(франц. ballet, итал. balleto, лат. ballo — билеймін) —сахналық өнердің бір түрі, мазмұны музыкалық–хореографиялық образдар арқылы ашылатын спетакль. Б— ой мен жан құбылысын қозғалысарқылы, дене қимылының әрекетімен көрсетеді. Мұнда балеттің либреттосын жазушы–сценарист, музыкасын шығарушы композитор, билерді қоюшы балетмейстер және декорациясын салушы суретші еңбектері тоғысып, бір ортақ арнаға саяды. Б–тің арқауы би мен пантомима. Пантомима — сөзсіз, мимикамен (ыммен) және адам денесінің мәнерлілігімен спектакльдің мазмұнын ашатын театр өнерінің бір жанры. Сюжетті Б–те қимыл–пантомима мен әрекетті көріністер (па, г’аксьон) көп қызмет атқарады. Б–тің дәстүрлі музыка–хореография формалары қалыптасқан: екі кісілік би (па–де–де) және көпшілік биі (па–де–труа, па–де–катр, гран па). Соңғысын кордебалеттер орындайды. Қаһармандық, драмалық, комедиялық сюжеттер Б. жанрын айқындайды. Сондай–ақ, шағын Балет, Балет–пантомима, Балет феериялар деген түрлері де болады.
Б–тің негізгі элементтері халықтың музыка–би шығармаларымен тікелей байланыста туған. Б. Еуропада (Италия, Франция, Англия, Испания және т.б. елдерде) Қайта өрлеу дәуірінде дүниеге келді. Алғаш Италияда тұрмыс–салтты көрсететін би түрлері іріктеліп, жүйеге түсіп, сахналық заңдылыққа бағындырыла бастады. Той–думанда орындалатын халық билері жаңа мәнерлі, әсем өрнекті, бір идеяны ұқтыруға, бір ойды айтуға меңзеген Б.–ге арқау болды. Бұлар сән–салтанатты үлкен сарайлардақойылып отырған. Францияда Б. белгілі сюжеттер, аңыздар негізінде құрылды. Б. өнердің басқа түрлерімен тығыз байланыста дамыды. Оған көбінесе музыка мен әдебиеттегі ағымдар ықпал жасап отырған. XVII ғасырдың екінші жартысында өмірге опера–Балет (композиторлар Люлли, Рамо) және комедия–Балет (драматург Мольер) келді. XVIII ғасырда Англияда, Австралияда, кейінірек Францияда Б. өнердің жеке бір саласы болып әбден қалыптасады. Осы кездегі би өнерінде үлкен реформатор болған француз балетмейстері Ж. Новер П. Корнель трагедияларын Б.–ке айналдырып, өзінің теориялық ой–пікірлерін жанды спектакльдерде жүзеге асырды. Оның «Балет жайлы хаттар» (1760) еңбегі басқа елдердің ұлттық Б. өнерлерін дамытуда көп септігін тигізді. Содан соң ұлттық Б. мектептері (француз, италиялық, т.б.) қалыптаса бастады. Келе–келе Б. техникасы жетіліп, айналма, секірме қимылдардың ой емеурінін берудегі мәні тереңдей түсті.
ХХ ғасырда Шығыс елдерінде (Египет, Түркия, Жапония т.б.) Б.пайда болып, дами бастады. Орыстың Б. өнері XVIII ғасырдың екінші жартысынан қалыптасты. Халықтың би қазынасы бірте–бірте игеріліп, өнегелі Б. мектептерінің ыңғайымен жүйеге түсті. XIX ғасырдың бас кезінде, әсіресе, балетмейстер Ш. Дидлоның қызметі тұсында орыстың Б. өнері едәуір табысқа жетті. Е.И. Колосова, М.И. Данилова, А.И. Истомина, А.П. Глушковский сынды бишілер тобы өз өнерлерімен бой көрсетті. Б. өнері мен музыкасының ілгері дамуына кезінде зор үлес қосқан орыстың ұлы композиторы П.И. Чайковский болды. Балетмейстерлер М. Петипа мен Л.И. Иванов орыстың халық билерін классикалық би үлгілерімен ұштастыра отырып, оның «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі» және «Щелкунчик» (1890 — 1895) Б. қойды. П.И. Чайковскийдің Б. музыкасындағы игі дәстүрін жалғастырып, одан әрі дамытуда көптеген композиторлар (А. Глазунов, И. Стравинский, С. Прокофьев, т.б.) елеулі еңбек етті. ХХ ғасырдағы орыстың Б. өнері Англияда, Францияда Б.–тің қайта өркендеуіне, ал, АҚШ–та Б.–тің тууына игі әсер етті. Қазан төңкерісінен кейінгі Б.В. Астафьевтің («Париж жалыны», «Бақшасарай фонтаны»), Р.М. Глиэрдің («Қызыл гүл»), А.И. Хачатурянның («Гаянэ», «Спартак»), С.С. Прокофьевтің («Ромео мен Джульетта»), А.А. Крейннің («Лауренсия»), Қ.А. Қараевтың («Жеті ару») Б.–тері кеңес өнерін дүние жүзіне танытып, даңққа бөледі. Г.С. Уланова, М.Т. Семенова, Н.М. Дудинская, О.П. Лепешинская, М.М. Плисецкая, В.М. Чабукиани, Г. Алмасзаде, Б. Бейшеналиева, З.Насретдинова, М. Тұрғынбаева, Л. Сахьянова, Ш. Жиенқұлова секілді бишілер есімі өнер әлеміне мәшһүр болды. Кеңес одағында 40 опера және балет театры, 16 мемлекеттік балет училищесі жұмыс істеді. Б. өнерінің мамандарын Мәскеудегі Театр өнері институты мен Мәдениет институты, Санкт–Петербург консерваториясы, Қазақстанда Алматы жоғары би өнер мектебі даярлады.
Қазақ Б. әуелде драмалық, опералық спектакльдер ішіндегі би көріністері ретінде қалыптаса бастады. Діни сенімнің салдарынан үзіліп қалған халықтың көне билері қайта түледі. Тұңғыш қазақ режиссері Жұмат Шанин ұлттық Б. халық топырағында бар элементтер негізінде, туыстас елдер пластикасына негіздеп жасау керек деген ойын «Қоян–бүркіт», «Киіз басу», «Өрмек би», «Шашу» секілді билерді сахнаға шығару арқылы жүзеге асырған. Алғашқы опералық қойылымдардың өзінде «Қара жорға», «Қоян би», «Келіншек», «Ақ сүйек», «Тәттімбет», «Айжан қыз» т.б. би нөмірлері сыналап кіргізіліп, спектакльдің толық қанды құрамдас бөлігіне айналды. Қобыз, домбыра ырғақтары, күй әуезі Б. музыкасына арқау болып, оның ұлттық, даралық ерекшелігін айқындады. 1938 жылы қазақ музыка театрында қазақтың тұңғыш балеті «Қалқаман — Мамыр» қойылды. В.Великановтың «Қамбар—Назым», Н. Тілендиев, Л. Степанов пен Е. Манаевтың «Достық жолымен» және Ғ. Жұбанованың «Аққұс туралы аңызы» — қазақ Б. өнерінің өсу кезеңін көрсететін шығармалар. Т. Мыңбаевтың «Фрескалар», А. Серкебаевтың «Ақсақ құлан» Б. әр түрлі музыка жанры мен стильдердің басын құрайтын ұлттық композиторлық мектептің өсіп, өркендеуінің айқын айғағы болды. Жер–жерде Б. спектакльдерін қоятын халық театрлары («Алматының жас балеті», «Қарағандының мәдениет сарайы» т.б.) құрылды. 1986 жылы құрылған «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі қазақ би өнерінің жаңа белесі болды. Абай атындағы Қазақ опера және балет театры жаңа өнерді дамытудың тамаша ордасына айналды. Шара Жиенқұловадан өзге Сара Көшербаева, Рамазан Бапов, Болат Аюханов, Лейла Альпиева тәрізді балет жұлдыздары шығармашылықтарын паш етті.