Адамға әсер ететін қоршаған орта факторларының бірі –топырақ. Топырақ – жер қыртысының борпылдақ жоғарғы қабаты, ол минералды, органикалық, органикалық — минералды қосылыстардан және микроорганизмдердің көп мөлшерінен тұрады. Қоршаған ортаның бір элементі ретінде топырақ адамның денсаулығына және санитарлық жағдайына үлкен әсер етеді.
Жер асты суының құрамы, сапасы және оның тереңдігі топырақтың физикалық — химиялық қасиетіне байланысты болады.
Топырақты құрайтын бөлшектер әр түрлі болады, 2 – 3 мм- ден басталып 0,01-0,001мм-ге дейін. Топырақты құрайтын бөлшектеріне байланысты топырақ түрі анықталады. Құмды топырақтың 90% -дан астамы құмнан тұрады, батпақты топырақтың 50% -дан астамы батпақтан тұрады. Органикалық заттарға бай топырақтар да болады, оны торфты топырақ дейді. Топырақтың түрі ол жерден үй және басқа да бір ғимараттар салуға жер таңдағанда маңызды рөл атқарады.
Топырақты құрайтын бөлшектердің көлемі топырақтың борпылдақтығы деп аталады. Топырақ бөлшектері ірі болса, борпылдақтығының көлемі аз болады. Бөлшектер арасында ауа болады, егер топырақ бөлшектері арасынан ауа, су жақсы өтсе, ол топыраққа түскен қалдықтар, яғни органикалық заттар ыдырайды, топырақтың құрамында аэробты биохимиялық процестің жақсы жүруіне әсер етеді.
Ірі құмды топырақ суды және ауаны жақсы өткізеді, арасында ауа жақсы өтетін болғандықтан ол топырақ кебу болады, ол топырақта ауа алмасу жақсы жүреді. Мұндай топырақтың гигиеналық маңызы зор, ол жерде үй және басқа да ғимараттар салуға ыңғайлы.
Топырақтың тағы бір көрсеткіші — ол топырақтың ылғалдылығы, яғни белгілі бір мөлшердегі топырақтың құрамындағы судың мөлшерін анықтау. Борпылдақтығы аз топырақта судың көп мөлшері ұсталып қалады.
Белгілі бір аймақтың топырағының құрамында жеке бір химиялық элемент шамадан тыс көп немесе шамадан тыс аз болған жағдайда ол жерді биогеохимиялық провинция деп атайды. Ол туралы су және сумен қамту тарауында толық жазылған.
Тәжірибеде кеңінен қолданылатын топырақтың маңызды қасиетінің бірі ол өзін-өзі тазалау қасиеті. Топыраққа түскен қатты және сұйық қалдықтар органикалық заттарға бай болады, сонымен қатар олардың құрамында жұқпалы ауру қоздырғыштары мен гельминт жұмыртқалары да көп болады. Егер елдімекенді тазарту дұрыс ұйымдастырылмаған болса, ол жердің топырағы ластанады. Топырақтың құрамына органикалық заттардың көп мөлшерде түсуі оларда шіру процесінің белсенді жүруіне, соның салдарынан ауаны ластайтын жағымсыз иістің шығуына әкеліп соғады. Топырақтың құрамына түскен патогенді микроорганизмдер жер бетіне жақын жатқан жер асты суларын, өсімдіктерді ластайды және шыбындар, кеміргіштер және топырақ шаңы арқылы жан жаққа таралады. Қазіргі ғылыми – техниканың, химия мен атомдық энергетиканың дамуына байланысты топырақтың зиянды химиялық заттармен және радиоактивті заттармен ластану қаупі артып отыр. Топырақты атмосфералық ауадан тұнатын зиянды заттар, қатты қалдықтар, суландыру алаңдарына және сүзу алаңдарына зиянсыздандыру үшін жіберілген өндірістен шығарылған қалдық сулар ластайды. Топырақты ластайтындардың ішінде қауіптісі болып, ауылшаруашылығында кеңінен қолданылатын, қоршаған орта факторларының әсеріне төзімді – пестицидтер саналады. Олар ыдырамайды және ұзақ уақыт топырақта жиналып, жер асты суларын ластайды және өсімдіктерге өтеді, одан ары қарай тағамдық тізбек арқылы: ет, сүт, көкөністермен, сумен адамның ағзасына түседі. Жоғарыда айтылғандардан басқа химиялық ластану топырақта жүретін биологиялық процестерге де теріс әсерін тигізеді, көкөністердің органолептикалық қасиеттеріне және оның құрамына да теріс әсерін тигізуі мүмкін.
Топырақ арқылы жұқпалы аурулар мен инвазиялы аурулардың таралуының алдын алу елдімекенді тазалауды дұрыс ұйымдастыру болып табылады. Ол қатты және сұйық қалдықтарды жинау және әкету, канализация орнату, көгалдандыру, көшелерді үнемі жуу, тазалау.
Елді мекендердің санитарлық маңызы үш негізгі тұрғыдан анықталады: эпидемиологиялық, гигиеналық және биогеохимиялық. Топырақтың эпидемиологиялық маңызы: вегетативті және спора түріндегі патогенді бактериялар мен вирустардың өмір сүру қабілетттілігімен, топырақтың гельминттер дамуының аралық тізбегі ретіндегі рөлімен және топырақтың шыбындардың таралуындағы рөлімен анықталады.
Топырақтың гигиеналық маңызы: топырақтың адам ағзасында жұқпалы емес патологияның дамуына әсерімен, топырақтың өзін-өзі тазарту мүмкіндігімен, ағынды суларды тазарту әдістері мен тұрмыстық қалдықтарды жоюмен, ластанған топырақтың өсімдік өнімдерінің сапасына әсерімен, топырақтың атмосфералық ауаның құрамындағы химиялық заттармен екіншілік ластануына әсерімен анықталады. Топырақтың биогеохимиялық рөлі мемлекеттің, облыстың, ауданның аймақтарында биогеохимиялық провинциялардың (табиғи және техногенді) болуымен анықталады.
Жоғарыда аталған үш позицияның ішінде топырақтың эпидемиологиялық маңызының тәжірибелік рөлі бірінші орында тұрады.
Топырақтың химиялық ластануы. Адам ағзасында Д.И.Менделеевтің периодтық кестесінің барлық элементтері кездеседі деп есептелінеді, бірақ қазіргі күні биологиялық рөлі көп жағдайда жұмбақ болып отыр. Адам үшін аса қажетті элементтер биологиялық белсенді заттар немесе биотиктер деп аталады. Оларға темір, мыс, мырыш, кобальт, йод және басқа да элементтер жатады. Химиялық элементтер адам ағзасында шекті деңгейге дейін болуы қажет, өйткені олардың артық немесе кем мөлшері патологиялық өзгерістер тудырады.
Топырақтың химиялық құрамы әр түрлі болуы мүмкін. Топырақ өндірістік мекемелерден шығатын химиялық заттармен ластануы мүмкін. Ондай заттарға шектеулі рұқсат етілген концентрация (ШРЕК) анықталады. ШРЕК – ол адам денсаулығына теріс әсерін тигізбейтін, химиялық заттардың мөлшері. Топырақ құрамында химиялық заттар өте көп мөлшерде болады. Мұны екі түрлі көзқараспен анықтауға болады. Олардың біріншісі –топырақтың құрамындағы заттар органикалық заттардың көмегімен минералды заттарға айналады, яғни топырақта жүретін өзін — өзі тазалау процесіне жақсы әсер етеді, олар сапрофитті бактериялар, олардың 1 гр топырақтағы мөлшері миллионға дейін жетеді. Олар органикалық заттарды ыдыратады да ақуыз, май, көмірсуды өзінің бойына сіңіреді.
Екінші түрі – топырақты тұрмыстық қалдықтардың құрамында патогенді микроорганизмдер ластайды, олар топырақтың эпидемиологиялық маңызын анықтайды. Топырақтың құрамына түскен спорақұрайтын микробтар: ботулизм, сібір күйдіргісі, сіреспе қоздырғыштары көптеген жылдар бойы сақталады. Топырақ ішекқұрт инфекцияларын таратуда үлкен рөл атқарады, әсіресе геогельминттер таратуда. Геогельминттер — өмір сүру кезеңінің кейбір циклі топырақта жүретін гельминттер. Оларға бөсір (аскарида) власоглав, үшкір құрт (острица) жатады. Бұл гельминттердің жұмыртқалары нәжіс арқылы топыраққа түседі, одан шыбындардың көмегімен тамақ тағамдарына тасымалданады. Күн көзі тіке түсетін топырақтың жоғарғы қабатындағы аскарида жұмыртқалары ультракүлгін сәулелерінің әсерінен, жоғары температураның әсерінен өледі, кейбіреулері кеуіп кетеді.
Топырақтың құрамындағы органикалық заттар ыдырағаннан кейін, микробты синтез нәтижесінде топырақта гумус – қара шірік пайда болады, ол жақсы тыңайтқыш болып саналады.
Топырақта жүретін өзін -өзі тазалау процесін күшейту үшін, топырақты аударып тұру керек.
Санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау мекемелерінің алдына қойған мақсаты топырақты санитарлық қорғау.