Келін түсіру, қыз ұзату ғұрыптары лексикасы.

Қазақтар өмірінің сан ғасырлық тарихы әдетте ана тілімен тығыз байланысты. Мысалы, құда түсу рәсімдері, үйлену тойы, ас беру тағы басқа толып жатқан ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып үлгілерінің атаулары тілде сақталмаған болса, онда рухани мәдениет үлгілерінің мазмұны да кеми бермек. Әдет-ғұрып, салт-сананы айтқанда, әдетте олар туралы халықтың көрнекті де, көрікті ойлары тілімізге оралады. Сөз мәні, сөз сыры, ішкі-сыртқы мағыналары салтпен, дәстүрмен астарлас жатқандығын байқаймыз. Ол мағыналар, мәндер, сырлар астарында небір тарихи ұғым жатады немесе онда салт-дәстүрлерге сай түрлі наным сақталады. Келін түсіру, қыз ұзату ғұрыптарымен байланысты жұмыста ұрын бару, бауыздау құдалық, ит ырылдатар, табалдырық аттар, түндік ашар, отқа май құю, оң жақ, жаушы, сәукеле, боғжама, сыңсу, босаға, беташар тәрізді бірсыпыра идиоэтникалық бірліктердің тілдік сараптамасы берілген. Мысалы, ұрын бару дәстүрі де, сөздің өзі де бұл күнде қолданылмайды. Күйеу жігіттің қалыңдығымен алғаш кездесуге баруын «ұрын бару», осыған орай ұйымдастырылған той-думан «ұрын той» деп аталады. Тойдың мақсаты – екі жастың оңаша кездесуіне, еркін сырласып, махаббат жайлы сыр шертуге мүмкіндік туғызу. Жаңа ортаға келгенде қызының басына түсетін іс-әрекеттерді, ұрын барғанда және қыз алуға келгенде, жігіттің де басынан кешіріп, келген құда-құдағилардың да жауапкершіліктерін арттыратын тәлім мен тәрбие деп түсінген жөн. Қайын жұртына келгенде бірінші болып, әдет пен тәртіптің түрлерін күйеу жігіттің басынан кешіруі, ертең қалыңдығы өз шаңырағына келгенде оған түсіністікпен көмек көрсетудің сабағы тәрізді.
Бұл туралы профессор Е.Жанпейісов: «Ұрын бару // ұрын келу деген тіркестердегі ұрын сөзі түркологияда, негізінен, «ұрлану, ұрланып бару» мағынасымен байланыстырылатынын, бірақ ұрын сөзінің «ұрланып келу» мағынасы Б.Базылхан сөздігінде қарастырылмағанын, ал қырғыз тілінде баш урун тіркесіндегі урун сөзі «бас ию, қалыңдықтың ата-анасының алдында тағзым ету» (қалыңдық үйіне құда түсіп келгеннен кейін) мағынасын беретінін атап көрсетеді [ЮСЛ: 807]. Е.Жанпейісовтың пікірінше, осы урун бару мен баш урун тіркестеріндегі урун сөзі омонимдес, урум сөзінің мағынасы «ұрпақ» және «Абай жолы» эпопеясы негізінде «ұрын келу» (ұрын бару / ұрын кету / ұрын жіберу) ғұрпы күйеудің қыз аулына ұрланып емес, керісінше, жұрттың көзінше, салтанатты түрде келуін білдіреді [2, 86-87]. М.Рясянен, Г.Вамбери, В.Банг еңбектеріне сүйеніп, Э.В.Севортян уркачы «ұрғашы, әйел», урлуқ «ұрық, ұрпақ» уру «туыс, ру», урым-путақ «ұрпақ», урууғ «тайпа, ру, буын», урғуқ «күшік», uraγ «ұрық», uruk «өскін / ағаштың түбірі», оруқ вĕр / сал «күйеуге беру» дегендердегі ур ~ үр түбірі «тұқым, ұрық, туу, ұрпақ әкелу, тұқым беру, өнім, ұрпақ» дегенді білдіретінін айтады [ЭСТЯ: 603-606]. Академик Ә.Қайдар ур ~ үр ~ өр түбірінен тараған ұран, ұрағат, ұру, ұрпақ, ұрық, үрім, өрен сөздерінің жасалғанын көрсеткен [3, 294-296]. Біздіңше, урун сөзінің шығу төркіні «ру» мағынасын білдіретін урук ~ уру ~ ру деген сөз. Яғни ұрын бару деген тіркес «ру, туыс болу» деген мағынаны білдіреді деп жорамалдаймыз.
Әуелгі сөзім беташар, Тауып айтсам жарасар. Жаңа келген жас келін, Үлкенді көріп аласар (Беташар).
Беташар. Беташардың алдында және соңында жасалатын рәсімдерді ескерсек, оның төркіні сонау Тәңірлік сенімдермен сабақтасып жатқанын көреміз. Мұнда қыз бала өз ұясынан шығып, басқа шаңыраққа келіп қонып, өміріндегі бір дәурені өтіп, енді жаңа кезеңге аттағалы тұрған тұлға ретінде байқалады. Бет ашу функциясын алғаш атқарушылар ақындар. Көне таным бойынша, ақын рулар арасында дәнекер қызметін, киелерді жарастыру қызметін атқарған. Демек, олар жоғарғы дүние мен адамдар дүниесінің байланысшы көпірі.
Бет жабу тірілерге тән жоралғы емес. Өлі адамның ғана беті жабылады. Бұл рәсім басқа халықтардың фольклорынан да берік орын алған. Сондай көне жұрттың бірі – Америка үндістері. Сонымен, келіннің бетін жабу жасанды өлімнің ишарасы. Қанша ғасыр беделінде елеп, екшеп, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолдану арқылы, осы ырымның түбінде тылсым негіз барына әбден сенгеннен кейін ғана оны тұтынған деп ойлауға болады [4, 9].
Көр шымылдық көтерші, көрсін әкем, Көзінің жасын көл қылып төксін әкем. Көзінің жасын көл етіп төге салып, «Міндетімнен құтылдым», — десін әкем, – дейтін сыңсудағы көр шымылдық осы жоралғының айғағы іспеттес. Қазақ жасанды өлім арқылы тазартылған келіннің қадамы құт әкеледі деп сенген. Салт бойынша, қыз өз әулетінде өліп, жаңа елінде басқа сапада қайта тірілуі тиіс. Өйткені әрбір ру – жеке космос, әлем. Демек, келін бір космос-дүниеде өліп, тазарып, келесі космос-дүниеде тірілуі керек. Міне, біз сөз етіп отырған бет ашу салты сол қайта тірілту процесін символдайтын рәсімдік көрініс. Беташардағы сәлем салу реті әруақтар дүниесі мен тірілерді келінмен таныстыру мақсатында айтылады.
Есіктің алды ошаған, Ұстатпайды қашаған. Жат елге кетіп барамын, Жібермеші босағам» (Сыңсу). Сыңсу – ұзатылатын қыздың туып-өскен жерімен, ауыл-аймақ, ағайын-туыстарымен, ата-ана, апа-жеңгелерімен, қала берді құрбы-құрдастарымен арыздасып, қоштасып, танысуы. «Қазақтың сыңсуын башқұрлар – сеңләу, татарлар – чеңләу, кейде қыз жылату дейді.
Сыңсу сөзінің түбірі сық – түркі тілдеріне ортақ көне түбір. Мысалы, Махмұт Қашқаридың сөздігінде ol anь sьxtatь // ol anь yьglattь – ол оны жылатты [МҚ ІІ: 232, 235], қазіргі хакас тілінде ылғахчы // сыхтахчы – жылаңқы, ылғаааны // сыхааны // сыыт – жылау, ылғапчатқан // сыхтапчатқан – жылаушы, алтай тілінде сыт // сыыт // сығыт // сықта – жылау, еңіреу т.б. [ҚТҚЭС: 179].
Көне түркі жазба ескерткіштерінде йығла, сығта сөздері «жылау, еңіреу» мағыналарына ие болған. Сықта сөзі қазіргі кезде ұйғыр, алтай, телеуіт, сағай, чулым, шор т.б. түркі тілдерінде жиі айтылып, мағынасы «жылау, еңіреу» қалпында сақталған. Сөйтіп сығ сөзі < сы < сың қалпына жетіп, оған етістік тудыратын –сы және тұйық етістіктің –у жұрнағы қосылып, сыңсу сөзі жасалған. Сыңсу мен жоқтаудың ұқсас сипаттары қазақтың отбасылық ғұрыптарының ерекшелігін, халықтың дүниетанымынан хабар береді.
Халық шығармашылығында табалдырық – босаға – маңдайша – бүтіннің орнына жүретін есіктің бөлшектері. Оның ішінде көбірек қолданылатыны – босаға. Ғұрыптық дүниетанымнан фольклорға ауысқан бұл ұғым отбасылық ғұрып поэзиясында, әсіресе, қыздың қоштасуында тұрақты формулаға айналған. Босаға – екі дүниенің шегі, кез келген дүниенің кіріп-шығатын есігі, әр нәрсенің аузы деген ауыспалы ұғымға көшкен. Жалпы есік пен босаға сыртқы әлемнен қорғаныш, ішкі берекелік пен тыныштықты сақтаушы ретінде танылады. Жын-шайтаннан, ішкі әлемді сыртқы әлемнен, өзін өзгеден сақтар қорғауыш қызметін атқарар босағаға байланысты түрлі тыйымдар бар екені де белгілі. Босаға сөзі қазақ тілінде бірнеше мағынада қолданылады: 1) есіктің жақтауы; 2) үйдің төрге қарама-қарсы есік жағы; 3) ауыс мағынада үй, отбасы, табалдырық [ҚТТС ІІ: 381].
Қыздың «босаға аттау» рәсімінде үлкен дәстүрлік сыр жатады. Күйеу ұрын бару, жасау, қалың беру тағы басқа рәсімдерді бастан кешіреді. Қыз соның бәрінен сүрінбей өтіп, ақ босағаны аттайды. Ақ босағаны аттауды «киелі» деп көреді. Сондай-ақ, босаға майлау ырымы да бар. Жастар жеке отау құрғанда немесе біреу жаңа үй алғанда, жақын-жуықтары келіп, жаңа үй босағасына май жағады. Бұл осы үй «берекелі, майдай жұғымды болсын» деген ұғымды білдіреді. Сонымен, босаға атауының мифтік, символдық мағыналары – «ішкі кеңістік пен сыртқы кеңістікті», «ішкі шеңбер мен сыртқы шеңберді», «ішкі әлем мен сыртқы әлемді» бөліп жатқан шегара.
Алтаистикада босаға сөзінің этимологиясы жайында қалыптасқан мынадай пікірлер бар. Г.Рамстедтің пікірінше, босаға атауының түбірі – бас. Яғни босаға мен басқыш атауларын байланыстыра отырып, моңғ: bas+u< basu «ренжіту, ұрысу, төмендету» және татарша basqic (баспалдақ) сөздерін салыстырады. Ал, Егоров босаға атауының моңғол тіліне қатысты екенін қолдайтын пікірлер ұсынады. Босаға сөзінің моңғол тіліндегі нұсқасы – босго.
Киіз үйге қатысты лексиканы зерттеген Ока Ардақ түркологтардың босаға төңірегіндегі пікірлерін сараптай отырып, босаға сөзінің этимологиясы әлі анық емес деген пікір айтады. «Қазақтар түсінігінде босаға – есіктің екі жағындағы жақтауы. Моңғол тілінде босгох – тік тұрғызу дегенге нұсқайды. Сөз түбірі босо, осыған қазақ тіліне тән –ға жұрнағы қосылып, босаға сөзі пайда болған», — дейді Ә.Нұрмағамбетов [5, 23]. Егер маңдайша мен табалдырықты ұстап тұратын ағаштың көлбеп жатпай, тік қалпында тұруын ескерсек, бұл болжамның дұрыс екеніне көз жеткізуге болады.
Жылда-жылда боғжама Бояушы едім, жар-жар-ау, Бір міндеттен құтылдым, Десін шешең, жар-жар-ау (жар-жар).
Осы жар-жардағы боғжама сөзі «қыз жасауы салынатын тең» деген мағынаны білдіреді. Э.Севортян боғжама сөзін көне түркілік боғ сөзінен өрбітіп, оған -а және -мақ жүрнақтарының қосылуымен жасалған «байлау» мағыналы етістік екенін көрсетеді. Көне түркі ескерткіштерінде ба/бағ; бағла / байлау. В.В.Радлов бокша [Кir] мъшокъ, которого женщины кладуть себъ на съдло – дейді [РСл ІҮ: 1647]. Боғу – түйін, буын [РСл], қазақ, қарақалпақ, башқұрт, өзбек сияқты тілдерде бау, боғ «байлам, егінді, пішенді баулап байлау» дегенді білдіреді. Ал Л.З.Будагов сөздігінде: Боқша – сверток для платья (род шерстяного чемодана) деп сипатталады [БСл І: 455]. Парсыша-қазақша сөздікте жаме – киім [ПҚжҚПС, 220]. Академик Ә.Қайдаров бұл сөздің І компонентін монғол тіліндегі «қоржын» мағынасын білдіретін богц сөзімен байланыстырады, ал екінші компонентін парсы тілінің «киім-кешек» мағынасын білдіретін жама сөзімен байланыстырып, «қыз жасауы» деген мағынаны білдіреді» дейді [6, 117]. Сонымен бірге моңғол тілінде бог сөзімен түбірлес «Қалың мал, яғни күйеу жағынан қыз жағына беруге келіскен мал», «дүние» мағынасын білдіретін богт сөзі де кездеседі. М.Жүсіптің тілдік мұрасын зерттеген А.Тұрышев былай дейді: «Боқ+жайма екі сөздің қосындысынан жасалған сөз сияқты» [7, 94]. Деректер негізінде «түйін» мағынасын білдіретін боғу, «қоржын» мағынасындағы богц, «қалың мал» мағынасын білдіретін богт, «түйіншек, пакет» мағынасындағы боқша, «қыз жасауы» мағынасын білдіретін богажама сөздері – бәрі бог түбірінен пайда болған деп айтуға болады. Сонымен, үйлену, қыз ұзату ғұрыптарына байланысты өлеңдерде осы қарастырылғандар тәрізді идиоэтникалық бірліктер бірқыдыру. Олар диссертацияда толығырақ талданды. Этнографиялық, мифоғұрыптық деректер арқылы сакральды мазмұнды сөздердің астарлы мағыналары онда жан-жақты зерттелді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *