БІРЛІК

әлеуметтік бүтіннің құраушы элементтері арасындағы өзара қарым–қатынасты, өзара ықпалды байланысты талдауға негізделе отырып, қоғамдық өмірдің дамуының бүгіні мен ертеңін анықтауды көздейтін әлеуметтік философиялық категория. Б – қоғамның ішкі тұтастығы мен тұрақтылығын, оны құраушылардың өзара үйлесімділігі мен жарасымдылығын, қауымдық ынтымақтастық пен татулықты, әлеуметтік бүтіннің мықтылығы мен қуаттылығын анықтайтын және оларға негіз болатын тұғырнамалық мазмұн. Б. әлеуметтік мәселе ретінде ежелгі дәуірлерден бергі Шығыс пен Батыс философиясында әлеуметтік философия шеңберінде қарастырылып отырды. Ежелгі Үндідегі буддизм әлеуметтік Б. мәселесін “Нирвана” концепциясы шеңберінде қарастыра отырып, төзімділік, тазалық, тақуалық, адамдар арасындағы сүйіспеншілік, бауырмалдылық сияқты адамгершілік нормаларын Б–ті сақтау қағидалары ретінде қарастырады. Жайнизм философиясы Б. идеясын “арылу” концепциясы аясында қарастырып, тірі жанға қиянат жасамау (ахимса), ұрлық жасамау (астейя), шыншылдық (сатья) дейтін ұстанымдарға негізделе отырып, адамдарға дұрыс мінез бен ұстамды қимыл жасауды уағыздау арқылы көрсетті. Жайнизмнің Б. ілімі бойынша, жива (жан, рухани бастама) – адамдардың бірлесе бірлікте өмір сүруінің басты дәнекері болып табылды. Ньяя әлеуметтік философиясы Б. көзін адамның жеке менін жетілдіруден көрсе, Йога жүйесі сабыр (яма) концепциясына негіздей отырып, адамды психофизиологиялық тәрбиелеу тәсілдері арқылы қарастырады. Ежелгі Қытай философиясы шеңберінде әлеуметтік Б–ке негіз болған Даосизм заңы – халықтың әлеуметтік ынтымағы мен ауыз бірлігінің маңыздылығын адамның дао жолына түсуі арқылы көрсетті. Оның басты ұстанымы: адамның рухани тепе–теңдікке жетуі, өнегелікке бет бұруы, өзімшілдіктен арылуы, осылар арқылы қанағатшылдыққа, шүкіршілікке, кісілік мінезге шақыру, адамның ішкі қуат күшін тәртіпке келтіру. Даосизм әлеуметтік үйлесім мен әділеттілікті Б. тірегі ретінде қарастырды. Конфуций әділетті мемлекеттегі Б. үлгісін адамның адамгершілік образын жасау, яғни “ли” (қоғамдық өмірдің моральдық негіздері) және “жэнь” (мейірімділік, адамдармен қарым–қатынаста қажетті адамгершілік қасиеттердің жиынтығы) ережелерін құрастыру арқылы көрсетті. Легизм ілімі әлеумет Б–гін қатаң заңмен бекітсе, моизм Б. феноменін “Аспан – патшаға үлгі, адамның адамсүйгіштігі аспанға үлгі болуы керек” деген қағидаға негіздеді. Ежелгі Грекиядағы әлеуметтік философия аясында Б. мәселесін “жеті даналар” дүниетанымынан көре аламыз. Олар өздерінің қысқа айтылған нақыл сөздерінде  әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы әлеуметтік–саяси қарым–қатынаста өзара ымыраға келіп, саяси бірлікті сақтау қажеттілігі сияқты зиялы әрі рационалды саяси–этикалық тұжырымдар қалдырды. М., Хилон мен Солон мықты Заңды – бірлік тірегі ретінде қарастырды. Пифагоршылар заңға бағыну арқылы орнайтын “реттілік пен гармония” Б – кепілі деп таныса, Сократ әділ заңды Б. өлшемі ретінде мойындады. Платонның “ізгілікті мемлекет” концепциясы әлеуметтік Б. идеалы болып табылса, Аристотельдің “политиясының” мәні саяси–әлеуметтік Б. арқылы анықталды. Ежелгі Римдегі Б. туралы ойлар Лукреций Кардың мемлекет – адамдардың өзара келісім–бірлігінің нәтижесі дейтін тұжырымы арқылы, ал Цицеронның Б – адамдардың туа біткен табиғи қасиеті деген ұстанымы арқылы көрініс тапты.

Ортағасырдағы әлеуметтік Б. туралы көзқарастар негізінен діни философиялық ұстанымдарға сүйеніп құрылды. Батыстағы ортағасырлық әлеуметтік философияның өкілінің бірі – Аврелий Августин Шіркеу заңын әлеуметтік Б. кепілі ретінде мойындады, Фома Аквинский әлеуметтік–саяси Б–ті ақылға негізделетін адам еркінің моральдық жауапкершілігінің көрінісі деді. Мұсылмандық шығыстағы ортағасырлық ойшылдар, әсіресе, әл–Фараби әлеуметтік Б.–ке жету жолын “ізгілікті қала тұрғындары” концепциясы арқылы, айқындап яғни адамдар арасындағы Б. адамның әлеуметтік мәнінің қалыптасу мүмкіндігі деп көрсетсе, әл–Маари өз заманындағы тирандық үдерісті сынай отырып, халықты Б.–ке шақырды. Әл–Ғазали имамат теориясын жасай отырып, әлеуметтік Б. символы ретінде халифаттағы сұлтанат пен имаматтың өзара бірлігін көрсетті. Сұлтанатты мемлекеттің қуаттылығын, беріктігі мен бірлігін қамтамасыз етуші күш ретінде таныды. Осыған байланысты әл–Ғазали сұхбаттасу, достық коцептісін әлеуметтік Б–ті іске асыру механизмі, ал әділдікті Б. ұстанымы ретінде ұсынады. Ибн Рушд әлеумет Б–гін қамтамасыз етуде дана адамдардың азаматтарды тәрбиелеудегі рөлін жоғары қояды. Ибн Халдун қоғамның пайда болуын адамдардың бірігу қажеттілігінен туындағанын негіздей отырып, әлеуметтік Б–ті сақтауды– мемлекеттің ішкі саясатындағы негізгі қызметінің бірі ретінде көрсетеді.   

Түркілік Б. философиясына зейін аударсақ, Орхон–Енисей жазбаларында Тоныкөктің (646–731 жж.) түркі қағанатының ішкі тұтастығын ел Б–не тиянақтағанын байқауға болады. Оған жазбадағы: “…Менің ақылгөй Тоныкөктің ой–пікірін тыңдады да айтты… Мен оған ақылдылық ағайын және даңқ ағайын ретінде бағындым” –деген жолдар кепіл. Күлтегін (684–731 жж.) де түрік қағанатындағы “інілі–ағалының дауласқанын, бекті халықтың жауласқанын” көріп күйзеліп, өзіне: “Біз не үшін күрестік? Мемлекетіміздің құрып бара жатқанын көру үшін бе?” –деп сұрақ қойып, түркі халқының бірлігін сақтап, тату–тәтті болып Б–те өмір сүруге шақырады. Білге қаған (шамамен 681–734 жж.): “Мен бай халыққа хан болып отырмадым. Ішінде тамағы, сыртында киімі жоқ, аянышты, төмен халыққа хан болып отырдым”, –дей келе, халықпен қарым–қатынас жасау әдісін өзгерткендігін айтады: “Сонша құрап, біріккен халықтарды от пен су етпедім, олармен тіл табысуға ұмтылдым. Әлемнің төрт бұрышындағы халықты бейбітшілікке шақырдым, жауластырмадым, олардың бәрі маған бағынды”. Бұл оның бірлік пен ел ынтымағы үшін күрескенінің дәлелі. Білге қағанның ұлы – Йоллығтегін бүкіл түркі халықтарының Б–ін армандап, Күлтегін ескерткіштерінде: “Үстіңнен тәңірі баспаса, астында жер айырылмаса, түркі халқының ел–жұртын кім құртады” –деп сөз қалдырған. Ортағасырдағы түркілік ойшыл Махмуд Қашқари: “Жанжал шықса, ағайын ақылдасар… Әр бір күнің өтер деді хақ Мұстапа, үмбет болсаң қауымдасып бірге жаса” –деп халықты қай кезде де ұйымшыл, бірлікте болуға үндеп: “Жердің бастырығы тау, елдің бастырығы бек” –деп ел татулығындағы бектердің рөлін анықтай түседі. Жүсіп Баласағұн адамдардың Б.–гі мен ынтымағын бақытты, құтты қоғам құрудың басты мақсаты деп танып, өз “Құтты білік” дастанында әлеумет Б–гі негізіне ізгілік, адамгершілік, әдептілік, салауаттылық сияқты моральдық құндылықтарды салды. Елді басқару ілімінің түркілік нұсқасын қалыптастыра отырып, ел басының негізгі қасиеті – әділеттілік деп белгілейді. Ел басқарған әкімдерді жамағат Б–гін бұзатын күншілдік, ашкөздік, қатыгездік, кекшілдік сияқты жағымсыз мінездерден сақтандырды. Ислам дінінде қоршаған ортада бірлік пен ынтымақ басты ұстаным, ал оларды сақтау әр адамның азаматтық парызы, міндеті және борышы деп есептелінеді. Сопылық философияның өкілі Қожа Ахмет Йассауи өзінің “Диуани хикмет” (Ақыл кітабы) атты поэмасында әлеумет Б–гін төрт – шариғат, тарихат, хақиқат, мағрипат – ұстанымдарына негіздеді. Ортағасырлық түркілік философия өкілі Сүлеймен Бақырғани да бұл тұста өзінің әлеумет Б–гі туралы ойларын адамның өзін–өзі тану арқылы болатынын және менмендік, сараңдық, қызғаншақтық, көрсеқызарлықтан арылған, ұрыс–керістен тазарған, рухани азаттыққа қол жеткізген адам ғана Б. тірегі дегенді уағыздайды. Ахмед Йүгінеки “Ақиқат сыйы” атты еңбегінде адамзаттың Б.–гін уағыздап, оған жеткізетіндерді анықтап және нұқсан келтіретіндерден сақтандырған. Рухани жетілу – Б. тамыры, қоғамның рухани мазмұндылығының негізі ретінде мойындалған. Б–ті бұзатындар – нәпсі, жаман мінездер, жақсылық та, жамандық та тілден келеді деп есептеген. А. Йүгінеки: “Тегің асыл – деп біреулер мақтанар, мен айтатын тура жауап сақтанар. Бұл халықтың ата–анасы, тегі бір – арасында айырма жоқ сақтанар” –деп адамзаттың өзінше біртұтас әлем болатындығын жырлаған. Мұсылман үшін қоғамнан бөлініп, ел ішінде бүлік шығару үлкен күнәлардың бірінен саналады. Алла Тағала қоғамда бүлік шығарудың қаншалықты күнә екенін мына аятпен білдіреді: “Бүлік шығару (фитна) адам өлтіргеннен де бетер” (Бақара сүресі, 217–аят). Сондықтан өзі өмір сүріп отырған қоғамды қандайда бір бөлінушілікке, жікшілдікке, бұзақылыққа, бүлікке, ел тыныштығын бұзатын істерге жол бермеу әр мұсылманның парызы болып саналады. Ол мына аятта бекітілген: “Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бір–біріңнен бөлінбеңдер” (Али Имран сүресі, 103–аят). Мұсылманның айғағы Құран хадис болғандықтан, Әз Пайғарымыздың хадисінде: “Кімде кім итағаттан шығып, яғни мойын сұнбай жамағаттан (қауымнан, көпшіліктен) бөлініп кетіп, содан кейін сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандық өліммен өлген болады” (Муслим Имара –54) –деп келтіреді. Әлеуметтік бірлікті сақтау арқылы қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты орнатуға бағытталған заңдар мен ережелер, қағидалардың болуын ислам мойындаған және оларға бағыну мұсылманға міндет етілген. Мыс., Құран Кәрімде: “Ей иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарына және сіздерден шыққан әмір иелеріне бой ұсыныңдар” (Ниса сүресі, 59–аят) –көрсетілсе, Пайғамбардың хадистерінде: “Кім маған итағат етсе, Аллаға итағат еткен болады. Кім маған қарсы шықса, Аллаға қарсы шыққан болады, кім әміршіге итағат етсе, маған тиағат еткені, кім әміршіге қарсы келсе, маған қарсы келгені. Мұсылман адамның ұнатпаған нәрсесі болса да араларыңда әміршілеріңді тыңдау және оған итағат ету уәжіп (міндет). Егер күнә …істерді әмір ететін болса, мұндай жағдайда қарсы шығуға болады” (Муслим Имара, 32–33, 38) –деп айтылады.

Қайта өрлеу дәуіріндегі әлеуметтік Б. философиясы аясында Н. Макиавелли мемлекеттегі тұрақтылық пен әлеумет бірлігін сақтауда басшының билікті игере алу қабілетіне үміт артады. Т. Мор өзінің “Утопиясында” әлеумет Б.–гі туралы идеясын ортақ қоғамдық меншік, адамгершілік концепциясына негіздеп жасады. Ж. Боден өзінің Б. туралы көзқарасын монархиялық билікті күшейтумен байланыстырады және әлеуметтік қауымдастық бірлігі негіздерін (заң, жанұя және т.б.) құрастырды. Т. Кампанелла ұжымдық тұтастықты әлеуметтік Б. тұтқасы ретінде қарастырды. Жаңа замандағы әлеуметтік философия бойынша, Т.Гоббс әлеумет тыныштығы мен бірлігін қамтамасыз етуде монархиялық билікке үміт артса, Джон Локк өзінің “Басқару туралы екі трактат” деген еңбегінде әлеуметтік Б.–ті адамдардың мемлекетке бірігу мәжбүрлігінен болатындығын айта отырып, былай деп жазады: “…адамдардың мемлекетке бірігулері мен өздерін сол үкімет билігінің қол астына берулерінің ұлы да басты мақсаты – өз меншіктерін сақтап қалу болып табылады”. Француз ағартушысы Ш.Л. Монтескье “Заңдар рухы” атты еңбегінде тәрбие заңдары мен билік түрін сәйкестендіру арқылы Б.–ті зайырлы қауым адамдарының бекзаттық, шынайылық, әдепті, абыройлы мінездеріне негіздейді. Ж.–Ж. Руссо қоғамдық келісім теориясын жасай отырып, адамдардың бірігіп өмір сүруге мәжбүр болатындығын мойындайды. Ол әлеуметтік Б.–ті: “Біздің әрқайсысымыз жеке басымызды және барлық күшімізді ортақ игілікке және жалпы ерікті жоғары билеушіге береміз, оның нәтижесінде біздің бәріміз үшін әрбір мүше тұтастықтың бөлінбес бөлігіне айналады” –деген қоғамдық тұтастық идеясы арқылы көрсетеді.

Б. – қазақ халқының өмірлік әлеуметтік философиясындағы маңызды моральдық–аксиологиялық ұғымдардың бірі. Б. адам мен адам, адам мен әлеумет, әлеуметтік қабаттар мен топтар арасындағы өзара үйлесімді байланыстың үлгісі болатын ынтымақтастықтың, бауырмалдықтың, жарасымды татулықтың көрінісі, біртұтас ел болудың белгісі. Ол белгілі бір әлеуметтік топтың, әлеуметтік қабаттың, ұжымның, халықтың, жалпы адамзат баласының мақсат, мұрат, мүдделерінің тоғысынан туындайды. Қазақ даналығы Б.–тің әлеумет тіршілігіндегі орны мен маңызын  “жарылғанды жау алады, бөлінгенді бөрі алады”, “бірлігі жоқ ел тозады”, “айырылған азады”, “алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді”, “бірлік болмай тірлік болмас”, “бірлігі күшті ел озады, бірлікті ел бұзылмас”, “қосылған озады”, “ел бірлігі – ел теңдігі”, “бірлік түбі – береке” дейтін ұстанымдармен тұйықтаған. Б.–ті ыдыратып, ірітуші күш – күншілдік, ішітарлық, көреалмаушылық, араздық, алауыздық деп тауып, жамағатты мұндай жағымсыз мінездерден бойын алыс ұстауға шақырды. Б. бүтін елдіктің, ұлт болып ұйысудың, жұдырықтай жұмыр жұрт болудың басты кепілі саналған. Сондықтан елдің билік тізгінін ұстаған азаматтары – ақсақалдар, билер, батырлар, хандар мен данагөй–шешендер ел ішіндегі өрбіген дау–дамайларды, ушыққан жанжалды тоқтау айтып басып, шешім қабылдап тиым салған, ел бірлігіне сызат түспеуін жіті қадағалап отырған. Қазақ қоғамындағы әртүрлі әлеуметтік топтардың арасындағы әлеуметтік Б.–ті би–шешендер, ең алдымен, бір типті көшпелі өмір салтпен, біртекті шаруашылық түрімен, ортақ дала кеңістігімен, сонан соң қазақ дейтін ұлы атаумен, мұсылмандыққа тән ұстанымдармен түсіндірді, осының бәрі қазақ қауымы үшін рухани Б. болмысын қалыптастырды. Б.–ке рухани тірек – “адамның күні адаммен” дейтін ұстаным болды.. Қазақтың дәстүрлі бірлік философиясында әрбір субъект әлеуметті біріктіруші қызметін атқару мәртебесіне ие болып, әлеумет тоғыстырушы тұлғаға айналады. Олардың әрқайсысы өзімен қатынасқа түсуші субъектілерді үнемі өзіне теліп, өзіне қатысты етілген жағдайда топтастырды. Осы орайда “Жақынның бәрін жатсынған, туысқан қайдан табады” (Майқы би), “Іздеп келер інің бар болса, бақытың барын сонда біл. Аңсап келер ағаң бар болса, ардағың барын сонда біл” (Төле би), “…Үлкен сөзін тыңдау ізет, үндемеу парыз, кішінің жолы” (Айтуар би), “Ағасы ұрар болар, інісі көтерер болар… Тұлпардың өз тұяғы өзіне дәрі деген…” (Бөлтірік шешен), – деген сөздердің әлеуметтік Б. тұрғысындағы маңызы зор.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *