АЗАМАТ

адамның әлеуметтік болмысын,қоғамдағы тұлғалық орнын анықтайтын ұғым. А. құқық ғылымы тұрғысынан – адамның нақты бір мемлекетке саяси және құқықтық қатысы. Мемлекеттің және оның билігіне бағынатын адамның арасындағы өзара қарым–қатынасты білдіреді: мемлекет өз азаматының заңды құқылары мен мүдделерін қамтамасыз етуге, қорғауға әрі оған шетелде қамқорлық жасауға кепілдік береді; ал азамат мемлекеттің заңдарын және т.б. өкімдерін бұлжытпай сақтауға әрі оның белгілеген міндеттерін орындауға міндетті. Мұндай құқылар мен міндеттердің жиынтығы азаматтың саяси–құқықтық дәрежесін айқындап, оны шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардан ерекшелейді. ҚР–ның Коститутциясында адамның азаматтығы бекітілген.

А. ұғымы моральдық философия тұрғысынан алғанда адамның әдептік сапасын білдіреді. Ол әдетте, А–тық. парыз ұғымы тіркесінде қолданылады. А.–тық парыз – адам мен қоғам үйлесімділігін білдіретін әлеуметтік–этикалық ұғым, жеке тұлғаның туған жер, ата–мекен, Отан, халық алдындағы парызы мазмұнын білдіреді. Қазыбек би “Алтын ұяң – Отан қымбат, туып өскен елің қымбат, кіндік кесіп, кір жуған жерің қымбат” деген. Адамзат пен Отанды сүю тек А. парыз ғана емес, сонымен бірге, ар–намыспен де байланысты. “Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді” деген осыған меңзейді. Азамат үшін тіршіліктің ең қиыны, күрделісі – нағыз адам болу. Адамға өз ісін жетік білу де А. парызы. Пайғамбар хадистерінде “үйренуге қорланбадым, әркімнен үйрендім, әркімге үйреттім” деген тәлімдік сөздер бар. А. парызы адам құқықтарын қастерлеумен тығыз байланысты. Азамат өз құқығын пайдаланып қана қоймай, сонымен бірге, қоғам, заң және басқа тұлғалар алдындағы жауапкершілігін сезінуі қажет. А. парыз азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет және халықтың шынайы билігі бар жағдайларда толық жүзеге аса алады. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *