер де сол әйелдердің арасынан табылды. (С.М.) Құлазыған көңілі баланы жұбаныш, қуаныш еткісі келе ме, әлде жоқ іздеген көңілдің көп далбасасының бірі ме, әйтеуір, бұл сұрақ Шәкенге ауыр тиді. (F. Мұст.)
Кезектес салалас
Құрамындағы жай сөйлемдері арқылы берілген істің, оқиғаның кезек-тесіп келуін білдіретін салалас сөйлемнің түрін кезектес салалас дейміз.
Мысалы:
Клубта кейде кино болады, кейде қызықты баяндамалар тыңдалады. Машина жүрісін бірде шапшаңдатады, бірде баяулатып әндетеді. Экскаватор біресе ұзын мойнын жоғары көтереді, біресе төмен созып күрк-күрк етеді. (Ғ. Мұст.)
Кезектес салалас бірде, біресе, кейде деген кезектес мәнді жалғаулық шылаулардың қатысуы арқылы жасалады. Бұл жалғаулықтар көбінесе жай сөйлемдердің әрқайсысымен қайталанып айтылады: Біржан біресе бұлбұл нақысты, көп ырғақты «Жиырма бесті» созады, біресе назды қоқыр, кең тынысты «Жанбота» шығады. (М. Ә.)
1-жаттығу. Мәтіннен талғаулы салаластарды теріп жазыңыздар да, қалай құрмаласып тұрғандығын түсіндіріңіздер.
1. Кезек-кезек шелекті не машинамен айналдырып шығарады, не атпен айналдырып тартып шығарады. (С. С.) 2. Биғайша селк ете түсті, бірақ. қысылғанын білдірмеуге тырысты. (X. Ес.) 3. Сапар бұл сөзін қаншама нық айтам десе де, даусы сәл дірілдеп солғын шықты. Я алдымда булығып ашу тұрды, я көзінде жаңа бір үрей тұрды. (М. И.) 4. Ешбір өзгеріссіз суда ақырын тербеледі, қалтқы да жыбыр-жыбыр қозғалады. 5. Биғайша ерінің ел қамын жейтінін, игі істер істеп жүретінін іштей мықтап түсінетін, сондықтан оны жаманшылықтан, көлденең сөзден қызғыштай қоритын. (X. Ес.) Қашан шықтың ауылдан? Тура келесің бе, әлде жолдағы ауылдарға соқтың ба? (X. Ес.) 7. Мен, әрине, оның менен нені білгісі келіп тұрғандығын түсіндім, әйтсе де оған барғым келді. (М. Г.) 8. Түбінде, бұл ең бері салғанда, ғылымның бір маманы болады, әйтпесе, көрерсің, осыдан дындай академик шығады. (С. М.) 9. Күндіз ылғи ұзақ. жырлар жырланады немесе әредікте шешендер, ділмарлар айтқан тақпақ, тартыс, билік, даулар айтылады. (М. Ә.) 10. Біз оған көмектесуіміз керек. Бұл жолда ұрысуға да, намысына тиюге де болады, алайда арамыздан аластауға болмайды. Ол да өзіміздей ұжымның мүшесі, жолдасымыз, жақынымыз. Сен намысыңды, үжымыңның намысын солайша, оны сапқа қосып қорғауың керек. (М. И.).
2-жаттығу. Талғаулы салаластардың жалғаулық шылауларын түсіріп жазыңыздар да, олардың енді қандай салаласқа айналғанын түсіндіріңіздер.
1. Не мына Әбдіні қолымызға шығарып бер, не болмаса кепіл бол. 2. Дәулеткелді бұның не сөзінен қызық күтеді, не бір мінезінен әлдеқандай қызық күтеді. 3. Қалада жайланып жатып емделем бе, болмаса дәрігердің рұқсатымен елге қайтам ба, – ақылыңыз керек боп отыр. 4. Көзге ілінетін ұзын шидің басын, селдір қамысты талшық етеді немесе анда-санда кездесетін тікенді шеңгелді, қарағанның басын түйелер үзіп-жұлып талшық етеді. 5. Кейбір кәрі бие, қартаң ат, арық кұнан, байталдар не шөге жығылады немесе бүйірінен опырыла құлайды. (М. Ә.) 6. Ол кезде мен толқындай шапшыған сөздерді жақсы көруші ем, я болмаса шапқан аттай шаңдатқан сөздерді жақсы көруші ем. (Ғ. М.) 1. Маған бура я жетер, я жетпес еді. 8. Бетіне іркістеле құм байланған жазық далада машина еркін жүре алмады ма, әлде қашқан жануарлар жүйрік пе – киіктер үзақ уакыт шалдырмады. (С. М.)
3-жаттығу. Мәтіннен кезектес салаластарды тауып жазыңыздар, салаласу жолдарын түсіндіріңіздер.
І. Қазан аспаның аузында от кейде жылтылдайды, кейде қызып жанып лапылдайды. (М. Ә.) 2. Құлыншақ – бірде көл кісі, бірде шөл кісі. 3. Тынысы тарылып, тұла бойы бір ысып, бір суынды. Тамырлары қатты соғып, есінен біресе адасады, біресе қалпына қайта келеді. (Р. Райымқұ-лов.) 4. Ауыр жарақаттың зардабынан көтеріңкі тартқан қуқыл бетіне біресе болмашы қан жүгірді, біресе қуара әудемде әлденеше құбылды. (С. О.) 5. Аттардың дүсірлері біресе оң жағына ойысқандай болып отырды, біресе сол жағына ойысқандай болып отырды. 6. Баяу ескен жел бірде басылады, бірде толқып жасыл шөптердің бастарын акырын ғана ырғайды. 7. 0ның қара кер көзі айнадай жалтырап, кейде нәзік мұнарланып жасаурады, кейде тұнжырап терең ойға батты, кейде гауһарша жалтылдап от шашты. (С. С.)
4-жаттығу. Берілген жай сөйлемдерді мағыналарына қарай топтасты-рып, кезектес салалас етіп құраңыздар.
1. Сейтжан оны қыста таудағы мұз айдынында көрді. 2. Жазда еңбек даласында көрді. (Р. Райымқұлов.) 3. Қызыл бұйра тобылғылы, жасыл қоңыр Қарағанды адырлар, шоқылар, таулар қалып жатыр. 4. Желбіреген ақ селеулі дала қалып жатыр. (С. С.) 5. Ойы шарқ ұрады. б.Қабағын тұнжыратады. 7. Шырайы күлім қағады. 8. Нұрғали Жұманға қарады. 9. Ол Аманбайға да қарады. 10. Екеуі апалақтап олай жүгіреді. 11. Бұлай да асығып жүгіреді. 12. Құбылмалығы ескен желдей. Оңнан жүгіріп шығады. 13. Солдан жүгіріп шығады. 14. Қалқай қағазға қарайды. 15. Ол Хасенге қарайды. 16. Қолын артына ұстайды. 17. Сол қолымен белбеуін ұстайды. 18. Бүйірін таянып келе жатқан адамның түріне келеді. 19. Балақаз ашулы арыстанға ұқсайды. 20. Ол теңіздің толқыған долы толқынына ұқсайды. (М. И.) 21. Қаңғыр-күңгір шыққан адам дауыстары үзіледі. 22. Ол — дауыстар тұтасып кетеді. (Ғ.С.)
5-жаттығу. Көшіріп салаластардың түр-түріне қарай ажыратыңдар да, әрбір жалғаулықтың мәнін түсіндіріңіздер.
1.1. Сәуле біресе отыра қалып жазды, біресе комбайнның макетімен шұғылданды. (Ә.Ә.) 2. Мен де шат, менде және халқым да шат. (Ж. Ж.) 3. Ана әлдебіреу келер деп күтті, бірақ ешкім келмеді. (М. Г.) II. 1. Асқар онша әнші жігіт емес еді және оның даусы да пәлендей қоңыраулы болмайтын. (С. М.) 2. Жүріп келе жатып сөйлеу қиын ғой, сондықтан бұлар үндемей келеді. З. Ол бұрынғы Виллиге ұқсамайды, өйткені ащы дауыс оны тез-ақ есінен тандырған. 4. Генри үлкен қып отты жақты, өйткені ол өз денесі мен қасқырлардың тісінің арасына от қана кедергі болатынын біледі. (Дж Л.) 5. Сіздердің алдарыңызда таудай екі міндет тұр, сондықтан да ертеңнен бастап жұмысқа кірісулеріңіз керек.
6-жаттығу. Сөйлемдердің ішінен жалғаулы салаластарды тауып, олардың басқа салаластардан айырмашылығын көрсетіңіздер. 1. Осы бірер минутта жанды жеген жұмбағым шешіледі. Я мынау емендей ең жоғары көтеріліп көкке шырқаймын, я мынау шіріген орындықтай қайысып, шөгіп қаламын (М. И.). 2. Мұны да айтатын еді, – пеш жанында тұрған Күлзипа-ның тесіле қарағандығы ұстап қалды (Ғ. М.). 3. Сізге не Мұрат бірдеңе айтқан, не Мырқалдың қоңырсытып жүрген сөзін естігенсіз. Егер Мұрат бірдеңе деген болса, жасырмай-ақ айта беріңіз. 4. Біздің бұл кеңесіміз ұзақ-қа созылуы мүмкін, сондықтан тезірек бастайық (Ә. Ә.). 5. Өзен – ағаш сияқты да, сағалар – оның тамырлары сияқты (С. М.). 6. Бұл біздің қойшы баланың әні. Байқайсыз ба, ән сазында не жалғыздық көңіл-күйінің уайым ұйтқыған мұңды сазы жоқ, не жетімдігін еске түсіретін қайғы жалыны ес-пейді. (А. Лек.). 7. Сапар бұл сөзін қаншама нық айттым десе де, даусы сәл дірілдеп солғын шықты. Я алқымда булығып ашу тұрды, я көңілде жаңа бір үрей тұрды. (М. И.). 8. Лиза орман құстарының әуеніне салып ысқырып еді, әлгі сыбыр шыққан жақтан төрт адамның қарасы көрінді (А. Лек.). 9. Түбінде бұл ең бері салғанда, ғылымның бір маманы болады, әйтпесе көрерсің, осыдан дыңдай академик шығады (С. М.).
7-жаттығу. Талғау мәнді жалғаулықтардың қайсысы талғаулы салаласты, қайсысы бірыңғай мүшелерді байланыстырып тұрғандығын ажыратып, олардың арасындағы айырмашылығын түсіндіріңіздер.
1. Сіздің не аңшы екеніңіз өтірік, не қорқып келе жатқаныңыз өтірік (Э. Ә.) 2. Осыдан басқа не бір дыбыс, не қозғалыс, не бір сөзбен сыр берген жоқ. (М. Ә.) 3. Бұл сөздердің бірін де я Раушанның, я Бәкеннің көзінше ешкім айтқан емес. (Б. М.). 4. Ара-тұра болса да не бір тұщы көл, не бір тұщы бұлақ, я өзен бітірсейші кең далаға. 5. Орныма кісі табылмайды деген сөз бе екен. Не Самарқан бола салар, болмаса Анатолий Кондратьевичтің өзін қыстаймын. (Ж. М). 6. Әлде әзілі, әлде мазағы екенін түсіне алмаған Дана бір қызарып, бір сазарып, не күлерін, не ренжірін білмей отырды. (С. Сарғасқаев) 7. Сенің алдыңда екі-ақ жағдай бар: не сабақты жақсы үлгіруің керек, не университетті тастап ауылға кетуің керек. (С. Шайм.)
8-жаттығу. Көшіріп жазып, тиісті тыныс белгісін қойыңыздар.
I. Ала көлеңде су беті бейне бір қара айнаның жүзіндей жалтырап жатыр. Қыбыр еткен не жан иесі жоқ шөп басын шайқаған не бір жел де жоқ.. 2. Құрманның кекесінін түсінбей қалды ма әлде өз ниетін тез ұқтырғысы келді ме әйтеуір оны әлдебір жаққа шақыра түсті (X. Ес). Қылығы сонша тәтгі қазір қабағыңды жаптырмайды орынсыз жерде күлдіреді сөйлетеді. 4. Кепедегілерге хабар айта кетті ме әлде жылынғысы келді ме немесе бұғып атыспақ болды ма қарауыл жоғала қалды (С. М.). 5. Олар біреудің қараңғы бөлмесінде немесе бақшадағы алма ағашының көлеңкесінде бірнеше сағат бойы күбірлесіп отырады да қояды немесе өзеннің жағасында сайдағы ағаштардың көлеңкесінде отырады. 6. Олар осыдан басқа түк те айтқан жоқ біріне-бірі басқа бірдеңе айтуға да үлгере алған жоқ. Топтары өзінен-өзі ажырай бастады қыздарының көбі поселкеге үйлеріне қарай жүгірді ал Майя, Саша – үшеуі тас жолды көлденең кесіп өтетін сүрлеудің бойымен аудандық комсомол комитетіне жөнелді. (А. Ф.).
9-жаттығу. Кезектес салалас сөйлемдерді тауып, өзіндік ерекшелігіне сипаттама беріңіздер.
1. Перде біресе ойнаған баладай боп Абай оқып отырған кітап бетін жасыра бүркеп қалады, біресе желпи қағып кітаптың жазуларын сыпырып ұшыруға тырысқандай болады. (М Ә ). 2. Жастар бір бөлек әзілдесіп отыр екен, мен де соларға қосылдым (Б. М.) 3. Қарсы алдан қаһарлана соққан дауыл арпалысып алға жібергісі келмегендей кейде шегін тартып ысқырынады, кейде долданып самолётті шайқап-шайқап жібереді (Ә. Ә ). 4. Кей жерлерде жан түршігерліктей қиын: бір жағың – түбі қарауытып жатқан терең құз, бір жағың – аспанмен таласқан шың; жолы тар әрі ирек. (С. М.) 5. Бірде ол да ақтарыла салатындай жақын көрінеді, бірде салқын тартып алыстап кетеді (Т. Ахт.)
10-жаттығу. Кезектес мәнді жалғаулықтардың қайсысы кезектес салаласты, қайсысы бірыңғай мүшелерді байланыстырып тұрғандығын ажыратыңыздар.
1. Әшейінде ықшам, оңтайлы жас дәл керекті жерде ордаңдап, қыз қасына жанаса алмай келе жатыр. Біресе бір адым озып кетеді, біресе кейін қалып қояды (Ғ. М.). 2. Баян бәйбіше бір жапырақ қағазды жүрегіне қысып келе жатыр. Хатты біресе кеудесіне қысады да, біресе оған мейірі қанба-ғандай бетіне басады. (Ә. Ә.) 3. Төменде көшіп жатқан бұлт керуені – кейде Мақтааралдың мақтасындай шудаланған майда ақ бұлттар, кейде Қара-ғандының көміріндей қою қара бұлттар кездеседі. (Ә. Ә.) 4. Тереңде жатқан кішірек тұз көзі біресе күлімдеп бері шығады, біресе қозғалмай кішірейіп терең арнасының түбіне кетеді (Ғ. Мүст.). 5. Толқын кейде қозы жүндес бұп-бұйра, кейде жылқы жалдас қырлана төгіледі, кейде бура өркешіндей сопая шапшиды; кейде кенеттен бұрқ ете қалған өрттің түтін будағындай шұбалаңдайды (Ж. Арыст.). 6. Жүргіншілердің оң жағынан, кейде сол жағынан қар жамылған жалаңаш төбелер кездеседі (Ә. Н.). 7. Полктердің командирлері бірде маған, бірде штабқа офицерлер мен жауынгерлердің ерліктері туралы үсті-үстіне хабарлап жатты (F. Сафиуллин).
11-жаттығу. Көшіріп жазып, тиісті тыныс белгісін қойыңыздар.
1. Қиял құсы біресе қанаты буылғандай төмен кұлдилайды біресе қайқаң етіп қасқая көтерілген қыран құстай жоғары шырқайды. Кейде көзіңнен тасалауға қимайтын Гүлжаһан сияқты аяулы қарындастар мен батыр бауыр, бағылан ағалардың артта қалып бара жатқанына налисың кейде солардың көкке көтерілген даңқына шаттанасың.2.Кейін білдім біз үшеуіміздің басып отырғанымыз негізгі бір күйдің пернесі екен. 3. – Рас, ғажап екен!.. – дегеннен басқа ештеңе дей алмай, шым-шытырық ойға түстім. Біресе жаудан тартып алған самолётпен елге қарай ұшып келе жатқандай қуанамын біресе аспаннан құлап келе жатқандай үрейленемін. Кейде жайдары ашық күні бар кейде бұрқ-сарқ еткен бораны бар түнерген түнек ойда келе жатып, күннің кеш кіргенін де сезбей қалыппын. (Ә Ә.). 4. Оның түсе қалғысы келіп еді ширыққан, қызған аттар жұлдыздай ағып өте шықты. 5. Сенің бір жаман мінезің бар Бүркітбай кісіге сенбейсің. (С М). 6. Біресе басымен үйді нұқсқайды да біресе сақалымен шанада жатқан әйелді нұсқайды (F. М.). 7. Қаланың басқа аудандарынан мұның бір ғана өзгешелігі мұнда бұрынғы қазақ хуторлары үйлерінің бірсыпыралары сақталған, бұл әркімнің жеке меншігіндегі, әркімнің өз қалауынша салынған әр түрлі үйлер еді (А. Ф.)
12-жаттығу. Көшіріп жазыңыздар да, салаластың қай түріне жататын-дығын ажырата отырып, тиісті тыныс белгісін қойыңыздар.
1. Асқар екі нәрсені қолына берік ұстады біреуі төрт бұрышты фанер тақтайға желімдеп алған жоғарғы манифест екіншісі винтовка.2. Қалғып кеттің болды тыңайып сала бересің. (С. М.) 3. Сәуленің соны айтуы-ақ мұң екен елден бұрын Олжай қолын ала жүгірді. 4. Ә, екеуіңіз жақсы отыр екенсіздер сіздермен сөйлесетін бір үлкен жай бар (Ә. Ә.). 5. Егер сен мінбеге шыққан екенсің ендеше кәне дұрыстап сөйле (Ә. Нұрш ). 6. Анатолий Уляның бұл мінезіне кейіген жоқ ол тек мына қысылшаң жағдайдан қалай құтылудың амалын іздестіріп тұр еді. (А. Ф.). 7. Сол ұрыны қазір ұстап бермеді бар ғой онда бұл жерден осы кеткенімнен хабарымды қайтып тірі пенде естімейтін болады (М. Қар ). 8. Басын көтерсе-ақ болғаны ұшып жүрген көбелектерге көзі түседі (А. Байт.).
13-жаттығу. Мына салаластардың мағыналық және тұлғалық ерекшелігін ажыратыңыздар.
1. Сол арада сырнай, домбыра, гитар, мандолиннен құрылған оркестр де ойналып жатыр, хор мен ән де айтылып жатыр, біреулер билеп те жатыр (С. М.) 2. Адалдық дегенім сол – адалдық бар жерде адамгершілік бар, адамгершілік бар жерде батырлық бар. (С Бақб.). 3. Осы бала жігітті Кәрден бұрын бір жерде көргені бар, бірақ есіне түсіре алмады (3. Ш.) 4. Әдемі, ұсақ жазулы книжка өндіріс ойларымен толы екен, сағат үшке дейін айтып бітіре алмады (Ғ. Мұст.) 5. Әркім өз ісімен өзі болып отыр, мен объектіні дәл табуға тырысамын, Катя самолётті дұрыс басқаруға тырысады (X.Досп.). 6 Жұмыс көп қой, жеңгей… жеңгей демейінші, замандас Менен үлкен емессіз және қожайын да емпеңдеп калған шал емес. 7. Ол – Шитовпен көбіне-көп қазақша сөйлесетін, өйткені бұл – қазақ ауылдарымен іргелес селениеде туып өскен белгілі егінші шаруаның баласы – орысша сөйлеген қазақты жаратпай қалатын еді де, қате сөйлеген жерін қазақшалап жөндеп отыратын, оның үстіне тіпті кейбір мақал-мәтелдерімен сөзін өрнектеп, сөйлеуге құмар болатын (X. Ес.)
14-жаттығу. Салалас құрмаластарды түр-түріне ажыратып, тиісті тыныс белгісін қойыңыздар
1. Мектеп бітіруімізге бірталай уақыт бар сонда да болса әрқайсымыз-дың неге икем екеніміз байқалып қалған-ды (X.Досп.). 2 Тоңның қалыңдығы кей жылда метрден асып кетеді және бір ғажабы – тоң кей жерде кәдімгі судың бетіне қатқан мұзға ұқсайды (С. М.).3. Не мен түк түсінбеймін не осылар түк түсінбейді.(Ә. Ә.) 4.Жоқ бәрі де үрей болып шықты сақылдаған өз тісі дүрсілдеген өз жүрегі (Г. С). 5. Майданда өткен бірнеше ай ішінде Дусяның көңілді күйіне бойымыздың үйренгені сонша оның жоқ кезі ойсырап көрініп тұратын. (X. Досп.) 6. Оның бойына қуат, ойына ақыл, бетіне ажар, осы Сыр бойында ғана бітеді. Сырдан айырдың солдырдың оны. 7. Дәрігердің айтқан ақылы каналдың жер қазу жұмысы басталғанша дем алу. Бірақ оған уақыт қайда жұмыс бастан асып жатыр. (С. М ) 8. Мыркал өзінің неліктен мұнша шошитынын айтпақшы болып еді кеңеске шақырылмағандар келіп қалды да үлгере алған жоқ (Ә. Ә.). 9 Дәркембайдың ендігі сөздеріне кейде ызалы мысқыл араласады, бірақ сонысын да бір қалыпты салқын сабырмен айтады. (М. Ә.)
15-жаттығу. Салалас құрмаластарды әуелі түр-түріне ажыратыңыз-дар, содан кейін жалғаулық шылауларын алып тастап, мағыналық қарым-қатынасында өзгерістің болатын-болмайтынына көңіл аударыңыздар да жетпейтін жеріне тыныс белгісін қойыңыздар.
I. Әлі қалыңдап қар түскен жоқ, бірақ келте сонар боп таңға жақын жауатын не жұқалаң-қырбық қар, не қылау күн сайын болады (М. Д.), 2. Дес бергенде, ошарылған сен тез қозғалып кеткен де, тасыған су жыралардан төмен түскен. 3. Хаттың ендігі жерін аттамалатып жазам, өйткені мен жазатын повесть аяқталып қалды (С. М.). 4. Өзен суы әрі мол, әрі ағыны күшті (F. С). 5. Нәзекет терезені ашып, сыртқа қарады. Көз жанары терезе алдындағы ақ қайыңға түскенде, оған бұрынғыдан да қызыға қарады. Нәзік бұтақтарына тізбектеле өскен жас жапырақтары кейде бір әсем музыканың ырғағында қатарлас билеп жүрген балалардай көрінеді, кейде сол жапырақтардың сыбдырынан әлдеқандай естімеген сыр сыбдыры құлаққа келеді (А. Лек.). 6. Алмастан қатты тас жоқ, сондықтан оның бетіне таңба салу аса қиын еді (А. Маш.).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *