Санамақтың тәрбиелік мәні

Санамақтың тәрбиелік мәні. Санамақтарды халық, негізінен жас балаға сан үйрету мақсатымен шығарған. Санамақтар әрі дүние танытады, әрі баланың қисынды ойлауы мен математикалық ойлау қабілетін дамытады. Санамақтардың түрлері көп, оның үстіне жаңадан қосыла береді.
1. Атау ұйқастырып санау арқылы бала әрі сан үйренеді, оның үстіне санға аты ұйқасқан заттарды танып біледі:
Бір дегенің – білеу,
Екі дегенің – егеу,
Үш дегенің – үскі,
Төрт дегенің – төсек,
Бес дегенің — бесік,
Алты дегенің – асық,
Жеті дегенің –желке,
Сегіз дегенің – серке,
Тоғыз дегенің – торқа,
Он дегенің – оймақ
Он бір қара жұмбақ.
2. Саусақ санау ойыны баланы сан үйренуге ынталандырады, көңілдендіреді.
Түйе, бота маң басқан,
Төрт аяғын тең басқан.
Шұнақ құлық бес ешкі,
Қос –қос лақты қос ешкі,
Төрт қозылы екі қой,
Бәрін бірге ойлап қой.
3. Санамақ айтыста бала санға ұйқас сөз табу арқылы, ақындық қабілетін басқайды. Егер ол ұйқас таба алмаса, айтыста жеңілген болып табылады.
— Бір !
— Бетің кір.
— Екі!
— Маңдайынан шекі.
— Үш!
— Мені жеңбек күш.
— Төрт!
— Төнбесін өрт.
— Бес!
— Белгілі жерден кес.
— Алты!
— Ата – ананың салты.
— Жеті!
— Жемтік қойдың еті.
— Сегіз!
— Қойың тапсын егіз.
— Тоғыз!
— Топас хайуан доңыз.
— Он!
— Оның кигені тон.
4. Жаңылтпаш, жұмбақ санамақты айту арқылы бала әрі сан үйренеді, әрі жұмбақтың шешуін тауып, ойын дамытады, тілін ширатады.
Құрық – қырық,
Сырық – қырық.
Қанша болды
Құрық, сырық?
5. Ойын санамақтарын балалар «Тоқтышақ», «Жасырынбақ» ойындары үшін пайдаланып, сан жобасын, тақ пен жұп белгілерін ажыратуды үйренеді.
Бірім – бірім,
Екім – екім,
Үшім – үшім,
Төртім – төртім,
Бесім –бесім,
Алтым – алтым,
Алты малтам,
Алтын балтам,
Сары ала қыз,
Саңқылдауық,
Қырмантауық-
Қырқылдауық
Сен тұр –
Сен шық!
Отбасында санамақтың әр бір түрін балаға жаттатып олармен бірге ойнай отырып, ойын дамыту – ата –ананың борышы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *