АДАЛДЫҚ

адамның ішкі рухани болмысының мазмұндық құрылымын анықтайтын этикалық ұғым, адамгершіліктің маңызды талаптарының бірін белгілейтін моральдық категория. А. – адал – араб тілінің “рұқсат етілген”, “таза” деген мағынаны беретін сөзінен келіп қалыптасқан сипаттық мазмұнды бейнелейтін аксиологиялық ұғым. А. шыншылдық, әділдік, принциптілік, кісілік, адамгершілік, қанағаттық, ынсапшылдық, айтқан уәдесінде тұрушылық, мойнына алған істен жалтармаушылық, тазалық сияқты моральдық сапаларды қамтиды. А–деп өзін жасанды қылықпен, қорқақтықпен, өтірікпен “ластамаған”, турашыл және батыл, достықты қадірлейтін адамды сипатайтын.ұғым. Ол – өз жақындарын,отандастарын және бейтаныс адамдарды құрметтейтін кісі. Діни философияда, оның ішінде, исламдық этикада А. ұғымына өте зор мән беріліп, биік маңызға ие болады. Ол – адамның пенделік тіршілігінде өзіне рұқсат етілген іс–әрекет, қажеттіліктерін өтеуінде рұқсат етілген шегін анықтайтын рухани кеңістік.

Дала өркениетіндегі А. ұғымының этикалық қуатын “Ақиқатқа қақ тұрған – адалдықтың белгісі”, “Ала ойлаған алысқа бармайды”, “Адалдықтан ауған ер бір кеселге жолығар” (Балпық би), “Арам – өзін ойлайды, адал – өзгені ойлайды. Халықтың таңдауы – өзгенің қамын жейтіннің жағында” (Әйтеке би), “Адал болсаң жұртыңа, ағалыққа жарарсың” –деген ұстанымдардан байқаймыз. Демек, А. – өмірдің барлық жағдайларында адамның өз уәдесіне және қалыптасқан адамгершілік нормаларға сәйкес әрекет жасау жөніндегі парасаттылық талап. А. – ұлық мінез. Қазыбек биге сүйенсек, “Адалдықты әрқашан жасырмаған елміз, адал ниетті ақтай білген елміз”. “Адал адамның аты арып, тоны тозбас” –дейтін тұжырым жасайды қазақы таным. А. ұғымын табиғат тазалығымен салыстыратын тұсты “адал болсаң судай бол…” (Жанқұтты шешен) дейтін теңеуден көреміз.Демек А. – өмірдің барлық жағдайларында адамның өз уәделеріне сай және қалыптасқан адамгершілік нормаларға сәйкес әрекет жасау жөніндегі парасаттылық талап.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *