Мезгіл, мекен, сын-қимыл, мөлшер үстеулер

Мезгіл, мекен, сын-қимыл, мөлшер үстеулер.

Мезгіл үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің мезгілін, мерзімін білдіреді де, қашан? кашаннан? деген сұрақтарға жауап береді. Мезгіл үстеуі етістікпен тіркесіп қолданылады. Мысалы: бүгін келді, ертең барады, таңертең тұрады, бұрын жүрді, күні бойы дайындалды, күні-түні оқиды, жазғытүрым келеді, т.б.
Мекен үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің болу орнын, бағытын білдіріп, қайда? қайдан? деген сұрақтарға жауап береді. Мекен үстеулері негізінен етістікпен тіркесіп қолданылады. Мысалы: ілгері жүр, жоғары тартты, төмен түсті, алды-артын орады, әрі-бері жүрді, жолшыбай ала кетті, т.б.
Сын-қимыл үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің амалын, сынын, бейнесін, тәсілін білдіріп, қалай? қалайша? қайтіп? кімше? деген сүрақтарға жауап береді. Сын-қимыл (бейне) негізінен етістікпен тіркесіп жұмсалады. Мысалы ақырын жүрді, тез келді, бірден сөйледі, шалқасынан құлады, балаша мэз болды, бостан-бос жүрді, т.б.
Мөлшер үстеуі қимылдың немесе сынның мөлшерін, көлемдік дәреже-сін, шама-шарқын білдіреді де, қанша? қаншама? қаншалық? қаншалап? және кейде қалай? қалайша? деген сұрақтарға жауап береді. Мөлшер үстеулері бірде етістіктермен тіркесіп, кимылдың мөлшерін, шама-шарқын білдірсе, енді бірде сын есімдермен тіркесіп, сынның мөлшерін білдіреді. Мысалы: онша жараспайды, анағұрлым көбейді, недәуір өсіпті дегенде етістіктермен тіркесіп, қалай? қанша? деген сұраққа жауап беріп, ал онша биік емес, анағұрлым үлкен, недәуір ұзын дегенде, онша , анағұрлым, недәуір мөлшер үстеулері биік (емес), үзын, үлкен тәрізді сын есімдерімен тіркесіп, қалай? немесе қанша? деген сұраққа жауап беріп, сынның мөлшерін, көлемдік дәрежесін білдіріп тұр.
Мезгіл, мекен, сын-қимыл, мөлшер үстеулері құрамы жағынан негізгі және түбір немесе күрделі бола береді.
Жаттығулар жинағы
№1. Мезгіл үстеулерін тауып, көшіріп жазыңдар.
а) Жұмыс
— Ал, енді тынығайық, -деді, тамақтан кейін біраз отырып, әңгіме қозғаған атасы сөзін доғарып, орнынан ырғала түрегеліп. — Ертең ерте тұрып, шөпке баруым керек.
Керім де қозғалып:
— Ата, мені де ертерек, өзіңіз тұрғанда оятыңызшы! — деді өтініп. Бұған:
— Сенің қалып бара жатқан қандай шаруаң бар еді? — деп күлді атасы.
— Ертең мектепке барамын ғой?!
— Ә, айтпақшы, солай екен-ау, оның да дұрыс, — деді атасы Керімді қоштап.
— Жарайды, оятайын.
— Қарағым-ау, сен қайда асығасың? — деп таңданып қалды әжесі. Әлденеге асыққан немересінің соңынан қарады. Керім артына бұрылып, түсінік берді:
— Әже-ау, ертең бірінші қыркүйек — менің оқуым басталатын күн емес пе?!
— Ә, солай ма, айналайын!.. — деп, ойға шомды әжесі — өтіп бара жаткан уақытты сезбейді екенбіз-ау…
Керім үнсіз қалған әжесінің көңілін аулағандай жай-жапсарды толық баяндады:
— Мана мектепке барып, Кәлима апайға сәлемдесіп қайттым. Атам ешқашан кешікпейді ғой. Мен де сабақтан кешікпеймін!
— Дұрыс балам!-деді атасы Керімді қапсыра құшақтап. — Қандай жұмыс істесең де, қайда жүрсең де тиянақты, тындырымды болып үйренгенің жөн. Ер жігіт ылғи да сергек болуы керек!…(Т.Толыбаев.)
ә) Бұдан бүрын Аққасқаның аз-аздап қоянға жүгіртіп, екі-үш суытып алған. Бүгін таңертең аз ғана ас құйылған екен. Күздігүні үй ішінде сойып жатқан қойдың етін жегізбей ұмтылғанда, Қасенді де бір-екі рет қауып алған. Тау басынан желдетіңкіреп ызғырық соғады, күн әзірше суықтау. Айналаға Аққасқа да анда-санда бойлап-бойлап жағалай қарайды. Енді бір-бірінің босап кетуіне жол жоқ. Қалың да емес, қыстың орта кезі болса да, биыл қар жұқа болатын. (М.Ә.)
в) Нағашым бүгін әдеттегісінен кешігіп келді. (Ә.Дәнекеев) Қасен менің басыма бұрын келмеген ойды әкеп салды. Былтырлар оның сауда обороты губерниялық тұтынушылар кооперациясынан асып кетті деген. (С.М.) Бүгін бір кез әкесімен Ұранқайда отырғанда Әбіш Сахара тіршілігінің мұңы таң қалдырған бір жайын сөз қылды. Абайға әзірге әрбір сөзді ұзаққа созған жоқ. (М.Ә.) Қазір Еркебұлан сол ақ отаудың төрінде жалғыз отыр. (Ғ.М.)
№2. Мекен үстеулерін тауып, сұрақ қою арқылы қандай сөзбен тіркесіп тұрғанын көрсетіңдер.
Сонда колхоздың кешке тыста отырған үлкендерінің арасындағы бір қартаң ұста қолы мерттіккен баланың шынтағын Ілиястың және басқа топ балалардың көзінше қолма-қол төмен жұлқи тартып, салып жіберген болатын. (Ғ.Мұст). Шпион пышағын қалтасына салып, лэм-мим демей әрі қарай жүріп кетті. (А.Гайдар) Мүмкін мұнда аң да, құс та жоқ шығар. (М.Зверев) Алеша басқышпен төмен түсіп келе жатып, бір жас баланың жылаған даусын естіді. Бұл — төменде тұратын көрші әйелдің қызы екен. (М.Горький) «Жаралы болдың, кейін қайт!» Төлеген сыртқа шықкан ішек-қарынын сол қолымен басты да, «әуп» деп орнынан атып тұрды да, оң қолына автоматын ала жүгірген бетімен жаңағы офицерді қақ басына періп кеп жіберді. (М.Ғ.)
№З. Берілген мекен үстеулерін кірістіре отырып, сөйлем кұраңдар.
Кейін. Алда. Бері. Жоғары. Ілгері.Төмен.
№4. Мекен үстеулерін тауып,қалай жасалғанын айтыңдар.Сұрақ қою арқылы тіркесіп тұрған сөзін табыңдар.
Аққасқа ырылдағанда,алдында отырған Бейсембайдың жотасы мұздап, еті тітіреп кетеді, ентеліп ілгері жылжып,отқа қарай мінбелей береді.Барлық аттылар жан-жаққа шаба жөнелді. Аққасқа жан-жақтағы қағушылардың бәрінің де алдынан қарап өтеді.Көксерек артына қарап тұрып, байқамай қалып еді. Ойдан төмен құлағанда, қандай қасқыр болса да, омақасып тұмсығымен шаншыла түсуші еді. Оның бейіті ¥лытаудың бөктерінде алыста қалды. Құрмаш ауылымен Қасен ауылының арасы жақын болатын. (М. Әуезов) Оның жан ұшырдым деген шамасы сол болуы керек, іле зу еткен тас еңіске қарай кұлдилап барып, канал жиегіне топ ете түсіті де, бір секіріп, әрі қарай домалап кетті. (М.Қабанбаев)
№5. Сөйлемдерді көшіріп жазып, сын-бейне үстеулерінің астын сызыңдар, олардың қалай жасалғанына көңіл аударыңдар.
Топтанып келіп, жылқыға да шапты. Бірақ қоңын ойып алған, жағын сыдырып алған тай болмаса, ешбірін жығып алып, емін-еркін жей алған жоқ. Қараңғы ала көлеңкеде жатқанда екі көзі қып-қызыл шамша жанады. Аққасқаның жұлып кеткен екпінімен етпетінен құлаған Көксерек енді атып тұрып, тап берді. Аққасқа көлденең келіп, Көксеректі кұлақ шекеден ала түсті. Қасен жуан қамшының сабын Көксеректің көмекейіне тығып жіберіп, мықтап басып тұрып, жауының тұмсығын жоғары қайырып жіберді. Аққас-қаның қан басқан тұмсығынан Көкшолақтың тістері бір-бірлеп шығып кетті. Аққасқаны Қасен мен Бесенбей зорға дегенде айырып алды. (М.Әуезов).
№6. Берілген сөйлемдерді көішіріп жазып, сын-бейне үстеулірінің астын сызыңдар, тіркескен сөзімен байланыстып, оларға сұрақ қойыңдар. Асан екеуміз ақырын әңгімелесіп келеміз. әрең дегенде ауылдың шетіне келіп тоқтадық . Қыз-бозбалалар еркін сөйлесіп тұр. Дереу бізді көріп, бет-бетімен үйге тарқаса бастады. (Б.М.) Жай соққандай сарт етіп, әлденесі сынды да, конвейер кенет тоқтап қалды. (Г.Мұст.) Сәуле шұғыл өзгеріп, әлде бір жоғалғаны табылғандай қуана кетті. (Ә.Ә.) Әбіш ұсынған скрипканы алған Мұқа өзінше бір күй тартып кетті. (М.Ә.) Жаңбыр бірте-бірте басыла бастады. Бұлттың арасынан күннің көзі әрең дегенде көріне бастады(С.С.) Жетімдік бұған өзінің барлық суық пішінін емін-еркін танытты. Қатал тағдыр мықты қолымен қатты үстады. (М.Ә.) Бекен өксіп балаша жылады. (М.Ә.)
№7. Берілген сөйлемдерді көішіріп жазып, мөлшер үстеулерінің астын сызыңдар, тіркескен сөзімен байланыстырып, оларға сұрақ қойыңдар.
Аққасқа ізді көріп, біраз иіскелеп алған соң, тұмсығын ізден алмай отырып, жонды адырға қарай шауып жөнелді. Үнемі от шашып тұратын қып-кызыл көз. Аққасқа тау басында қазіргі отырыстың не мәні барын әбден түсініп, ұғынып отырған сияқты. Қасымның кішкентай әлсіз басы тағдырдың бұның басына келерлік барлық сокқысын түгелімен көріп шыкқан. Қасым аппақ болып қуарып жүдеп, қабағы ылғи түйіліп, қайғы сызымен түксиіп алды. (М.Ә.) Өміртайдың жылағаны да онша білінбейді. (CM)
№8. Берілген сөйлемдерді көшіріп жазып, мөлшер үстеулерінің қалай жасалғанын айтыңдар. Сұрақ қою арқылы қандай сөзбен тіркесіп тұрғанын ажыратыңдар.
Жігіттің дауысы аз саябырлады да, қақпаны қайта ашты. Біз күткен пойыз мезгілінен біраз кешігіп, түн ортасы ауа келді. Адам деген осыншама қиындыққа төзеді деп кім ойлаған? Түн әлі де тастай қараңғы. Күндіз ептеп жобалап қойған тасжолмен вокзалға жаяу тартып келемін: Қызылжарды-кімен салыстырағанда, Омбы вокзалы едәуір үлкен де, салтанатты көрінді. (С.М.) Құрмаштың өлгені әкесіне ерекше батып еді. Әбіш азғантай қабақ шытып, кеудесінен қолын түсірді. Абай көп іркілмей, осында келген шаруасын айта бастады. (М.Ә.)

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *