Мемлекеттік тіл – менің тілім
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңына сәйкес қазақ тілі республикамыздағы негізгі тіл – мемлекеттік тіл болуына орай оның қолданылу аясы, бедел-мерейі мемлекет ішінде ғана емес, халықаралық қатынастар деңгейіне дейін артып келеді. Осыған байланысты қазақ тілін оқу мен оқытуды жан-жақты зерттеп, дамыту жауапкершілігін алға тартып отыр.Әрине, әр халықтың тілі өзіне ерекше құрметті. Тілдің байлығы, сөздік қорының өсуі халықтың өзіне байланысты.Халықтың тілін білсең, оның жанын сезінесің, тіл арқылы бүкіл адамзатқа тән гуманистік идеяларға қол жеткізуге болады.
Мақсаты: Тыңдаушыларға мемлекеттік тілді білудің маңызы жайлы айту және оны құрметтеуге үйрету, қазақ тілі туралы мақал-мәтелдер, өлең, тақпақ, нақыл сөздер айту арқылы тыңдаушының сөздік қорын молайтып, тіл байлығын дамыту.
Жүргізуші: Құрметті қонақтар, тыңдаушылар!
Қазіргі таңда еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі болып бекітілді. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы Заңы» күшіне енді. Болашағымызды баянды етер басты қаруымыз – тіліміз.«Адамға екі нәрсе тірек тегі,Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі», – деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай кез-келген мемлекеттің, елдің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де сол елдің ана тілі болмақ.Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Біздің Отанымыз – Қазақстан. Қазақстан Республикасының өз елтаңбасы, әнұраны, туы бар. Сонымен қатар өз тілі бар.
Көп тіл білсең көкжиегің кең болар,
Құрметтейді кісі екен деп төрге озар.
Қай елде жүрсең де бұл дұрысы,
Мемлекеттік тілді үйренген жөн болар, – демекші, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
1-жүргізуші: Қазақ тіліміз – ана тіліміз. Ана тіліміз мемлекеттік тіл болып үлкен мәртебеге ие болды. Ол біздің қазақ халқы үшін зор қуаныш.
2-жүргізуші: Біз ана тілімізді – халқымыздың мәдени дәрежесін көтеруге пәрменді құрал болып отырған, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілін терең де тиянақты меңгеруіміз керек.
1-жүргізуші: Жанар, сен білесің бе, Қайда жүрсем де, қандай адам болсам да бақыттымын деп сезінемін. Бақытымның бастауы – халқыма бас иемін. Халықты сүйген соң, туған тілімді де сүйемін, сол тілде жырлағым келеді.
2-жүргізуші: Талғат, мен де сен сияқты өз тілімді жырласам, қазағымның қара топырағынан жаралған тал шыбық бүршік атардай сезіледі. Бойымдағы әлдебір күш серпіліп, аласұрғандай болады.
Қымбат маған ана тілім, бал тілім,
Қымбат маған дала тілім, ар тілім.
Ақ сүтімен бірге сіңген бойыма,
Ана тілім – ардақ тұтар алтыным.
1-жүргізуші: Ана тілін жырлап өткен талайлар,
Жырлап өткен Ыбырай мен Абайлар
Қасиетті менің ана тілімде,
Өшпес мәңгі алаулаған арай бар.
2-жүргізуші: Құрметті қонақтар! Ортаға бүгінгі сайысымызға қатысқалы отырған «Білімділер» мен «Қырандар» тобын шақырамыз.
1-жүргізуші: Мерекеге бүгін бақ күні,
Егеменді елімнің.
Желбірейді көк туы,
Түсіндей боп көгімнің.
«Елім менің» әні орындалады.
2-жүргізуші: Ал енді, туған еліміздің тілін ардақтап, сол тілде сауатты жазып, ойымызды жеткізе білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Оны біз бүгін өткелі отырған «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты сайысымыз арқылы көз жеткізбекпіз. Сайысымыз әртүрлі тапсырмалардан тұрады. Бірінші бөлімде «Сәлемдесу» немесе таныстыру.
«Әдепті елдің баласы
Алыстан сәлем береді» – дейді данышпан халқымыз.
Әр топ өзінің мүшелерімен таныстырып, төс белгісін, шығарған қабырға газеттерін түсіндіріп, ұранын айту керек.
Сәлем берем халқыма,
Сәлем берем жалпыңа.
Сәлемдесу кіреді,
Ата-дәстүр салтына.
(Әр топ өзін-өзі таныстырады).
1-жүргізуші: Екінші бөлімде «Тақырыптық әңгіме құру»
Қазақпыз – қыз өсірген іңкәр қылып,
Қазақпыз – ұл өсірген шырқап жүріп.
Қазақпыз – құс та салып, ат жаратқан,
Сайысқа түскен және тұлпар мініп.
Берілетін тақырыптар: «Қазақстан», «Наурыз», «Қызылорда», «Қазақтың әдет-ғұрыптары»
Өнерлі адамдарға кім жеткен,
Әр салада небір өнер көрсеткен.
Екінші сайысты біз бастайық,
Өнерлінің әрқашан да өрісі кең.
2-жүргізуші: Мақал-мәтелдер талай замандар бойы қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан асыл мұра. Сондықтан да сайысымыздың үшінші бөлімі мақал-мәтелдерге арналады. «Кім көп мақал-мәтел біледі?»
Мысалы:
• Өнер алды – қызыл тіл
• Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады.
• Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ.
• Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ
• Ең ащы да – тіл, ең тәтті де – тіл, ең жұмсақ та – тіл, ең қатты да – тіл.
• Қотыр қолдан жұғады, пәле тілден жұғады
• Білекті адам бірді жығады, білімді адам мыңды жығады.
Құрманғазының «Серпер» күйі орындалады
1-жүргізуші: …Әр адамның азаматтық қасиеті мен мәдениеті өз халқын, өзінің елін қалай сүюімен, білуімен, ардақтауымен өлшенеді. Бұл азаматтық борышты ақын қалай жырлайды? Кешіміздің 4-бөлімі ақындардың өлеңіне арналады.
«Білімділер тобы»:
Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім мен де бірге өшемін.
«Қырандар» тобы:
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен сәттерімнен
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
«Білімділер» тобы:
Ана тілі – асыл күні бабамның,
Қуатымсың ақ сүтіндей анамның.
Сәби шақтан бесігіме жыр тыңдап,
Туған тілді жаттап өскен баламын.
«Оң жол ізде өмірде көп ойланып,
Алдыңнан атар таңың арайлап.
Азаматы бар ел деп – бұл қазақтың,
Талай жұрт құрметтесін қарай қалып».
«Қырандар» тобы:
Ана тілің – арың бұл Ұятың боп тұр бете Өзге тілдің бәрін біл
Өз тіліңді құрметте, – деп енді ортаға топ басшыларын шақырамыз.\Жүргізуші: «Анамыздың ақ сүтінен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген Б.Момышұлы. Ана тілімізді құрметтеп, сүйе білейік. Мемлекеттік тілде көп оқып, бір-бірімізбен қазақша сөйлесейік. Бүгінгі ұрпақ ана тіліне жетік, білімді, мәдениетті болуы шарт.
«Менің Қазақстаным» әні орындалады.
Әділқазылар сайыс қорытындысын айтады.