БИЛІК

дәстүрлі қазақ қоғамының ел басқару, өкім ету үрдісі Қазіргі құқықтану, саясаттану ілімдерінде де ол «өкімет» атауының синонимі ретінде қолданылып жүр. Мәселен, саясаттану ілімінде Б. экон., идеол., ұйымдастырушылық–құқықтық тетіктер арқылы, сондай–ақ, беделдің, дәстүрдің, зорлықтың жәрдемімен адамдардың, әлеум. топтар мен жіктердің мінез–құлқына, іс–әрекетіне ықпал етуге қабілетті әлеум. қарым–қатынастардың пішімі. Ол қоғам мүшелерінің арасындағы әлеум.–табиғи айырмашылықтарға, субъективті–объективті қарым–қатынастарға байланысты қалыптасады. Оның мақсаты – қоғамда тұрақтылықты қамтамассыз ету, ал ішкі мән–мазмұны – үстемдік пен бағыныштылықты орнықтыру. Экономикалық, саяси, құқықтық, әскери, рухани және отбасылық Б. түрлерінің арасында қоғамдық дамудың ұйытқысы әрі саяси күрестің негізгі нысаны болып саналтын мемлекеттік биліктің маңызы ерекше (қ. Билікті тармақтарға бөлу). Өкіметтің ерік–қалауын топтастыру, айрықша басқару аппаратын иелену, арнаулы органдар дербестігін қамтамассыз етіп, қоғамдық тұрмысты тәртіпке келтіру ісіне дара иелік ету, қоғам мен жеке тұлға қарым–қатынасында мәжбүрлеу мүмкіндігіне жету Б–ке тән белгілер болып табылады. Субъектінің мақсатына орай Б–тің нысанына ықпал ету үшін пайдаланылатын құралдардың барлығы «билік ресурстарын» құрайды. Мыс., қоғамдық өндіріс пен тұтынымға қажетті материалдық игіліктер, ақша, құнарлы жерлер, пайдалы қазбалар, т.б. – Б–тің экон. ресурсы, ал әлеум., әскери, т.с.с. ресурстарды туындатушы әмбебап қор саналатын адамзат баласы демогр. ресурс ретінде бағаланады. Б–тің негізгі міндеті– қоғамды басқарудың стратегиясын айқындап, дамудың негізгі бағыттары бойынша нақты шаралар қолдану, әлеум. процесстерді шұғыл басқарып, дамудың орнықтылығы мен сындарлылығының маңызды өлшемдеріне бақылау орнату, ал ең басты принципі – оның заңдылығы (легитимділігі). Б. әлеум. құрылымның ең күрделі әлеум. және саяси қарым–қатынастарын қамтитын қоғамдық, ұжымдар мен олардың арасындағы қарым–қатынастарды қамтитын көпшілік немесе қауымдық және жеке адамдық, шағын топтық деңгейлерінде салтанат құрып, қызмет атқарады. Саясаттану ілімінде Б–тің пайда болып, жүзеге асуының әр қилы пішімі зерделенеді. Ол басқару пішіміне орай – монархиялық (абсолюттік және конституциялық), республикалық (президенттік және парламенттік); мемлекет құрылысының пішіміне орай – унитарлық, федеративтік, конфедеративтік; саяси режиміне орай – тоталитарлық, авторитарлық және демократиялық; саяси ағымына орай – консервативтік, неоконсервативтік, либералдық, неолибералдық, социал–демократиялық болуы мүмкін. Б–тің заң шығарушы, атқарушы және сот қызметі тармақтарына бөлу жаңа дәуірдің үлкен теориялық жаңалығы болды. Олардың арасында тежеу мен тепе–теңдік жүйесінің болуы, яғни дербес билік тармақтарының өзара үйлесімділігін сақтау, олардың заңға бағынуын қамтамассыз ету принципі демокр., азаматтық қоғам орнатып, құқықтық мемлекет құруға берік негіз қалайды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *