VI–VIIIғ–дағы көшпелі түркі тайпалары жасаған мәдениет қазыналары. Бұл мәдениеттің, ой–сананың есейіп, Орхон жазулары шыққан кез. Осы тұста өркендеген өнер жәдігерлерінің көп кездесетін жері – Орта Азия, Қазақстан, Алтай, Оңт. Сібір, Моңғолия, Қашқария. Бұл өнердің үлгілері ескі қалалардың орнында (Қарақорым, Дунхуан, Бесбалық, Сайрам, Бөріжар, Пәнжікент, т.б.), сол кездері тұрғызылған мазарлар мен ескерткіштерде сақталған. Оның көрнекті түрлері – Орхон өзенінің бойы, Алтай тауының қойнауында тұрған Қотанды, Қурай, Тұяқты, Күдергі, Ертіс обалары, Іле өзендері бойындағы қорымдар. Оларды қазғанда Б. т. ө. сипаттайтын әр алуан өрнектер кездескен. VI – VIII ғ. шеберлері байырғы сақ, ғұн, үйсін дәстүрін жалғастыра отырып, өнерді едәуір жоғары сатыға көтерген. Байырғы шеберлердің ісмерлігін көрсететін өнер түрі – сәулет өнері. Білге–қағанның, Күлтегіннің, Тоныкөктің ескерткіштері, жұмырлап жасаған тас мүсіндер осының айғағы. Тарихи деректерге карағанда, ең қымбат бұйым жасағандар Қаған ордасының шеберлері болған. Олар алтын, күмістен неше алуан көркем бұйымдар шығара білген. Табиғат сырын түсінбеген тайпалар жер мен суды, күн мен айды құдірет тұтып, табынатын болған. Сол құдіреткүштерін шама–шарықтары жеткенше өнер туындыларымен бейнелеген. Аспанды –кұсқа, суды –балыққа, жерді – терекке меңзеген. Құс пен балықтың бейнелері жұмыр мүсін түрінде тастан, металдан, саздан, ағаштан жасалған. Кейде барельеф түрінде де кездеседі. Түркі қағанаты кезінде жоғары сатыға көтерілген өнердің бір түрі – ою–қырнау, безеу істері. Оның ішінде тас безеу, ағаш, сүйек ою, асыл тас жұмырлау өріс алған. Сүйек өрнегі көп бұйымды (ерді, қамшыны, т.б.) әсемдеуде кездесті. Ондағы өрнектер сюжеті көбінесе аң мен құстарға (барыс, бұғы, арыстан.т. б.) арналған. Сүйек өрнегінің ең ғажайып түрі – Күдергі обасынан табылған ердің қасындағы сүйектен оюлап шығарған сурет–өрнек. Мұнда бұғы, құлан, бөкенді атпен қуып келе жатып садақ тартқан екі мерген бейнеленген. Ердің қасында бір–біріне қарсы қаратып салған екі жолбарыстың бейнесі бар. Б. т. ө–нде тас оюларын да жиі ұшырастыруға болады. Олар – жануарлар, өсімдік, адамдар бейнелері, геом. пішіндер, т.б. өрнектер. Бұлар көбінесе тас, көзе қабірлерде, сағана тамдарда кездеседі. Мұндай жәдігерлердің ең бағалысы – Күдергі обасындағы тас оймыш. Оның сюжетінде – өлген әкесінің (күйеуінің) басына барған ана мен бала, олардың туғандары бейнеленген. Безеу өнерінің күрделі түрі – тас мүсін жасау. Олар тарихта болған адамдарды еске түсіру үшін ұрпақтары түрғызған жеке адамның бейнесі (балбал) түрінде дамыған. Мұндай мүсіндер Қазакстан жерінен өте көп табылған.