АДАСУ

ақиқат ретінде жаңсақ қабылданатын, нақты шындықпен сәйкес келмейтін сана мазмұны. А. ұғымын танымдық тұрғыда және моральдық тұрғыда қарастыруға болады. Танымдық тұрғыда А. танымның шындықтан ауытқуын білдірсе, ал екіншісі, адамның өмір жолында қателесуін, теріс жолға түсіп, азғындауын, адамгершілік, кісілік жолдан шығуын білдіреді. А. да шындықты, объективті дүниені біржақты бейнелейді,белгілі бір шынайы қайнар көзге ие болады. А–дың себебі. таным жолын салыстырмалы түрде таңдау еркіндігімен, шешілетін мәселенің күрделілігімен, ойды іске асыру барысындағы мәліметтің толымсыздығымен байланысты. А–дың психологиялық және әлеуметтік негіздері болады. Бірақ, оны моральдық–психологиялық феномен ретіндегі саналы өтіріктен ажырата білуіміз керек. Өтірік істің шынайы болмысын бұрмалаумен байланысты, біреуді саналы түрде қателесуге итермелеу мақсатын көздейді. А. қате пайымға негізделгендіктен ақиқаттан ауытқу, ол әр кезде жаңсақ алғышарттарға сүйенеді. Сондықтан оны қателесуден ажырата білуіміз қажет. Қателесу ойлаудың тек формальды тұсындағы ауытқуларды ғана көрсетеді. А.–ға алғашқы жіктемені Ф.Бэкон өзінің “идолдар” туралы ілімінде берген болатын. Оның философиялық жүйесінің сынға арналған бөлігі негізінен адамның адасуының себептерін анықтауға және оларды жоюдың жолдарын ұсынуға бағытталған. А. – адамға тән құбылыс, яғни өмір жолында қателесу, тіршілік бағдарынан шатасу, теріс жолға түсу, азғындап адасу, адамгершілік, кісілік жолынан шығу дегенді білдіреді. Діни философия адасуды адамның кәміл жаратылыс болмауымен байланыстырады. Адамға тән үштік құрылым: жан, тән және рух, оған адасудың тән болатындығын дәлелдейді. Екінші фактор еркіндіктің болуы. Құранда: “Сәмуд қауымына келер болсақ, біз оларға тура жолды көрсеттік. Бірақ олар адасушылықты таңдады” (44/17–аят) делінеді. Мұхаммед пайғамбар: “Ей қауым! Сендерден бұрынғы қауым осы себепті (тағдыр жайлы таласқа түскені үшін) адасқан. Кітаптың бір бөлімін екінші бөліміне қарсы қойғаны үшін адасты…” –деп айтқан. Ислам дінінде кісілік жолы “құдай жолы” мәнімен үндеседі. Абай әділет пен шапағаттан айрылу – А.–дың басы екенін аңғартады.

“Ғадаләт, шапағаттан босанбаңдар. Егер босансаң, иман да, адамдық та һәммасы босанады. Аллаяр софының бір фәрдәдан жүз фәрдә бижай (жайсыз, қолайсыз) дегені басына келеді” дейді Абай. Енді бірде Абай: “Мал, мақтан, ғиззат–құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Егер адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады” дейді. Бұл тәлім сөздер кісілік жолдан адастыратындардан аулақ болу шартын уағыздайды.  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *