Сабақтас құрмалас сөйлемнің жасалу жолдары туралы түсінік

Сабақтас құрмалас сөйлемнің жасалу жолдары туралы түсінік.
Құрамындағы жай сөйлемдерінің алғашқысы тиянақсыз болып, соңғы-сына бағына байланысқан құрмалас сөйлемнің түрін сабақтас құрмалас сөйлем дейміз.
Мысалы: Таңертеңгі тұнық, ауа енді мұнартып кең даланы сұлу сағым басты. (Т. Абдрахманова.) Машина жолда бөгелмесе, тура үш сағатта барып қаламыз. (Н. Ғабд.) Хамиттер ерте тұрып аттанатын болғандықтан, жаңағы жай-күй айтысудан өзге әңгіме қозғалмады. (А. Ханг.)
Бұл құрмалас сөйлемдердің бірінші жай сөйлемдерін өз алдына бөлек айтуға келмейді, өйткені олар тиянақсыз. Таңертеңгі тұнық ауа енді мұнартып…, машина жолда бөгелмесе,… Хамиттер ерте тұрып аттанатын болғандықтан, … Құрмалас сөйлемнің құрамындағы мұндай тиянақсыз жай сөйлемдерді бағыныңқы сөйлем дейді. Құрмалас сөйлемдердің екінші жай сөйлемдері тиянақты. Олар өздігінен дербес айтыла да береді. Кең даланы сұлу сағым басты. Тура үш сағатта барып қаламыз. Жаңағы жай-күй айтысудан өзге әңгіме қозғалмады. Құрмаластың құрамындағы мұндай жай сөйлемдерді басыңқы сөйлем дейді.
Сабақтас құрмаласты былай көрсетуге болады:
бағыныңқы басыңқы
Сабақтас құрмаластың жасалу жолдары бағыныңқы жай сөйлемнің баяндауышына қарай белгіленеді.
1. Бағынынқының баяндауышы етістіктің көсемше түрінен болады. Мысалы: Бір кезде орман шуылдап, дауыл соқты. (Н. Ғабд.) Сауран шаңғыға әуесқойлардың бірі бола тұра, әлі күнге мұншалықты ұзын алқапта, әсіресе мынау еңістікте, сырғанап көрген емес. (К. Баялиев.)
Бағыныңқының баяндауышы шартты райлы етістік болады. Мысалы: Жақсы, үлгілі комбайншы бола алсақ, бұдан артық қандай абырой бар.(Ш. Ғабд.)
2. Бағыныңқының баяндауышы есімшеден болады:
а) есімшеге -ша-/ше, -дай/-дей жұрнақтары немесе жатыс, көмектес септік жалғаулары, болмаса -дықтан/-діктен қосымшасы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: Хамит пен Кенжебектің қарасы үзілгенше, Қалиша мен Ермек үйге кірмеді. Осы хабардың өзі жанға арқау болғандай, келушілер кө-ңілденіп тарасты. (А. Ханг.) Ауыл шетіне іліге бергенде, жолаушылардың ал-дынан екі-үш бала жүгіріп шықты. (Н. Ғабд.) Ай әлі тумағанмен самсаған-жұлдыз-дың жарығы жақын тұрған қара-қараны анық аңғартады. (А. Ханг.) Әбден тозығы жеткен ескі үй болғандықтан, оған ешкім кірген жоқ. (Н. Ғ абд.)
ә) есімшеден кейін, сайын, соң, бері, шейін, бұрын шылаулары немесе кезде, шақта, уақытта көмекші сөздерінің келуі арқылы жасалады. Мысалы: Көкшетау облысына келгеннен кейін, маған Айыртау ауданындағы жаңадан қүрылатын астық кеңшарына баруға жолдама берілді. (Н. Ғабд.) Бұлар тау ішіне сүңгіген сайын, Бүркіт жатағының қойнаулары бастарын көтерісіп алғандай үрпиісе қалыпты. (К.0.) Енді Ұлжан мен Зейнептің екеуі бірдей қостаған соң Раушанның әңгімесін тез доғарғысы келмеді. (Б. М.) Елдің бәрі үйді-үйіне ағылған кезде, ол орнында қозғалмастан тұрып қалды. (Т. Ахт.)
Сабақтастың құрамындағы бағыныңқы сөйлемнің бастауышы баяндауышымен (шартты райлы етістіктен болғанынан басқасы) қиыса байланыспайды, басқаша айтқанда, бастауышы әр түрлі жақта тұрса да, баяндауышы өзгеріссіз қала береді. Мысалы:
Бағыныңқы сөйлем Басыңқы сөйлем
Мен
Сен
Сіз
Ол
Біз келгенде, Нығмет кітап оқып отыр екен.
Сендер
Сіздер
Олар
Бағыңыңқы сөйлемнің шартты райдан болған баяндауышы ғана бастауышпен жақ жағынан жекеше, көпше түрде қиыса байланысады.
Бағыныңқы сөйлемдер: Мен келсем,… Сен келсең,… Сіз келсеңіз…. Ол келсе, …Біз келсек,… Сендер келсеңдер,… Сіздер келсеңіздер,. Олар келсе,…
Сабақтас құрмаласта бағыныңқы сөйлем басыңқы сөйлемнен бұрын тұрады. Тек төл сөзді сөйлемде, өлеңде олардың орны ауыса береді. Мысалы: — Мен ғой. Танымай қалдың ба?- деді әлгі кісі, ол да өзін танытайын дегендей, даусын анығырақ шығара. (А. Ханг.) Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде. (Абай.) Алғашқы мысалда автор сөзі ол да өзін танытайын дегендей, даусын анығырақ шығара деген бағыныңқы сөйлеммен аяқталған соңғы мысалда сабақтас құрмалас мінездерін көргенде деген бағыныңқы сөйлеммен аяқталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *