АЛЬТРУИЗМ

(франц. altruіsme, лат. alter – басқа) — басқаның мүдделері үшін өзімшілдікті тежеп, оған риясыз, жанқиярлықпен қызмет етуге дайындықты білдіретін ізгілік принципі. Ғылыми қолданысқа А–ді эгоизмге қарсы ұғым ретінде О.Конт енгізген. Эгоизм мен А–нің арақатынасы бүкіл этика тарихында арқау болған мәселелердің біріне жатады. “Егер мен өзім үшін болмасам, онда кім мен үшін?”, “Мен басқа үшін емес өзім үшін өмір сүгім келеді” деген дұрыс мағынадағы өзін сүю А–тік қағидалармен толықтырылып отырылу қажет. “Егер мен тек өзім үшін болсам, онда менің керегім де жоқ”, — дейді альтруист. Шынайы А. руханилықпен, басқа адамдардың қасиеттілігін мойындаумен, басқаға деген жылылықпен сомдалып отырады. А. принципі  адамгершіліктің алтын ережесінде тұжырымдалған: “Өзіңе не тілесең, басқаға да соны тіле!” А–нің таза көрінісіне аналық махаббат жатады. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде А. кісілік қасиеттермен, басқаға деген жылы көңіл–күймен, сұхбатшылдықпен т.б. анықталады. Ұлы Абай айтқандай,“махаббатпен жаратқан адамзатты; сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті”. Шынайы А. — өмір ләззаттарынан бас тарту да, аскетшілдік пен тақаушылдық та емес. Қазіргі әлемдік мәдениеттегі бейбітшілдік, келісімдік, күш көрсетпеу, әмбебаптылық пен жалпы ғаламдық приоритеттер идеялары А–ның жаңа қырларын айқындайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *