(грек. аrche – бастау, tupos – бейне) — алғашқы үлгі, түпнұсқа. А. жалпыадамзаттық рәмізділіктің негізіне, шығарм. жасампаз қиялдың нәр алатын бастауына жатады. А. өнерде ерекше рөл атқарады. Мәдени А–тер — бұл ілкі мәдени тұпнұсқалар, адам және оның табиғат пен қоғамдағы орны жөніндегі түсінік–рәміздер, тарихтың терең қойнауларынан үзілмей “өсіп” шығып, қазіргі мәдениеттің нормалық–құндылық кеңістігінде өз маңызы мен мағынасын жоғалтпаған және бүгінгі адамдардың әрекеттеріне жалпы жоба беретін баптық–құндылық бағдарлар. А. туралы ілімдер К.Юнгтің “аналитикалық психологиясында”, Л.С.Выготскийдің “мәдени–тарихи теориясында”, Дж. Кулидің “Рәміздік интеракционизмінде” және мәдениетті құндылық–рәміздік жүйе мен адамдар тіршілігінің рухани интенциясы деген түсініктерде жан–жақты дамытылды. К.Юнгтің аналитикалық психологиясында А. көмескі сананың тылсымдық құрылымдарында “ұжымдық бейсаналық” түпнұсқалар ретінде сақталды. Мәдени тұлғаның рухани–шығармашылық қазынасын қауымдық тылсымдағы А–тер құрастырады. Оларға адамның рухани өмірін априорлы (тәжірибеге дейін) қалыптастыратын және оның іс–әрекетін, мінез–құлық жүйесін жалпылама анықтайтын құндылықтар қисыны жатады. Осының негізінде адамда “мендік” сезім, этноста ортақ уақыттық–кеңістік өрісі пайда болады. Әрбір халық өз мәдениетін еркін дамытуға мүмкіндік алған кезде А–теріне жиі оралады. Мыс., Қазақстанда соңғы жылдары мәдениет пен өнердің әр саласындағы “ұлттық негіздері жаңғырту” идеясы осымен тұстас.