қоғамдық пікір және ішкі қозғаушы күштердің ықпалы негізінде қоғам, ұлт, әлеуметтік топ, ұжым алдындағы адамның азаматтық міндеттерін, жауапкершілігін білдіретін этикалық категория. Б. адамға міндеттер ретінде танылатын және оларды мүлтіксіз орындау оның ішкі моральдық қажеттігі болып табылатын қоғам, ұжым тарапынан қойылатын талаптардың жиынтығы. Б. талаптарында қандайда бір әлеуметтік топтың мүдделері көрініс табады. Сол жалпы мүдделерді қабылдап мойындауы және оны индивидтің ішкі қажеттігіне айналуы, оны өз жауапкершілігіне алып, жанашырлық танытуы және олардың жеке мүддеге кіріктірілуі адамда борыштық сана мен сезімнің пайда болуына әкеледі; әлеуметтік талап адамның ішкі моральдық сапасына айналады, жеке адам үшін шартты әлеуметтік мінез нормасына ауысады және сол әлеуметтік топтың немесе бүтіндей халықтың қоғамдық санасында бекіп орнығады. Б.–тық сана мен сезім – адамның өз ұжымына, әлеуметтік топқа, ұлтына, қоғамына көпжақтылы тәуелділігінің субъективтік идеологиялық көрінісі. Бұл анықтаманың объективтік және субъективтік жақтары бар. Б.–тың объективтік жағы оның талаптарының нағыз мазмұны болып табылады, ал соңғысының мазмұны адамның қоғамдағы атқаратын рөлінің ерекшеліктерінен келіп шығады және рөл адамның әлеуметтік ортада алатын орнына байланысты болады. Б. ұғымының субъективтік сипаты қоғамның, мемлекеттің, елдің, ұлттың, ұжымның, мекеменің талаптарын белгілі бір әлеуметтік рөлді атқарушы мәртебесіне ие болған жеке адамның оны өзіне қойылған талап ретінде жете түсінуі, мойындауы, өз жауапкершілігіне алуы, сонымен бірге, оны атқаруға деген адамның іштей дайындығы, міндетіне алуы немесе сыртқы талаптың субъектінің ішкі қажеттілігіне айналуымен байланысты болады. Б. ұғымы басқа моральдық категориялармен қатар рухани–адамгершіліктік баға формасы болып табылады, ұлттық, ұжымдық, қоғамдық мүдде оның мазмұнын құрайды. Қоғамдық мүддені қамтамасыз ету Б.–тың әлеуметтік қызметі болып табылады.
Б. ұғымының ұзақ даму тарихы бар. Көне этикалық теорияларда Б. құдай еркін немесе адам табиғатының мәңгі және өзгермейтін қасиеттерінің көрініс табуы ретінде қарастырылады. Мыс., стоиктер этикасында Б. құдай еркінен туындатылып, тағдырға сенім, құдай еркіне бағыну және оны құрметтеу міндеті ретінде дәріптелген. Ежелгі Қытай философиясында Б. “и” категориясы арқылы анықталып, сол кездегі қауым орнықтырған ережелер мен қағидаларды орындау мінезін (“ли”) білдірді. Ежелгі Үнді этикасы бойынша, Б. ұғымы дхарма термині арқылы анықталды, ол буддизмнің, жайнизмнің, индуизмнің діни идеялар жүйесімен байланысты болды. Ортағасырдағы діни мораль адамды толығымен құдай еркіне бағындырды, оның талаптары Б. өлшемі болып табылды. Ж. Баласағұн билеушінің борышын былайша көрсетеді: “Және біл: адамның алдында сенің үш борышың бар. Оларды орында, күшпен ұзақ тұра алмайсың. Біріншіден – күмістің тазалығын сақта. Екіншісі – адамдарға әділ заң бер. Үшіншісі – жолды күзетіп отыр”. Сонымен бірге, Ж. Баласағұн халықтың билеуші алдындағы борышын: “Олардың бірінші борышы – сенің барлық бұйрығыңды құрметтеу. …Екінші борышы – қазына алдында борышты болуы керек. Және үшіншісі – сенің жауларыңмен жауласып, сенің достарыңмен достасулары керек. Егер сен өз борышыңды әділ орындасаң, бағыныштыларыңның да қайтарымы жақсы болады” –дегендер арқылы анықтайды.
Қайта өрлеу және жаңа дәуір материалистері Б. ұғымының мазмұны мен өлшемдерін экзистенциялық негіздерге тіреді. Олардың басым көпшілігі адамның рухани–адамгершіліктік міндеттерін оның жеке мүдделері және қажеттіктерімен байланыстырды. Гольбахтың пікірі бойынша, “…моральдық борыштың шынайы негізі” әр адамның “…жеке мүддесі, жеке бақыты мен қауіпсіздігі” саласында жатады, ал Б.–тық сана тәжірибе мен ақыл арқылы анықталады. Кант моральдық заңдардың танымға берілмейтіндігіне сүйене отырып, Б. ұғымының қоғамдық табиғатын теріске шығарады, яғни Б. адамдардың мүддесіне және қалауына байланысты емес деп есептейді. Гегельдің этикасында Б. адамның өзі үшін жасалған жақсылық, өз игілігі үшін істелетін әрекет ретінде қарастырылады, Б.–ты адамның жеке басының бейімділігімен, сезімдерімен байланыстыруға тырысты. Мемлекет заңы Б. негізіне алынды. Бірақ Б. талабы тек сыртқы объективті құбылыс қана болмады, ол жүректің қалауымен, ойлаумен, ұятпен байланыстырылды. Батыс философиясында Б. утилитаристік тұрғыда қарастырылып, оны жеке адамның жеке басының мүддесімен байланыстырады және адамдардың бір–біріне пайдалы қатынасы шеңберінде (И.Бентам, Дж.С.Милль) қарастырса, ал кебіреулері вульгарлық–эволюционистік (Г.Спенсер) тұрғыдан қарастырады. Сонымен бірге, Б. ұғымының қажеттігін жоққа шығаратын да теория (Гюйо: “міндеттіліксіз және санкциясыз мораль”, Ницше) қалыптасады. Х ғасыр батыс философиясы шеңберіндегі прагматизм, экзистенциализм, гедонизмге тән релятивистік сипаттағы теория да орын алады. Мыс., В.Смит: “Борыштық сезімді қаншалықты тез ұмытатын болсақ, соншалықты бізге пайда” –деп жазады. Әртүрлі позитивистік мектептер Б. мәселесін құрғақ логикалық талдау объектісіне айналдырып, жалпы адамның мінез–құлқының мазмұнына немқұрайдылық қарау деңгейіне түсіруге дейін барады. Мыс., этикалық интуитивизм мектебінің өкілдері Б.–ты әлеуметтік қажеттіліктермен негіздеуге болмайды және ол тарихтан тыс құбылыс дегенді дәлелдемекші болады. Эмотивизм мектебі өкілдері Б. сезімін адамның таза психологиялық күйзелісінің көрінісі дей отырып, оның объективтік мазмұнын жоққа шығарады. Марксистік этика Б.–тық сезімді таптық қоғам тұрғысынан қарастырып, оған таптық сипат берді, яғни әр таптың өз Б.–тық міндеттері болады.
Қазақ даласы өркениетінде Б. елдің, жұрттың, бүкіл әлеуметтің алдындағы азаматтық парызбен, жауапкершілікпен, адамгершілік мінезбен байланыстырылды. Мыс., оны “Е,е, қарағым, бір атаның баласы екенбіз. Жер нәсібі – ел нәсібі, ел нәсібі – ер нәсібі… жер менікі емес, құдайдікі. Құдайдың жері бәрімізге жетеді. Еркін жайлап, қыстап шығыңдар” (Арыстан би), “Бәрінен жолдас–жорамен, ағайын–туысыңмен, ел–жұртыңмен сіз–біз десіп, сүрген өмірге не жетсін” (Бөлтірік шешен), “Ай мұсылман, жарандар, малыңнан зекет беріңіз, аз өмірдің ішінде, тату бол да тәтті бол” (Қабан би), “Жалғанды ойлап тұрсаң бірлік керек” (Төле би), “Елдің тұтастық бірлігі – жаныңнан, сағыныш қызуы – қаныңнан” (Шоған би) деген шешендік нақылдар әлеуметтік бірлік пен тұтастықты сақтау борышын атқару болып тұрған “елдің бірлігі, бидің білігі емес пе” (Бөлтірік) дейтін ішкі биік мәдениет соның дәлелі. Жеке адамның ішкі мәдениеті мен ішкі рухани болмыстық моральдық сапасына байланысты. Бұдан қандайда бір адамның азаматтық, кісілік, адамгершілік тұрғыдағы жетілу дәрежесі, оның өз парызы мен қарызы, міндетін терең түсіну деңгейі көрініс табады. Азаматтық Борышын өтеу ердің Отан, халық алдындағы парызын адалдықпен орындау азаматтың толысып, рухани жетілгендігінің, ерлік кемеліне келгендігінің белгісі. Оны “Ер жігіт өзі үшін туады, елі үшін өледі”, “Ел ауырын ер көтереді”, “Ер – елдің ық жағының қаласы, жел жағының панасы” (қазақ мақалы) дегендер мақұлдайды.
Азаматтық болмысын, кісілік қасиетін, пенделік міндетін, тұлғалық борышын мойындаған адам қоғамдағы әлеуметтік–азаматтық құқын пайдалана отырып, халық қойған талаптарды қадір тұтады, оны өз мүддесінен жоғары қояды, халық қажетін өтеуге қамқоршы болады, елдің қол жеткен табыстарын және Ел байлығын қорғайды, адамгершілікке абай болып, озбырлыққа, жәбірлеушілікке, қиянатқа қарсы шығады. Қоғам мүшелерінің өз парыз–міндеттерін орындап, Б–ын өтеп отыруынсыз оның өмір сүруі мүмкін емес. Әр адамның елі мен жұрты алдындағы Б–на адал болу әлеуметтік прогрестің алғы шарты. Халық даналығында бұл ежелден мәлім. Мыс., қазақтың “айтқан сөзі – құрған қақпандай” дейтін даналығынан Б. принципті, ал “Қара жерді жамандама, кіретұғын көріңді” (Майқы би) дегеннен туған табиғатты құрметтеу тұрғысындағы парыздық борыш туралы өсиетті аңғарамыз. Халық даналығы борыштылық деп әркімнің өзіне жүктелген тапсырманы абыроймен орындап шығуын айтады. Халық даналығында Б – азаматтың өзін белгілі бір елдің өкілімін деп түсінуі. Мұндай азаматта жауапкершілік жоғары әрі мықты болуы тиіс. Сырттай мойынсұнудан көрі, іштей түсіну, ішкі интенцияға айналдыру жоғары моральдық сапаның мәні зор. Б–сезінуші парыз, елжандылық, ұлтжандылық, ұяттылық, жігерлілік, ізгілік, қоғамдық пікір, ұжымдық пікір берік орын алады. Адамның азаматтық болмысы – Б–қа адал берілгендік – үлкен әлеуметтік күш, ар–ұждан жемісі, моральдық феномен. Мыс., атақты “Шаңды жорықта” жауға қарсы шыққан Үйсінбай мен Жанатай батырлар ел алдындағы өз Б–тарын найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен орындаса, ал қалмақ ханы Қоңтажыдан халық кегін қаз дауысты Қазыбек би өзінің өткір шешендік сөзімен қайтарады.