бүкіл әлемнің тұтастығын, дүние мен адамның бірлігін, тіршіліктің мәнісін білдіретін философиялық категория. Б. ұғымында философияның өзіндік мағынасы, бастауы мен әдістемесі айқындалады. Қарапайым санада Б–тың баламалары ретінде әлем, ғарыш, дүние, табиғат, өмір тәрізді жалпы ұғымдар қолданылады. Адамзат өзінің және қоршаған дүниенің бар екендігіне сенеді. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында дүние қаншама аумалы–төкпелі, өткінші болғанымен, оның негізінде тұрақтылық бар екендігі баяндалады. Индивид үшін жәй ғана бар болу жеткіліксіз, ол “адам болу” шарт. Тек бұл дүниеде өмір сүру шынайы Б–қа жеткізбейді. Адам бұл дүниеде бар болуы арқылы мәңгілік Б. мүмкіндігіне ие болады. Оны жүзеге асыру әркімнің өзіне байланысты. Тіршіліктегі болымсыздық тұлғалық мүмкіндіктерді жүзеге асыра алмаудан туындайды. Шекспирдің “Гамлетінде” Б. мәселесі адамдық, моральдық таңдаумен үйлесімді қарастырылады: “Болу ма, әлде болмау ма, міне – мәселе осында. Тағдыр тәлкегіне үндемей шыдау керек пе, әлде мойынсұнбай қарсылық көрсету керек пе? Қорлыққа көну – өз адамдығын өзі таптау. Болу дегеніміз – “адамдық абырой үшін күресу” дейді.
Б. туралы филос. ілімнің ұзақ тарихы бар. Ежелгі мәдениетте Б. көбінесе нақтылы зат немесе оны құрайтын түпкі бөлшектермен (субстрат) теңестірілген. Кейін Б. жалпы табиғаттың синониміне айналды. Жаңа заман философиясында. Б. өзінен–өзі туындайтын субстанция кейіпіне ауысты. Бұл онтология деп аталады. Б. мәселесін жан–жақты қарастырған философ — Гегельдің пікірі бойынша, ешқандай айқындылығы жоқ бастама, таза Б. абстракцияға жатады. Ол мазмұны жоқ бос пішін ретінде ештеңемен, жоқтықпен барабар. Егер ештеңені бар деп қабылдасақ, онда ол басқа ештеңелерден бөлінеді. Яғни, бірдеңе болып табылады. Ештеңе мен бірдеңе Б. категориясын философияның бастауы ретінде ұғады. Мыс., сапа дегеніміз әр заттың өзіндік Б–ымен барабар айқындық. Сапалық айқындықтың жоғалуы осы заттың Б–ының жоғалуымен бірдей. Қасиет өзіндік Б–тың басқа нәрселермен қатынасын білдіретін айқындық. Бірдей сапалар мен қасиеттерді салыстыру нәтижесінде сан анықталады. Маркстік философияда Б. ұғымын материя категориясы ығыстырды және оның басты белгісі ретінде санадан адамнан тәуелсіз өмір сүру ұсынылады. Бұл адамсыздандырылған Б.–қа әкелді. Қазіргі философия ғылымында Б. мәселесінің әр түрлі қырлары жан–жақты талқыланып келеді. М. Хайдеггер ой Б–ы жөнінде терең пайымдаулар келтіреді. Жалпы экзистенциализм ілімінде тіршілік адамның Б–пен етене байланысы ретінде қарастырылады. Филос. антропологияда адам Б–ының әлеуметтік және биологиялық негіздері, оның кеңістік пен уақыт жүйесіндегі бітімдері зерттеледі. 20 ғ–дың соңында философтар Б–ты көпжүйелі процесс ретінде қарастырады. Филос. әдебиеттерде Б–тың мынадай негізгі түрлері аталады: 1) табиғи және адам жасаған заттар мен процестер Б–ы; 2) адам Б–ы; 3) рухани Б. Оларды бір–бірімен салыстыра қарастыруға болады. Мыс., адам және табиғат, адам және қоғам, руханилық және материалдық. Б–ты ой елегінен өткізу – адам мен дүние туралы пайымдаудың басты алғы шарттарының бірі.