тарихи діни тұлғалар мен қағидалар жайлы баяндалатын фальклорлық проза жанры. Онда елдің, тайпа, рудың шыққан тегі, кешкен жолы хақындағы немесе тарихта болған әйгілі адамдар – хан, батыр, би, шешендер жайындағы, сондай–ақ нақтылы бір жер–су, сол жерде өткен оқиғалар турасындағы тарихи шындыққа және иллаһи діни кітапқа негізделген, халықтың тарихи жадында сақталған, әйтсе де уақыт өте өңделіп, көркемдік сипат алған оқиғалар баяндалады. Тарихи тұлғалар қатысқан тарихи оқиғалардың баяндалуы, оқиға өткен шегі, жер атауының нақтылы көрсетілуі, танымдық, ретроспективтік сипат, белгілі дәрежедегі аймақтық шектелушілік (яғни әр жерде, негізінен, сол өңірде жасаған адамдар, болған оқиғалар туралы аңыздар көбірек таралады), сюжеттік–композициялық шарттылықтың сақтала бермеуі – аңыздың жанр ретіндегі ерекшеліктері. Заман алға озып, ел жадында тарихи тұлға көмескі тартып, тарихи оқиға елеске айнала бастағанда, әуелдегі әңгіме халықтың көркемдік таным тезіне түсіп, өзгеріске ұшырап, аңыз ретінде айтылатын болады. Қазақ аңыздарына алғаш назар аударған Ш. Уәлиханов пен Г.Потанин еді. Әйткенмен аңыз жеке жанр ретінде М.Әуезовтың еңбектерінде ғана қарастырыла бастады. Ол аңыздарға: «тарихта болған адамдар жайында айтылған, халық шығарған көркем әңгіме»– деген анықтама берді. М.Ғабдулин де осы пікірді қуаттай отырып, аңызды «аңыз әңгіме» деп атады да оның жанрлық ерекшеліктерін айқындай түсті. Аңыздың жан–жақты зерттелуі С.Қасқабасовтың халық прозасына арнаған еңбектерінде жүзеге асты.