Білім беру саласы: Қатынас. Денсаулық.
Бөлімі: Тіл дамыту.
Тақырыбы: Ажарлы қыс.
Мақсаты: «Ажарлы қыс» үлгі суреті бойынша әңгіме құрауға үйрету. «Сөз», «Сөйлем» деген не екенін түсіндіру; Әртүрлі ойын арқылы балалардың қимыл-қозғалысын дамыту; балаларды бірігіп ойнауға, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Қолданылатын көрнекі құралдар: үлгі сурет, жұмыс дәптері.
Сөздік жұмыс: ажарлы.
Билингвальды компонент: шана – сани, шаңғы – лыжи, ақ мамық – белый пушистый, аққала – снеговик.
— Балалар, мен өлең оқып берейін, сендер өлеңнің қай мезгілге арналғанын айтыңдар.
Айналамда ұшып жүр,
Ақ мамық қар себелеп.
Қалт-құлт еткен бейне бір,
Ақ қанатты көбелек
(З.Шүкіров)
— Өлеңде не туралы айтылған екен?
Балалар ынта қойып, қыс мезгіліне арналған өлең екенін айтады.
— Қар туралы.
— Қыс мезгілінде неше ай бар?
— Қыс мезгілінде үш ай бар : желтоқсан, қаңтар, ақпан.
— Қыс мезгілі ұнай ма, несімен ұнайды?
— Қыс мезгілі бізге ұнайды. Сырғанақ тебеміз, аққала жасаймыз, коньки тебеміз, бәрінен де Жаңа жыл мерекесін күтеміз.
Демонстрациялық құралмен жұмыс
— Мына суретке қарап әңгіме құрайық. Суретке қарап көргендеріңді өз қиялдарыңмен толықтырып, әңгіме құрап көріңдер.
— Суретке мұқият қарап, тақырып қойыңдар. Сендер суретте шанамен сырғанап жүрген балаларды, коньки теуіп жүрген баланы көріп отырсыңдар, балаларға ат қоя отырып әңгіме құраңдар. Бұл суреттің тақырыбын сендер қалай деп атайтын едіңдер.
Балалар өз ойларын айтады. (Қыс қызығы, Қысқы серуен, Қыстағы ойындар, Достармен бірге, Қыс тамашасы. т.б.)
-Иә, дұрыс айтасыңдар. Сендердің ойларыңды қорыта келе, бұл суреттің тақырыбын «Ажарлы қыс» десек қайтеді, келісесіңдер ме?
— Иә, келісеміз.
— Балалар, «ажарлы» сөзі «көрікті, әсем, тамаша, сұлу» деген мағынаны білдіреді.
— Енді өздерің осы ажарлы қыс мезгіліне өз қиялдарыңмен әңгіме құраңдар.
Балалар әңгіме құрайды: Далада қар жауып тұр. Күн суық, аяз. Ағаш бұтақтарын қалың қар басқан. Балалар аулада ойнап жүр. Біреулері коньки теуіп, біреулері шанамен сырғанап, ал біреулері қарға су әкеліп құйып жатыр. Жиналған бір топ бала аққала жасап қойыпты. Бәрі де көңілді. Өздерінің жасаған жұмыстарына мәз – мейрам. Міне, қандай қыс мезгілі.
Тәрбиеші қол көтеріп, әңгіме құрауға қызығушылық танытқан балалардың бәрінің ойын тыңдайды. Жақсы әңгіме құраған баланы мақтайды.
— Балалар, сендер Құраған әңгімелерің маған ұнады, өздеріңе де ұнады ма?
— Әрине ұнады, қызықты болды.
Сергіту сәті:
(Сергіту жаттығуын К.Нүсіпбековтің «Суретші қыс» өлеңімен жасатуға болады.»
Қонақтайды бақтарға,
Ақ көбелек, ақ мамық.
Аунап таза ақ қарға.
Балалар жүр мақтанып.
Тазартып бар кір, шаңнан,
Қыс өнерін бастады.
Терезеге қыраудан,
Сурет салып тастады.
Билингвальды компонент: шана – сани, шаңғы – лыжи, ақ мамық – белый пушистый, аққала – снеговик.
Балалар қайталайды.
— Балалар, сендер құраған әңгімелерің сөйлемнен тұрады, ал сөйлем сөзден құралады.
— Балалар, сөз дегеніміз – айтылатын бір ой. Егер сен «қыс», «қар», «шаңғы» деген сөздерді ойлап айтсаң, сол сөзді өрбітіп сөйлем құрауға болады.
Сөйлем – дегенімізтиянақты жинақталған бір ой. Сөйлемдер сұраулы сөйлем, хабарлы сөйлем, лепті сөйлем болып бөлінеді.Әр сөйлемнің өзінің тыныс белгілері бар. Хабарлы сөйлемнен соң нүкте қойылады. Қуанышты көңіл күйді білдіретін сөздерге леп белгісі қойылады, сұраулы сөйлемнен кейін сұрақ белгісі қойылады.
Мысалы, «Алақай! Алақай!» деген сөйлемнен соң қандай белгі қойылады?
— Леп белгісі.
— «Қайдан келдің?» деген сөйлемнен соң қандай белгі қойылады?
— Сұрақ белгісі қойылады.
— Енді біз сөз, сөйлем деген не екенін білеміз.
«Айырмашылығын тап!» дидактикалық ойыны:
Ойын шарты: екі аққаланың суреті беріледі. Суретке қарап аққалалардың айырмашылығын табу керек.
Жеке жұмыс жүргізеді.
Балалар сурет бойынша аққаланың айырмашылығын тауып береді.
Дәптермен жұмыс. Дәптердегі № 5 тапсырма орындалады.
Жеке жұмыс жүргізеді.
Балалар тапсырманы орындайды.
Жаңылтпаш қайталату.
Жапалақтап, қаптап ақ қар жауды.
Алқапты аппақ ақ қар жапты.
Балалар тәрбиешімен бірге қайталайды.
— Балалар, қыс қыс мезгілінің қандай ерекшеліктері бар?
— Қар жауады, күн суытады, бірақ біздер қызықты ойындар ойнаймыз.
— Біз бүгін қандай тақырыпқа сөйлем құрадық?
— «Ажары қыс» тақырыбына.
— Қандай сөйлем түрлерімен таныстыңдар?
— Хабарлы, сұраулы, лепті сөйлем түрлерімен таныстық.
Тәрбиеші оқу іс-әрекетінде белсенділік танытқан балаларды мадақтап бағалайды.
Күтілетін нәтиже:
Орындайды: Берілген суретке тақырып қойып, әңгіме құрауды.
Түсінеді: сөйлем түрлерін, сөз бен сөйлемнің айырмашылығын.
Қолданады: айырмашылықтарын таба білу дағдыларын.