БАҚЫТ

адамның өмір қызығы мен қуанышына, рахатына қанағаттану дәрежесін танытатын этикалық ұғым. Б–тың негізінде адамның өмірі мағыналы және нәтижелі болған кездегі өз болмысына деген ризашылық сезімінің қалыптасуы жатыр. Арман сияқты Б. та мұраттың тылсымдық–эмоциялдық көрінісі болып табылады. Мұрат тұлғаның болашаққа деген сенімін білдірсе, Б. оның іске асу деңгейін көрсетеді. әдептану саласында Б. мәселесімен шұғылданатын ілімді фелицитология деп атайды. Б – көп мағыналы ұғым. Оның басты түсініктері: 1) бақ–дәулет, “қолға қонған құс”, ырыздық; 2) қуаныш, ләззат, рахат; 3) жақсылыққа, ізгілікке жету, даналық; 4) өмірден өз орнын табу, толыққанды тұлғаға айналу. “Құс ұшуға жаралған, адам бақытты болуға жаралған” дейді халық мақалы. Б.–ты өмір сүру – қуанышты болу, дәулетке кенелу, рахатқа бөлену. Адамға қуаныш әкелетін оқиғалар – табысқа қол жеткізу, іс–әрекеттің марапатталуы, алға қойған мақсаттың орындалуы, бала–шағаның қызығы. Қуаныш сезімі адамға күш беріп, кісінің жігеріне жігер қосады. Алайда қуаныш пен Б–тың арасында айырмашылық та бар. Қуаныш өткінші, жеке бір сәтке байланысты болса, Б — адамның бүкіл өмірінің арқауы. Өмірде адамгершілікке жат, әдептілікке симайтын жалған қуаныштардың да кездесуі мүмкін. Қазіргі жағдайда Б–ты өмір сүру мәселесі өркениеттілік құндылықтарымен (нарық, демократия, адам құқыларын қастерлеу т.б.) тікелей байланысты. Т. Джефферсон “Тәуелсіздік декларациясында” мемлекет өз табиғаты бойынша Б–қа ұмтылуды қорғап, тұлғалардың іскерлігі мен дербестілігін ынталандыруы қажет екенін, бұл Б. үшін мәнді болып табылатынын атап көрсетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *