Әнес Нарымбайұлы Нарымбетов 1930 жылы 25 мамырда Қызылорда облысы, Қазалы ауданының №6 ауылында, қазіргі «Өркендеу» ауылында дүниеге келген. Әнес Нарымбетовтың балалық шағы екінші дүние жүзілік соғыспен тұспа-тұс келіп, 1943 жылы әкесінен айырылғаннан кейін колхоз жұмысына араласқан. Жастайынан ауылдағы еңбекке белсене араласып, колхозшы болып, арба айдап, бидай, күріш егіп жүрген жастың жүрегінде өлең деген алып күш қайнап жатқан болатын. Алғашқы өлеңдерін 1946 жылдан бастап жаза бастаған.Қайсар мінезді ақын әуелгі еңбек жолын 1951 жылы Қазалы автобазасында жүргізушіліктен бастаған. 1954-1959 жылдарда Бірліктегі МТС-те, 1959-1960 жылдары « Бөзкөл» елді мекенінде жұмыс істеп, еліне елеулі үлесін қосты. Бұдан кейінгі жылдары яғни, 1964-1969 жылдары аудандық ДОСААФ комитетінде оқытушы, 1969-1984 жылдары Қазалы автобазасында жолаушылар таситын жүргізуші болып жұмыс істеп, талай жолаушылардың алғысына бөленген. 1984 жылы аудандық жолаушылар автоколоннасы, жолаушылар автотранспорт кәсіпорыны болып өзгергенде де 35 жыл бойы үздіксіз жүргізуші болып еңбек еткен. 1986 жылы еңбекке жарамсыздығына байланысты зейнеткерлікке шыққанға дейін бірғана кәсіптің айналасында бір салада жұмыс жасап жүріп, қолынан қаламы түспей, қаламын жан серігі етті.Әнес нарымбетов өмірде бір қалыпты, тұрақтылықты сүйетін жан еді. Зайыбы Бағила екеуі 3 бала тәрбиелеп өсіріп, 6 немерелі болды. Балаларын адал еңбек ететін, шыншыл азамат етіп өсіре білді. Қазір балалары Қазақстанның өсіп өркендеуіне үлес қосып, әр салада абыройлы жұмыс атқарып жүр.Әнес Нарымбайұлы Нарымбетов жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында өзінің ерекше табиғи дарынымен қасиетті Қазалы топырағында жасында жарқылдап өткен талант иесі. Орта білімімен-ақ дипломды ақындардың өресі жете бермейтін биікке көтерілген Ә. Нарымбетов поэзиясы тұнып тұрған патриоттық сезімге толы. Ол өзінің туған жерін, елін, ақындық жүрегімен сүйіп, оны өз өлеңдері арқылы оқырмандарына әдемі жеткізе білді.Ақын Қаржаубаева Алмагүл Әнес Нарымбетов туралы былай дейді: «Өзі қандай турашыл, табанды болса жырларынанда сондай жігер мен қайраттың лебі есіп тұратын. Жалғандаққа жаны қас, шындықты пір тұтатын тұлғалы ақын» еді,- дейді.Жазушы Әлмәмбет Әлішов: «Жүрегі елім, халқым деп соққан аяулы азаматтың еліне сіңірген еңбегі ескеріліп, Ақиық ақынды ұлықтайық,-деп ұсыныс жасауының өзі ақынның кісілік келбетін көрсетеді.Әнес Нарымбетов еңбек майданынан қол үзбей жүріп,1979 жылы «Қармақ»,1982 жылы «Әупілдек»,1986 жылы «Сапар сазы»,1990 жылы «Қызғыш құс», «Қарлығаштар» атты жыр жинақтарын шығарды.
Жарлының шапаны
Ерте, ерте, ерте ертеде…
Ертегі сыр шертеді.
Шалқыған бір шаһардың
Дулы базар көркі еді.
Алмаса да, алса да
Базар ортақ баршаға
Сұрау салып,
Жоқ іздеп
Жүрген адам қаншама?!
Келсе біреу сән үшін,
Келтіре алмай мәнісін:
Біреулер жүр сенделіп,
Бала-шаға қамы үшін.
Біреу теуіп құландай,
Бірі арбақ жыландай.
Ұту үшін
Қиянат.
Жасайды жұрт ұялмай.
Сонда да өмір қызық-ақ,
Қызды базар құжынап,
Қолға қауып тер иісі,
Күн де кетті шыжып-ақ.
Мінді базар күшіне
Тұмсық батпас ішіне
Өз ісімен өзі әркім,
Басқа жұрпен ісі не?
-Балаңа ал, -деп,-базарлық,-
Жүр бұхарлық, қазарлық.
Біреулердің әп-сәтте
Қалтасы да тазарды.
Қан базарда қаптаған
Құрттай қайнап жатты адам.
Елден елге базаршы
Бойы еді сол тоқтаған.
Кіруі топқа ол-дағы
Оны-мұны алғалы.
Шапанынан айырылып,
Жарлы кенет зарлады.
Тұрды жарлы қапалы,
Таптырсын ба шапаны?!
Зарлай-зарлай
Базаршы
Түрлі ойға батады.
Таптырмасын білгесін
Іздей берсін құр несін?
Аздан кейін базаршы
Жинап алып тұрды есін.
-Ойнап алсын, шын алсын,
Баукеспе алсын, кім алсын.
Шапанымды берсе әкеп,
Кешіремін кінәсін.
Егер іздеп келмесе,
Шапанды әкеп бермесе,
Істегенін әкемнің
Мен де істеймін ендеше!
Әкеп берсе кінәлі
Мен де сөзде тұрамын.
Ал әкеп бермесе,
Айтқанынды қыламын!-
Деп жұртқа жар салыпты,
Бұл жайға жұрт қаныпты.
Бұны естіген ұры да
Ұйқысынан қалыпты.
«Бар шығар бір бәлесі»,-
Деп қалмады зәресі.
Жолаушыны тауып ал,
Сәске түсте келесі:
-Шапаныңды әкелдім,
Не қылсаң да көтердім.
Істей көрме өтінем
Істегенін әкеңнің,-
Деді ұры жалынып,
Зар иледі жабығып.
Қуанышты жолаушы,
Жоғалғаны табылып.
-Басыңды иіп келгесін,
Шапанынды әкеп бергесін.
Істегенін әкемнің
Қайталаймын мен несін?
-Айып болса кеш мені,
Түбінде жұрт не істеді.
Айтшы, әкең шынында,-
Деді ұры: не істееді?
-Жастау кезім, баламын:
«Базарына қаланың
ала кет,-деп жабыстым,-
Әке, мен де барамын».
Қиналса да қимады,
Сөзімді әкем сыйлады.
Қозы шалым ырымға,
Ауыл-үйді жинады.
Базарға кеп ертесін
Сатты жалғыз серкесін
Жеміске бір тойғызып,
Мен секілді еркесін.
Алдық жүзім,
Алманы,
Жиде-дағы қалмады,
Мәз боп келем
Өрікке
Толтырып ап қалтаны.
Мен мәз болып тұрғанмын,
Әкем тағы құрма алды.
Сол арада кенеттен
Шапаны оның ұрланды.
…Сол сапардың шатағы
Жаныма әлі батады.
Бар байлығы жарлының-
Бір киетін шапаны.
Қайдан іздеп табасын.
Қажыды әкем, шамасы.
Аз-мұз қалған ақшаға
Алып киді жаңасын.
…Рас қапы болғаным,
Өзің мені қорғадың.
Міне, сенің арқаңда
Шапан сатып алмадым!…
Әнес Нарымбетов халқының сүйікті ақыны болумен қатар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап келе жатқан жас талант иелерінің шын жанашыры, ақылман ағасы бола білді. Киелі Қазалы өңірінде 20 ғасырдың соңына таман қолына қалам ұстаған таланттардың Ә.Нарымбетов мектебінен өткендері аз емес. Ақынан бата алған Д.Қаласқызы, Э.Ержанова Ж. Қожақова, Н. Саниязова, К.Көбекова тәрізді жас буын ақындарымыз бұл күндері түрлі мүшәйралардың жеңімпазы атанып жүр. Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Алмагүл Қаржаубаеваның да пір тұтар ұстазы болған.Ақын Қаржаубаева Алмагүл Әнес Нарымбетов туралы былай дейді: «Өзі қандай турашыл, табанды болса жырларынанда сондай жігер мен қайраттың лебі есіп тұратын. Жалғандаққа жаны қас, шындықты пір тұтатын тұлғалы ақын» еді,- дейді.Жазушы Әлмәмбет Әлішов: «Жүрегі елім, халқым деп соққан аяулы азаматтың еліне сіңірген еңбегі ескеріліп, Ақиық ақынды ұлықтайық,-деп ұсыныс жасауының өзі ақынның кісілік келбетін көрсетеді.Бұлақ көрсең, көзін аш,- демекші өзінен кейінгілерге дұрыс бағыт-бағдар сілтеп, шын жүрегімен тілекші болған үлкен жүректі ақынды еске алмай, елеусіз қалдырудың өзі киянат болар. Қызылорда облысының әкімі Болатбек Баянұлы Қуандыковтың демеушілік жасауымен 2009 жылы «Сырдария» кітапхансы сериясымен 200 томдық кітап жарық көрді. Соның ішінде Әнес Нарымбетовтың «Туған жер» атты бірнеше өлең жинағы жарық көрді. Бала тәрбиесіне мән беріп, өзінен кейінгі ұрпақтарды адамгершілікке, патриотизмге тәрбиелеген жалында жырларының төккен тер еңбектерінің арқасында 1994 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі болып қабылданды. 1996 жылы 28 маусым Алматыда өткен Қазақстан Жазушыларының XI сьезінің делегаты болды. Сонымен қатар Әнес Нарымбетов Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылы 21 наурыздағы жарлығы бойынша «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 50 жылдығы» мерекелік медалымен награтталды. 2000 жылдың 13 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің хаттамасына сәйкес «Мәдиниетті қолдау жылы» аясында Қазалы ауданы әкімінің шешімімен Қазалы ауданының құрметті азаматы деген атаққа ие болған. Халық депутаттары Қызылорда облыстық кеңесінің президиумы атынан «Алғыс хатпен» және Қазалы ауданы әкімінің, Қазалы қаласының әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған. Арқалы ақын Әнес Нарымбетов 2003 жылы 1 тамызда дүниеден озды. Қазалы қаласының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан кейінгі ұрпаққа жолы өнеге ақынды мәңгі есте сақтау үшін көпшілік қауымының, Қазалы ардагерлер кеңесінің сұранысымен, Қазалы қаласындағы «Бостандық» көшесіне ақын Әнес Нарымбетов есімі берілді.