БАТА, бата беру

қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі әдеп талаптарына сай адамға ізгі тілек білдіру. Қазақы тіршілікте адамның көңіл–күйі, кісілік қасиеттері, құт–берекелі өмірі жоғары бағаланған. “Жақсы ниет – жарым ырыс” деген халық. Ниеттің ақтығы, тұлғалық қасиеттерді сыйлау, оның болашағына үлкен үміт арту күнделікті өмірдің күйкілігінен туындайтын қиындықтар мен сұрықсыздықтан арылуға көмегін берген. Әдетте, адамның қауымның фәниден бақиға дейінгі өмірінің түйінді сәттерінің бәрінде (дастархан басында, той–думандарда, қиын сапар, алыс жолға аттанғанда, тұсау кескенде, құрбандық шалғанда т.б.) қадірлі адам қол жайып, Б. береді. Оны беретіндерге, әдетте, жасы үлкендер, сыйлы қонақтар, ел ақсақалдары, елеулі тұлғалар т.б. жатады. Б – дуалы тілек, сондықтан қысылғанда – қуат, қиналғанда – медет беріп, дұрыс жол ашады және бәле–жаладан қорғайды деп есептелген. Б. аруақтарға да бағыштап айтылады. Оның өзіндік қисыны, орны бар. Кез келген тілек Б–ға жатпайды. “Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді” деген халық.

Екі мың жылдық тарихы мен дәстүрі бар батаның мақсаты – адам мен ғалам жаратылысының тылсымы мен тазалығын іздеу, Жаратқан Ие ниетін түземек адам дұғасын оқыды, пайғамбарға салауат айтып, тілегін тіледі.  Батада күнделікті өмірдің пайдалы жағын салыстыру сипатымен қатар анимистік — магиялық наным–сенімдердің элементі кездеседі. Белгілі бір істі бастарда, жауға, жолға, аңға шығарда ақ тілеу әзіз ақсақалдан бата алу салтында осы екеуінің де ізі бар.Ислам дініне енген кезден бергі қазақ дәстүрінде бата салты өлгенге Құран оқу, аят оқу сияқты діни наным–сенімдермен ұштастырылған, оны өлген адам мен «Құдай алдындағы парыз» деп есептеген. Ағайын–туғандар әдетте өлген адамның жылына дейін, кейде одан кейін марқұмның үйіне дүние, мал, ақша апарып, оның жақындарына көңіл айтады, өлікке бағыштап дұға оқытады. Бата беру – түркі тілдес халықтардың киелі қасиеті. Батадан халықтың адал жаны, биік рухы,  ашық тілегі, киелі сөзі көрініс табады. Осы қасиеттер рәсім–салт арқылы адамның жан–тәніне, мінез–құлқына сіңеді, күш–қуатқа демеулік етеді, жақсы іс–әрекеттің нышанын құрайды. Халық ұғымындаБ.

– адам мен қауымның қуанышына орай адал ниет, жақсы тілек білдіру;

тіл, көз сұғынан сақта деген тілеу,бастамақ істің тұсаукесері және қасиетті тұмары,

Құдай алдында берілген серт, айтылған уағда, сұрап алған үкім.Бата құндылығы –танымдық тұнықтық, түсінік тереңдігін, сана–сезім серпілісінде, сол нысаналы уәждің нәтижесі мен өлшемінде. Қазақ батаны көкіректе тазалықты сақтаудың түрі деп ұққан.Сондықтан одан асқан тілекті ниет болмаған. Бата адамның ісіне, іскерлігіне, ізетіне, ілігіне берген түйінді тілек. Ол адамның қылығына, қызметіне және кісілігіне орай батаның түрлері толықтырылған.

Бата дәстүрін сақтаған халықтың діттегені: ел–жұртының бір–біріне деген мейірімін жеткізу, сүйіспеншілігін айту; ұзақ сапар алдында ақ жол тілейтін жақындықтың рәсім салтын ілтипатпен сақтау; ақсақалдар мен кемеңгерлердің дуалы аузынан шыққан өсиет арқылы береке–бірлікке шақыру; ағайын–туғандықтың айғағы ретінде жақсы іске бас болу, үлкен–кішінің жолын ашу; мұсылмандықтың дәстүрін сақтай отырып бірлесе топтасып, аруақтарға ниетін арнау және бағыштау.

Батаны кез–келген адам бермеген. Бұл құрметті рәсім топ ішінде көңіл тоқтатқан, көпті көрген, адамның үлесіне тиген, яғни жұрттың ойынан шығатын таңдаулы  тұлғаларға, көреген кісілерге, қалаулы рухани ұстаздарға сенім білдіріп, олардың аузынан есітуге ықылас танытқан. Оқығаны да, тоқығаны да мол зиялы жандардың ойы көсем, сөзі шешен болған. Олар а) халықтың бітімгер дәстүрін өздерінше жалғастырды, ә) адам болу, ұлтжанды болу, ел–жұртты ұлағаттау, отанын сүю мәселелерін әрдайым тілге тиек етіп, жарастыққа жаңа тыныс ендірді. Елде Төле бидің, Қыбырай бидің, Абыздың, Абайдың, Сүйінбайдың, Жамбылдың, Әсеттің, Бауыржан Момышұлы сияқты ұлағаттылардың батасы деп, жатқа және жиі айтылатын тың тілектер молшылық.

Бата беру кейде өлеңмен, кейде тақпақ, көркем қара сөзбен айтылып, ауыз әдебиетінің бір жанры боп қалыптасқан. Осы күнгі бата от басына амандық, молшылық, жастрға өмір, бақыт, білім тілеу мазмұнында болып келеді. Елін ертеңіне еліктіретін, ерін естілікке жеріктіретін халқымыздың осы даналығының тәлім–тәрбиелік маңызы қашанда бәсеңсімейтіні хақ.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *