қоғамның тарихи дамуына, халық мүддесіне жауап беретін және адамнан өзін–өзі құрбан етуге дайын болуын талап ететін, қоғамдық мәнге ие ерекше іс–әрекеттер көрініс табатын этикалық категория. Б. әрекет адамнан жоғары моральдық қасиетті және оның жеке басындағы ерекше ерлік қуатты, табандылықты, қайсарлық пен қажырлықты талап етеді. Мыс., Ж.П.Сартрдің түсінігінде батыр – өзін батыр еткен адам. Б. мәселесінің көптеген қырлары – этикалық, психологиялық, эстетикалық, әлеуметтік және т.б. бар. Алайда, философия үшін бұл категорияны әлеуметтік тарихи үдерістердің мәнін зерттеуге негізделетін әлеуметтік–этикалық феномен тұрғысынан қарастырудың маңызы зор. Осыған байланысты Б. мәселесін қарастыруда Б.–тың өлшемі, оның тарихи формалары, жеке тұлғаның тарихтағы рөлі туралы мәселелер туындайды.
Б. мәселесіне әлеуметтік философиялық тұрғыдан талдау жасауға қадам жасағандардың бірі итальяндық философ Вико болды, ол “Б.” ұғымын адамзат дамуы тарихының белгілі бір кезеңін атау үшін қолданды, мысалы, “құдайлар дәуірінен” кейінгі болған және “адамдар дәуірінің” жалғасы болатын “батырлар дәуірін” немесе батырлық дәуірді атап көрсетеді. Вико Б.–ты антикалық қоғамдағы азаматтық өмір сүру жағдайымен байланыстырды да бұдан былайғы “парасатты” адамзат тарихында Б. қажет болмайды дейтін тұжырымға келеді. Бұл концепция әрі қарай Гегельдің ілімінде өз жалғасын табады, оның түсінігіндегі Б. адамның жеке мүддесінің немесе жеке іс–әрекеттің жалпы халықтық мүддемен сәйкес келуімен, жалпыға бірдей сипатқа ие болуымен ерекшеленді. Гегельдің пікірінше, антикалық батыр әрекет пен моральды, сезім мен борышты бір–біріне қарама–қарсы қоймаған. Гегель “батырлық дәуірді” мемлекеттердің және жалпы мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңіне жатқызды. “Мемлекетте батырларға енді орын жоқ: соңғысы тек өркениетке дейінгі кезеңде ғана кездеседі. Олардың мақсаты – құқықтық, қажеттік және мемлекеттік әрі олар оны өзінің жеке ісі ретінде жүзеге асырады” (Шығ., 7 том, М.–Л., –1934, –112 б.) –деп жазады Гегель.
Ағартушылық дәуірінде, әсіресе, XVIII ғасырдың соңы, француздардың буржуазиялық революциясы кезінде мемлекет қызметкерлері, әсіресе, республикалық Рим және сонан соң Рим империясы қызметкерлері батырлар болып саналды. Республиканы қорғаушылар, ішкі тәртіпті сақтаушылар аса құрметке ие болып мадақталды, кейде олар абсолюттендірілді.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Еуропалық романтизм өкілдері ағартушылардың Б. туралы іліміндегі патриоттық идеяны әрі қарай дамыта отырып, батырдың – орда бұзар – типін (Байрон, Мицкевич, Мадзини және т.б.) жасауға тырысты. Ағартушыларға қарсы сыншыл романтизм ағымы діни философияға негізделе отырып, Б.–тың индивидуалистік концепциясын ұсынды. Ағылшын философы Карлейль өзінің “Батырлар және тарихтағы батырлық” (1841, 1891 жылы орыс тіліне аударылған) деген еңбегінде Б.–ты құдайдан болатын ерік–бостандықтың көрінісі болып табылатын жеке тұлғаның ұлы іс–әрекеті ретінде қарастырады. Тарихтың діни тұрғыдағы белсенді бастамасы туралы қағиданы ескере отырып, Карлейль “батырлар культі” концепциясын жасады. Ол жоғарыдан төмен қарайғы тарихта бірінің орнын екінші басқан батырлар иерархиясын жасады: ежелгі дүние құдайлары, пайғамбарлар, ақындар және буржуазиялық дәуір батырлары – “жаңа ғасыр ақылмандары” ретінде жасалынды. Бұл идея әрі қарай Ницше философиясында өз жалғасын тапты, ол үшін батыр идеалы – ол “асқақ адам”, “ізгілік пен зұлымдықтан жоғары тұратын” және қоғамдық нормалар мен ұстанымдарға бағынатын адам.
Қазақ қоғамында Б. белгілі бір топтың өкілі ретінде адамға тән қаһармандық қасиеттердің жиынтығы ретінде қарастырылады. Б. – адамның әлеуметтік мұратына, қызметіне сай болатын өзіне ғана тән ұстанымымен, өмір салтымен, психологиялық жүйесімен, наным–сенімімен, дәстүрімен ерекшеленетін феномен. Қазақ даласындағы Б. түсінік жеке тұлға мүддесінің халық, туған ел, туған жер, отан, әлеумет мүддесімен байланысты көрініс табатын кешенді құбылыс болған. Б. сана, ең алдымен, ар–намыс, борыш, азаматтық, аманат, парыз және т.б. ұстанымдарға құрылатын, іске асырылатын әлеуметтік қызмет формасы. Б. мінез қазақ санасында әр кезде әлеумет мүддесіне негізделетін, қоғамдық сипат алатын мінез түрі. Көшпелілер дүниетанымында батыр адамның өмір салты, тіршілік дәстүрі халықтың өмір жағдайымен, дәуірлік уақыт пен кеңістікке тікелей байланысты қарастырылады. Б.–тың тағы бір ерекше белгісі өлімге деген көзқарасының басқалардан өзгеше болуы. Сондықтан қазақта “ер өзі үшін туады, елі үшін өледі” ерекше түсінік болған.