Мезгіл бағыныңқылы сабақтас
Бағыныңқыдағы сыңары басыңқыда айтылған істің, әрекеттің, оқиғаның орындалу уақытын білдіретін сабақтас құрмалас сөйлемнің түрін мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем деп атайды.
Мезгіл бағыныңқылы сабақтас сөйлемнің бағыныңқы сыңары қашан? қашанға дейін? қашаннан бері? қай кезде ?деген сұрақтарға жауап береді.
Мезгіл бағыныңқылы сабақтастың жасалу жолдары төмендегідей:
1. Есімшеден жасалады: Жүргіншілер аршалы тастақ белге шыққанда, ұзын өлке бойында қалың шалғынды кең қонысқа созылып жатқан қалың ауылды көрді (М. Ә.). Қайыққа көкжал толқын соққан сайын, Мальфа бір жоғары көтеріліп, бір төмен түсіп теңселеді (М. Г.). Бас көтерер жігіттерді патша қызметіне әкеткеннен бері, балықшылар аулы бұрынғыдан бетер басылып қалды (Ә. Н.).
2. Өткен шақтағы есімшеге -ша, -ше жұрнағы жалғану арқылы жасалады: Тоқта дегенімше, Бәтес жылжып ала жөнелді. (С. М.).
3. Шартты рай тұлғадағы етістіктен жасалады: Кенет біреу Корсаков-тың арқасынан қаққандай болды, жалт қараса, кемпір екен (Қ. И.).
4. Көсемшенің -ғалы/-гелі, -қалы/-келі тұлғалары арқылы жасалады: Бұлар жеке үй болғалы, қонақ шақырып, жеке көзге түсе қоймап еді (А. Б.).
5. Етістікке -ысымен, -ісімен қосымшасы жалғанған түрінен жасала-ды: Дәрмен сол сапарынан оралысымен, жас педагог деп Анардың назарын осындайға аударып еді (А. Б.).