АРАМ

араб тілінен аударғанда “рұқсат етілмеген”, “таза емес” деген мағынаны білдіретін сөз. Этикалық тұрғыда адамның жағымсыз моральдық сапасын айқындайтын категория. Мұсылмандық аксиологияда адамның ас–суын ғана емес, іс–әрекетін, мінез–құлқын, тәртібі мен әдетін, ниеті мен пиғылын да адал, арамға бөлген. Құранда: “Әй, муминдер, сендерге ризық етіп бергендердің тазасын жеңдер. Алла тағалаға пенде болғандарыңа шүкірлік етіңдер. Әлбетте, ол сіздерге өлексені, қанды, шошқа етін және Алладан басқаның атын айтып сойылған хайуандардың еті арам қылады” (Бақара сүресі, 172–173 аят.) –делінген. Енді бір тұста: “Алланың діні өзгермейді. Өйткені дін өзгертілмеген. Шариғаттар болса өзгертілген. Сондықтан кейбір нәрселер бір адамдар үшін адал болса, Алла оны басқаларына арам еткен. Біраз бұйрықтардың орындалуын Алла кейбіреулерге әмір етсе, кейбіреулерге тиым салған” –деп айтылады. Діни этика бойынша, байлықты жұмсаудың өзі адал мен арамға бөлінеді. Бұл орайда о дүниеде байлық Аллаға арыз айтып: “…Харамға жұмсасаңыз: “Иә, Алла! Бұл пендең мені жаман жолға жұмсады” десе Алла сол адамның дәрежесін төмендетіп қояды екен деген түсінік бар. Адамдардың іс–қимылы мен әдеттеріне қатысты елге, халыққа көрсетілген қызметтен көз бояушылықпен, алдап арбаумен, зорлықпен, ұрлық–қарлықпен, парамен алынған пайда арам саналған. Біреуге зиян келтіру, өш алу мақсатымен немесе күндестік, қызғаныштан өтірік айту, алдау, қулық жасау да арам ойлы, арам ниеттілік саналады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *