мақсаттылығы, мотивтері, саналығы, әрекет әдіс–тәсілдеріне ие болуы, эмоционалдығы, сонымен бірге, бастамашылдығы ерекшеленетін, адам әрекетінің сипаты. Б. адамның тіршілік қозғалысының қарқынын білдіретін ұғым. Б. салыстырмалы түрде анықталады. Б.–тің қозғаушы күші – қажеттілік пен құштарлық. Тіршіліктің негізі – қозғалыс пен әрекет болса, оның қарқынды немесе баяу жүруі қажеттілік пен құштарлық ауқымына байланысты. Б. қарапайым, биологиялық, әлеуметтік, психикалық болып жіктеледі. Б. ұғымы әртүрлі ғылым саласында дербес ұғым, сондай–ақ, әртүрлі тіркестерде қосалқы ұғым ретінде кеңінен қолданылады. Тіпті белсенділікпен кейбір қосарлана айтылатын сөз тіркестері өз алдына ұғым ретінде қалыптасуда. Мыс.: белсенді адам, белсенді өмірлік позиция, белсенді оқыту, жүйенің белсенді элементі сияқты сөз тіркестері. Б. ұғымының кең мағынаға ие болғандығы соншалық, көп жағдайда оны қолдану белгілі бір анықтылықты, нақтылауды талап етеді. Жалпы қолданымдылық тұрғыда Б.–ке әрекеттілік, жігерлілік, қайраттылық, ұмтылушылық ретінде анықтама беріледі. Әдебиетте және тұрмыстық ауызекі тілде Б.– “әрекеттілік” ұғымының синонимі ретінде қолданылады. Физиологиялық мағынада Б. ұғымы дәстүрлі түрде жанды жаратылыстың жалпыға бірдей сипаттамасы, олардың өзіндік динамикасы ретінде қарастырылады. Олардың сыртқы қоршаған әлеммен өмірмәнді байланысын ұстап тұру немесе оны түрлендіру көзі ретінде анықталады. Тірі организмдердің сыртқы тітіркендіргіштерге көңіл аударуы хақында қолданғанда Б. іс–әрекеттің динамикалық шартты жағдайы, оның өзіндік қозғалысының қасиеті ретінде мойындала отырып, әрекеттілікпен сәйкестендіріледі. Жанды жаратылыс Б.–гі даму үдерісінің эволюциясына сәйкес өзгеріп отырады. Адам Б.–гі жеке тұлғаның маңызды сапасы ретінде, қоршаған шындықты өз қажеттілігіне, көзқарасына, мақсатына сәйкес өзгерту мүмкіндігі ретінде ерекше маңыздылыққа ие болады (А.В.Петровский, М.Г.Ярошевский, 1990). Н.А.Берштейн (1966) психологияға “белсенділік ұстанымын” енгізе отырып, оған үлкен маңыздылық береді, оның мәнін организмнің өмірлік актісіндегі ішкі бағдарламаның айқындаушы рөлінің негізі болуынан көреді. Адам әрекетінде шартсыз рефлекстер болады, ол адам қозғалысы тікелей сыртқы стимулдармен шақырылған кезде пайда болады, бірақ бұл адамның туабіткен белсенділігі. Барлық басқа жағдайда сыртқы стимул тек шешім қабылдау бағдарламасын ғана іске қосады, жеке өзіндік қозғалыс белгілі бір дәрежеде адамның ішкі бағдарламасымен байланысты болады. Оған толық тәуелді болған жағдайда, инициатива бастау алғанда және қозғалыс мазмұны организмнің ішкі жағынан құрылған жағдайда адамда “ерікті” актілер орын алады.
Психологиялық тұрғыдан алғанда белсенділіктің жай–күй ретіндегі сипаттамасы маңызды болып көрінеді, өйткені бұл жағдайда ол адам қажеттілігіне және мүддесіне негізделетін сапа ретінде мойындалады әрі адамның қандайда бір әрекетке іштей дайындығы ретінде өмір сүреді. Ал қатынас ретінде ол адамның әрекетінің әртүрлі салаларын және субъектінің өзін түрлендіруге бағытталған белгілі бір жігерлі өзіндік әрекеті ретінде түсіндіріледі (В.Ф.Бехтерев 1996). Б.–ке әрекеттік көзқарас шеңберінде психологияда, сонымен бірге, Б. ұғымын тәпсірлеудегі кейбір айырмашылықтарды да байқауға болады. Әрекеттің психологиялық теориясы әрекеттің макроқұрылымын күрделі иерархиялық құрылым түрінде қарастырады. Оның құрамына бірнеше деңгейлерді енгізеді және олардың қатарына: әрекеттің, қимылдың, операцияның, психофизиологиялық қызметтердің ерекше түрлерін жатқызады. Әрекеттің айрықша түрі бұл жағдайда бір мотив негізінде пайда болған әрекеттер жиынтығы ретінде көрініс табады. Оларға әдетте ойын әрекеттері, оқу және еңбек әрекеттері жатқызылады. Оларды адам белсенділігінің формалары деп атайды (Ю.Б.Гиппенрейтер 1997). Б.Г.Ананьев “адамның әлемге белсенді–әрекеттік қатынас формалары” қатарына, сонымен бірге, әскери және спорттық әрекетті, танымды, пікір алмасуды, адамдарды басқаруды, шығармашылық әрекеттерді жатқызады (Л.И.Анциферова, 1998). Бұл жағдайда Б. әрекеттің айрықша формасына немесе айрықша әрекетке сәйкес келеді. К.А.Абульханова–Славскийдің (1991) пікірінше, адам Б. арқылы әрекеттің объективті және субъективті факторларының келістірілуі, өзара үйлесімділігі туралы мәселені шешеді. Мыс., белсенділікті кез–келген формада емес, қажетті формада, кез–келген уақытта емес, ыңғайлы кезде, ішкі мотив арқылы, өз қабілеттерін қолдану арқылы, өз мақсатын жұмсау сияқты мәселелерді шешуде қолданады. Сонымен бірге, адам бұл жағдайда белсенділікті әрекеттің бөлігі, қажет уақытта іске асырылатын оның динамикалық құраушысы ретінде бағалайды.