АРАЛАСУ

қазақ дүниетанымында адам мен қоғамның, адам мен адамның арасындағы қарым–қатынасты бейнелейді. Адам болмысының өзі үнемі дамып, өзгеріп және жаңарып отыратын араласу процесі, ол адамның мәндік ерекшелігі. Адам өз болмысының құпияларын өзін қоршаған ортадан оқшау, тұйық жағдайда толық ашуы, көрсете алуы мүмкін емес, адам қоғамда ғана толық қалыптасады. Адам болмысы араласу арқылы, оның өзіндік “Менінің” “Басқамен” үздіксіз жүріп отыратын диалог–сұхбатында ғана айқындалады. Адам өзін қоршаған ортамен: табиғатпен, қоғаммен, басқа адамдармен араласуға мәжбүр деуге болады. Ежелден араласуға құмар қазақ халқы оны жоғары бағалады. А. – қазақ халқы үшін өмірдің мәні, басты құндылықтардың бірі және қазірге дейін солай болып қалып отыр. Белгілі қазақ философы Қ.Ш.Нұрланова араласудың бес деңгейін бөліп көрсетті: қарым–қатынас, келіп–кету, сіз–біздесу, араласу, іштесу. А. қазақ үшін терең мазмұнға ие, ол өмір кеңістігінде өзінің туысқандарымен, отандастарымен, адамзаттың басқа өкілдерімен бірге өмір сүру тәсілі. Қазақ халқының араласуға құштарлығының негізінде малдың қамымен ұзақ уақыт бойы табиғат аясында оқшау өмір кешу жатыр. Сол себепті қазақ халқы басқалармен кездесудің, жүздесудің әрбір сәтін қастерледі, өз ұрпағын “кісікиік” болып, жалғыз өмір сүрмей, араласу арқылы адам қоғамында бақытты өмір сүруге шақырды. Осы қасиет қазақ халқының қазіргі заманда бүкіл адамзат қауымдастығымен тіл табысып, ынтымақтаса өмір сүруінің себептерінің бірі. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *