Ислам дінінде бүкіл әлемді, адамзатты, барлық тіршілік иелерін жаратушы, бүкіл болмыстың түп–тірегі.барлығы оның әмірімен болады. Қасиетті Құран Кәрім А–ның адамдарға сыйлаған сөзі. Оны А. Жәбірейіл періште арқылы соңғы пайғамбар Мұхаммедке 23 жыл бойы аян–аяттар түрінде жолдап отырған. Мұсылмандық сенімде А. туралы ілім (ат–таухид) басты имандылық қағидалары болып есептеледі. Құранда, хадистерде, тәфсірлерде А. туралы арнаулы әдебиетте (кәләм) жаратушының құдіреттілігі, шексіздігі, жалғыздығы, шынайылығы, қасиеттілігі, мейірімділігі, әділдігі, рахымдылығы т.б. жөнінде көптеген сипаттамалар беріледі. Нағыз мұсылман А–ны бірден–бір жаратушы күш ретінде мойындап, өз өмірінде оның талаптарын бұлжытпай орындап отыруға міндетті. Әлемдегі рас — ол болмыс. Болмыс рас болса, онда А. да рас. Абай айтқандай:
“Алла ішімді айтқызбай біледі, ойла,
Бендесіне қастықпен кінә қойма.
Распенен таласпа мүмин болсаң,
Ойла, айттым адамдық атын жойма!”
Құран уағызының негізі —Құранның мазмұны да, тақырыбы да бір ғана А–ға сену болғандықтан, көп құдайлы пұтқа табынушылыққа қарсы тұрған. А.— жалғыз, оның ешқандай «теңдесі» жоқ. «А.— жалғыз, А. мәңгілік, ол тумайды, оны ешкім туған жоқ, оған тең келер ешкім жоқ». Құранда А–ның құдіреттілігі, қалтқысыздығы және ұлылығы туралы үнемі айтылып келеді. 18 мың ғаламның барлығы А–ға бағынғандықтан дүниеде оның әмірінсіз ештеңе істелмейді, тіршіліктің дамуы оның әмірі негізінде ғана жүреді. Құран дұғасы осыны дәлелдейді. Сондықтан А. өзі жаратқан дүниеге әмірін жүргізеді, демек тіршілікті дамытады, өзгертеді, барлық құбылысты өзі жасайды. А. адамзатқа өте қайырымды, себебі ол адамға сана және қалау еркін берген, адамға кешірімді. Адам А. құдіретіне сенгендіктен, өзін Құдайдың «құлымын» деп түсінгендіктен, дін жолына түсіп, Құдайға құлшылық етеді. Құдайға құлшылық етуші мұсылман қауым, тіршіліктегі барлық құбылысты А. ісі деп түсінеді.
Адам баласы өмір бойы не істейді, қалай күн кешеді, мұның барлығы А–ның әмірі деген қағида Құранда көп қайталанады. Сонымен қатар, дүниедегі болып жатқан барлық құбылыс А – ның әмірімен және оның бұйыруымен жасалады. Құран қағидасының негізгі мақсаты А – дам баласын тек адал өмір сүруге, істеген ісіне жауапкершілікпен қарауға, күнәсін мойнына алуға А–ға күнәсін кешіруін сұрап, жалбарынуға шақырады. Дер кезінде күнәсін кешіруді өтінбесе о дүниеде күнәға батып, А–ның алдында жазаға тартылады. А. – діни философиялық категория. Әл–Фараби философиясындағы Бірінші Себеп – Құдай – абсолютті бастама. Ол әлемдік үйлесімділіктің басы да соңы. Құдай материалды дүниеден, дербес.. Әл–Фараби бойынша, А. – Бірінші себеп, ең алғашқы бастама, ол дербес, ешқандай затпен, құбылыспен теңестірілмейді, оның басқа затқа тәуелділігі болмайды. Бірінші себеп болмысты жаратады, одан жаратылған болмыс басқа заттардың болмысы үшін өмір сүреді. А–ның жаратқан болмыс жүйесі сатыларға бөлініп, әрқайсысы өзіне тиесілі орындарын иеленеді. А. универсальды білімнің иесі, Ғаламдағы барлық заттар мен құбылыстардың түптегі, негізі. А. өзінің мәндік болмысын анықтауға қабілетті, ал оның мәні бүкіл шындық әлемін қамтиды, сондықтан ол бүкіл әлемді таниды. А. мен материалды дүние бір бүтін болмысты құрағанымен, А. мен материалды дүние немесе А. мен адам арасында бірнеше топтар мен сатылар кездеседі, сондықтан А–ның табиғатпен тікелей байланысы жоққа тән, А–дан оларға вертикальды байланыс болмайды. Фараби А–ның мәңгілік екенін дәлелдейді. Әбу Ханифаның пікірінде: “А–ның калам (сөз) сипаты бар және бұл сипаты оның басқа сипаттары сияқты өз болмысының ажырамас бір, онымен бірге мәңгі болып табылады”. Оның А. – барлық нәрсенің бастамасы тұғысындағы пікірі, әлем және ондағы әртүрлі болмыс А. тарапынан жаратылды, Ғарыш және дүниенің ешбір кемшіліксіз жүйелі түрде жаратылуы, болмыстың бір күйден екіншісіне ауысып отыруы білушілердің білушісі және ғибрат иесі ұлы жаратушының бар болатындығын дәлелдейтін ашық айғақтар дегенге саяды. Осыған негізделе отырып, әрбір ақыл иесі А–ның бар екеніне және оның жаратушы бастама болатынына сенуге міндетті деп есептейді. Оның пікірінше, А. бар, бірақ оның бар болуы басқа болмыстарға ұқсамайды, А. тірі, бірақ басқа тірілір сияқты емес, сипаттары оның болмысынан ажыратылмайды. Оның теңі мен ұқсасы жоқ, сондықтан ол – “жалғыз”, “біреу”. Ислам дінінде сауап та, жаза да А. тағаланың қолында, мұның екеуі де бұл дүниеде болмаса, о дүниеде берілетіні анық болып есептеледі.